Жуырда алматылық кардиохирургтер сирек кездесетін кеселмен туған 4 жасар қызға күрделі операция жасады. Бұл операция Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асты.
Айта кету керек, кішкентай пациент туабітті жүрек кемістігімен дүниеге келгендіктен, туған кезінде бірден қос қолқа доғасына операция жасалған екен. Бұл жолы қала дәрігерлері 4 жастағы науқас сирек кездесетін Лобри-Пецци синдромына шалдыққандықтан, екінші рет хирургиялық операция жасауға шешім қабылдады. Лобри-Пецци синдромы деп отырғанымыз – қарыншалық перде ақауының аорта қақпақшасының жеткіліксіздігімен үйлескен туабітті жүрек кемістігі. «Операция кезінде жүректің көлемі едәуір үлкейіп, кеңейіп кеткені белгілі болды. Операция барысында жүрек тоқтатылып, жасанды қан айналым аппараты пайдаланылды», дейді кардиохирург Абай Сұртай.
Дәрігердің айтуынша, аорта қақпағына жақын орналасқан кемістікті түзету аса қиынға соққан. Дегенмен операция сәтті өтті, бүгінде балдырған бөлімшеге ауыстырылды.
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында МӘМС пакетіне кіретін жоғары технологиялық операциялардың жүрек алмастырудан басқа барлық түрі жасалатынын атап өткен жөн. Жыл басынан бері орталық кардиологтері 100-ден астам операция жасаса, олардың арасында бір жасқа толмаған 55 сәби бар.
Алматыда жаңа туған нәрестелердің өлім-жітімі жоғары болғандықтан, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына тамыз айында қала әкімі Ерболат Досаев арнайы барған болатын. Жыл сайын орталықта 12 мыңнан астам медициналық көмек көрсетіледі, мамандар жоғары қауіптілік санатындағы 9 мыңнан пациентті босандырады. Бұл санатқа салмағы өте аз, туа біткен жүрек ауытқулары мен басқа патологиялары бар балалар жатады. Орталықта балаларды күтетін және орта есеппен жылына 150-200 кардиохирургиялық операция жасайтын білікті кадрлар бар.
Алайда орталықтың қолданыстағы инфрақұрылымы, әсіресе операциялық-реанимациялық бөлімшелері мен емханасы күрделі жөндеу мен жаңғыртуды талап етеді. Операциялық бөлмелерде желдету жүйесі мүлдем істемейді. Жылыту жүйелерін, кәріз құбырларын, шатыр, лифтілерді жөндеу мен ауыстыруға тура келеді.
Қала әкімі Ерболат Досаев қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қаланың құрылыс басқармасымен бірлесіп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу мақсатында осы мәселелерді кешенді шешу үшін қажетті қаражатты қарастыру мен жобалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
АЛМАТЫ