Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBA) өзінің жаңартылған рейтингін жария етті. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Геннадий Головкинге тиесілі.
40 жастағы GGG орта салмақ дәрежесінде дара тұр. Қазақстандық боксшының суперчемпион деген атағы бар. 30 жастағы Айдос Ербосынұлының да қарқыны қуантарлық. Екінші орта салмақта (76,2 кило) бірінші орынды иеленіп отырған ол осыған дейін 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 11 жекпе-жекті нокаутпен аяқтады. Алдағы уақытта Айдостың алтын белбеу үшін таласатыны анық. Әзірге бұл салмақтың суперчемпионы атағы Мексиканың мақтанышы Сауль «Канело» Альвареске тиесілі. Тұрақты әлем чемпионы атағын кубалық Дэвид «Қабылан» Моррель еншілеуде.
Сондай-ақ ТОП-10 боксшының қатарына мына жігіттеріміз еніп отыр: Қамшыбек Қоңқабаев (бірінші ауыр салмақ) – 4, Евгений Павлов (екінші аса жеңіл салмақ) – 6-орын. Жәнібек Әлімханұлы (орта салмақ) – 8, Жан Кособуцкий (аса ауыр салмақ) – 9 және Сұлтан Зәуірбек (екінші жеңіл салмақ) – 10-орындар.