Велошабандоздардың «Вуэльта» көпкүндігі қайта жазық далаға ойысты. 11-кезеңдегі сайыс ЭльПозо Алиментасьон мен Кабо де Гата өңірлері аралығында өтті.
191,2 шақырымдық қашықтықты 5 сағат 03 минут 14 секундта жүріп өткен аустралиялық Кэйден Гровс (Team BikeExchange-Jayco) бірінші орынды иеленсе, одан сәл ғана қалып қойған нидерландық Данни ван Поппель (BORA-hansgrohe) екінші сатыға жайғасты. Бельгиялық Тим Мерлир (Alpecin-Deceuninck) мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. «Астананың» сапындағы Евгений Федоров 13-орынды қанағат тұтты.
Жалпы есепте Бельгияның беткеұстары Ремко Эвенепул (Quick-Step Alpha Vinyl Team) әлі де шашасына шаң жұқтыратын емес. Оның уақыты – 39:39:04. Словенияның саңлағы Примож Роглич (Jumbo-Visma) екінші орында. Испаниялық Энрик Мас (Movistar Team) үшінші сатыға табан тіреп тұр. Қазақстандық клубтың үздігі Мигель Анхель Лопес жетінші орынға көтерілді.