Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінің екінші кезеңінде қазақстандық теннисші Александр Бублик Испанияның өкілі Пабло Карреньо Бустамен күш сынасты.
31 жастағы Пабло Карреньо АТР турнирлерін жеті мәрте ұтып, 2017 және 2020 жылдары дәл осы жарыстың жартылай финалында өнер көрсетті. Ролан Гарростың ширек финалына дейін жетіп, биыл Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңінде сүрінді. Былтыр Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальды қоржынға салды. Кезінде US Open додасының жұптық сайысының финалында өнер көрсетті. Қазіргі кезде Буста әлемдік рейтингте 14-орынды иеленуде. Бұл ойыншының жолы Бубликпен үш мәрте қиысып, сол бәсекелердің барлығында испаниялық ойыншы жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанды. Екі теннисші бір-бірімен үш сағат бойы айқасты. Нәтижесінде, Пиреней түбегі өкілінің мерейі үстем болды. Есеп – 4:6, 6:4, 6:3, 7:6.
Биылғы АҚШ-тың ашық біріншілігі тосын нәтижелерге толы болайын деп тұр. Бұған дейін біз румыниялық Симона Халеп, ресейлік Дарья Касаткина, грекиялық Стефанос Циципас сынды саңлақтар тұсаукесер кездесулерінде сүрінгені жайында жаздық. Іле-шала Эмма Радукану да жеңілістің кермек дәмін татты. Былтыр US Open турнирінде алдына жан салмаған Ұлыбританияның аруы әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған франциялық Ализе Корнеге есе жіберді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, аталған жарыстың жасөспірімдер арасындағы турнирінде Қазақстанның үш бірдей өрені бақ сынайды. Олар – Максим Батютенко, Аружан Сағындықова және Сандуғаш Кенжебаева. Бұл ойыншылардың барлығы да Team Kazakhstan академиясының түлектері. Жас өрендердің додасы 4-10 қыркүйек аралығында өтеді.