Орта салмақта күш сынасып жүрген 29 жастағы Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстан WBO нұсқасы бойынша толыққұқылы әлем чемпионы атанғаны кеше ғана. Соған қарамастан қазірдің өзінде оның иелігіндегі алтын белбеу үшін таласуға ниет білдіріп жатқан жуан жұдырықты жігіттердің қарасы көбейе түсуде. Солардың арасында бразилиялық Эскива Фалькао да бар.
32 жастағы Витория қаласының тумасы әуесқой рингте де елеулі табыстарға қол жеткізді. Ол 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленсе, 2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміске қол созды. Эскива алғашында 81 кило салмақ дәрежесінде сайысқа түссе, одан кейін 75 килоға ауысты. Қап тауының бөктерінде Бразилияның беткеұстары біздің Данабек Сужановты сан соқтырғаны да есімізде. Бір қызығы, жоғарыда аталған жарыстың екеуінде де Фалькао осыдан бірер ай бұрын ғана біздің Геннадий Головкиннен таяқ жеген Жапонияның жұлдызы Рета Муратаға есе жіберді.
Оңтүстік Американың оғланы 2014 жылдан бері кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүр. Сол аралықта бірде-бір рет жеңілген емес. 28 қарсыласының 20-сын нокаутқа жіберді. Міне, дәл сол саңлақ күні кеше ғана Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды. Қазақтың қайсар ұлының да жауабы көп күттірген жоқ. Ол: «Менімен айқасқың келсе, әуелі чемпиондық белбеудің бірін иелен. Содан кейін ғана сөйлесеміз. Сені сыйлаймын, бірақ ешқандай атақ-даңқы жоқ боксшымен жұдырықтасу мені еш қызықтырмайды. Дәл қазір маған керегі – Чарло мен «Канело», деп батыл мәлімдеме жасады.
Жуық арада мексикалық Сауль Альварестің Жәнібекпен жекпе-жекке шыға қоюы екіталай. Өйткені бұл күндері «Канело» 17 қыркүйекте Лас-Вегаста Қазақстанның ең белді боксшысы Геннадий Головкинмен болатын айқасқа қызу даярлануда. Сол кездесуден кейін оның біраз уақыт бойы тынығатыны анық. Ал бұл күндері WBC нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп отырған Джермалл Чарло келісуі әбден мүмкін. Ал ол жайында біз не білеміз?
Джермалл 32 жаста. Ол 1990 жылдың 19 мамырында АҚШ-тың Техас штатына қарасты Ричмонд қаласында дүниеге келді. 18 жасында кәсіпқой боксқа ауысқан дарынды жігіт 2008 жылдың күзінде өзінің алғашқы жекпе-жегін өткізді. Сол кезден бері 32 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлық бәсекеде жеңіске жетті. 22 қарсыласын нокаутқа жіберді. Чарлодан таяқ жегендер арасында Уго Сентено, Антуан Смит, Ленни Боттай, Корнелиус Бандрейдж, Остин Траут, Джулиан Уильямс, Матвей Коробов, Деннис Хоган, Сергей Деревянченко және тағы басқа танымал былғары қолғап шеберлері бар. Соңғы рет Чарло үстіміздегі жылдың 18 маусымында польшалық Мацей Сулейцкиді сан соқтырды. Кезінде ол бірінші орта салмақта IBF нұсқасының теңдессізі деп те танылған еді.
Джермаллдың егізі Джермелл Чарлоның да мықты боксшы екенін жанкүйер жақсы біледі. 15 жасында Жасөспірімдердің дүниежүзілік олимпиадасында қола медаль иеленген ол 2007 жылдың аяғында кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізді. Сол 15 жыл аралығында 37 рет шаршы алаңға көтеріліп, 35 рет жеңіс тойын тойлады. 19 қарсыласын есінен тандырды. Iron Man («Темір адам») деген жанама есімді иеленген Джермелл тек бір рет қана жеңілістің кермек дәмін татты. 2018 жылдың желтоқсан айында өзінің отандасы Тони Харрисонға ұпай санымен есе жіберсе, былтыр жазда аргентиналық Брайан Кастаньомен тең түсті. Қазіргі кезде АҚШ боксшысы бірінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанып отыр. Егер де Джермеллдің салмағы сәл ауырласа, келешекте ол Әлімханұлына қарсылас атануы да әбден мүмкін.
Қазіргі кезде «Жәнібек Әлімханұлы өз атағын қай кезде қорғайды?» деген сауал көпшілікті қызықтыруда. Ол жағын дәл бүгін ешкім дөп басып айта алмайды. Десек те кейбір дерек көздеріне сүйенсек, қандасымыз қараша айында чемпиондық белбеуін қорғау үшін жекпе-жекке шығуы бек мүмкін. Оның қарсыластары ретінде жоғарыда біз сөз еткен Эскива Фалькаодан бөлек, мексикалық Хайме Мунгия мен ұлыбританиялық Крис Юбэнктің де есімдері аталуда. Бұл боксшылардың үшеуі де әлемдік рейтингте алғашқы үштіктің қатарында. Мәселен, келесі айда 26 жасқа толғалы отырған Мунгия осы күнге дейін адам баласынан жеңілген емес. Ол 40 бәсекенің 32-сін мерзімінен бұрын аяқтады. 33 жастағы Юбенк 34 кездесудің тек екеуінде ғана ұтылды. 23 айқаста айқын басымдық танытты. Осылардың қайсысымен жолықса да, қазақтың ұлы намысты қолдан бермейтіні анық. Сол себепті де біз алдағы уақытта Жәнібектің жарқын жеңістеріне талай мәрте куә боламыз-ау деп үміттенеміз.