Түрікменстаннан Керекуге көш келді. Он бір отбасыдан тұратын қандастарымыз Ертіс-Баян өңіріне аман-есен жетіп, осында тұрақтап қалудың қамына кірісті. Атажұртын аңсап жеткен ағайынды жергілікті жұртшылық пойыздан салтанатпен қарсы алып, құрмет-қошеметін көрсетіп, дәм-тұзын ұсынды.
Ұрпағының келешегін атамекенімен байланыстыруды қалаған қандастарымыздың алғашқы тобы әуелі Павлодар қаласына табан тіреп, осы жерде көші-қон қызметі мен жұмыспен қамту органдарының үйлестірумен ауыл-аймақтарға бөлінді. Арқа даласындағы қазақтың құтын арттырып, өңірдің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп келген ағайынға қала-аудандардың атқарушы билік өкілдері бос жұмыс орындары туралы әңгімелеп, жергілікті жердегі баспанамен қамту мүмкіндіктерін ұсынды.
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы өңірлік филиалының жетекшісі Болат Зауыттың айтуынша, қандастарымыз Түрікменстаннан арнайы визамен көшіп келген.
«Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы толық ақпарат берілді және шетел азаматтарының Қазақстанда болу тәртібі, олардың құжаттарын рәсімдеу мәселесі егжей-тегжей түсіндірілді. Сондай-ақ қандастардың жеке сәйкестендіру нөмірін иеленуі, Қазақстан Республикасы азаматтығын рәсімдегенге дейінгі мемлекеттік қызметтерді алу тәртіптері айтылды. Тәуелсіздік жылдары облысқа шетелдерден көшіп келген қазақтардың жеткен жетістіктерін баяндадық, олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне қатысты ақпараттық ақыл-кеңесімізді ұмытпадық», дейді ол.
Жыл басынан бері Павлодар облысына Ресей, Моңғолия және Өзбекстаннан жалпы саны 216 қандасымыз көшіп келген. Сырттан қоныс аударушылар үшін биыл 800 квота бөлінсе, тек Түрікменстаннан 427 адам Ертістің бойын ен жайлаған өңірімізден тұрақ табады деп күтілуде. Бұл азаматтар облыста кемінде 5 жыл тұруы керек. Заңға сәйкес жеке сәйкестендіру нөмірін алған соң оларға «қандас» мәртебесі беріледі. Одан соң орныққан жері бойынша тіркеліп, Қазақстан азаматтығын алуға құжаттар тапсырады.
Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова шеттен келген қандастардың Павлодар облысын таңдауы үлкен қуаныш екенін айтып өтті. Өңірге қанша адам келсе де облыс билігі оларға жағдай жасауға әзір.
– Біздің басты мақсатымыз – осы кісілерді жұмыспен қамтып, өңірде тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Қоныс аударушының әрқайсысына мемлекет тарапынан 214 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл келушілердің көшіп-қону шығынына арналған қаражат. Одан соң бір жылға дейін баспана жалдап тұруына қаражат бөледі. Ол сома бір отбасы үшін ай сайын шамамен 45-91 мың теңге аралығында, мөлшері қоныстанушының қала, аудан орталығын немесе ауылды таңдауына байланысты бекітіледі. Ал баспананы бірден сатып алуға мүмкіндігі барларға жалдауға берілетін қаражаттың бір жылдық жиынтығы бірден төленеді. Одан бөлек, жеке кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға арнайы грант қарастырылған. Яғни кәсіпкер арнайы бизнес курсын оқып, бизнес жоспарын әзірлеп ұсынған жағдайда 1,2 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Бұл – мемлекет тарапынан бекітілген ресми қолдау түрлері. Бұдан бөлек еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге жер телімдерін рәсімдеу, шағын кәсіппен шұғылданушыларға қажетіне қарай ғимараттар мен арнайы орындар тауып беру секілді жұмыстар да жүргізіледі.
Бүгінде Павлодар облысында сырттан көшіп келушілерге арналған болжалды карта әзірленген. Онда 111 елді мекен белгіленген және мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Қандастарымыз қай елді мекенге баратынын өздері таңдап, жергілікті жерде мамандығы бойынша еңбек орнына орналасады. Түрікменстаннан көшіп келіп жатқандардың басым бөлігі – техникалық білімді игергендер. Қазір өңірдің денсаулық сақтау және білім беру салаларына мамандар аса қажет. Болашақта бұл кем-кетіктің орны да сырттан әлі де келетін қандастардың күшімен толтырылады деген сенім зор.
Бұған дейін Түрікменстаннан өңірге көшіп келген бір отбасы Ақсудың ауылдық аймағына қоныстанған болатын. Әулет үлкені, 67 жастағы Ескендірхан Сүйіқұлов қартайған шақта атамекеннің топырағына табан тірегенді жөн көргенін айтады. Бұл жақта жылы жүзбен, үлкен қамқорлықпен қарсы алғанын, баспана беріп, барлық көмекті көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Бір балам Атырау өңірінде қалып қойды. Немерелерім өсіп қалды, олар Қазақстанда жетіліп, ана тілінде білім алса деп армандаған едім. Арманым жүзеге асқанына айрықша қуанып тұрмын. Құдайға шүкір, өз жұртыма келіп қосылғанымыз үлкен бақыт болды», деп ой бөлісті қария.
Қандасымыздың бірі Мақсат Сүйесінов ауылдық жерге барып, мал өсіруді ойға алыпты.
– Түрікменстандағы Балқанабат өлкесінен көшіп келдік. Отбасымызда төрт жан бар, зайыбым екеуіміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қызым биыл 8-сыныпқа барады. Өз мамандығым электрик, ал әйелім үй шаруашылығымен айналысады. Бұл өңірдегі Май немесе Аққулы аудандарының біріне барамыз деп шешім қабылдадық. Ол жерде мал өсіріп, шаруашылық құрсақ па дейміз. Балқанабатта біз төрт түлік өсіріп, сонымен күнелткен едік, – дейді отағасы.
Айтып өтейік, бүгінде Түрікменстанда 20 мыңдай қазақ тұрады.
Павлодар облысы