Әр сөзімен һәм ісімен ұлт өресін өсіруді көздеген Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы ұлттық сананы жаңғыртудың айнымас бағдары десек артық айтпаған болармыз. Қайраткердің 150 жылдығына орай жер-жерде Ахаң мұрасын айшықтайтын айтулы шаралардың салтанат құруы, тұлға тағылымының қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететін кемел жол екенін тағы бір айқындайды. Осы орайда белгілі ахметтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлына бірер сауал қойған едік.
– Өмірхан Әбдиманұлы, Ахаң мұрасын терең теңіз деп алсақ, сол теңіздің түбіндегі маржанын сүзіп жеткілікті деңгейде зерттеп-зерделей алдық па? Жалпы, ахметтанудың бүгінгі өрісі қандай?
– Өткен ғасырдың 1988 жылы қазақ руханиятында қоғамдық өмірімізге өзгеше бір өзгеріс әкелген тарихи жыл болып қалары сөзсіз. Өйткені бұл жылы қалың қазақ қауымы ұзақ жылдар бойы көз жазып қалған асыл арыстарымен қайта қауышты. Зұлмат заман тұсында жалған жаламен жазықсыз жазаға ұшырап, сталиндік саясатқа құлдық ұрғандар ұлт тарихынан аластатуға тырысқан ұлылардың санадағы шырақты сәулесі қайта жарқырап, шығармаларындағы нұрлы ойлары жүректерге рухани шуақ шашты. Аңсап жеткен кемеңгерлер тағылымына тағзым ете бастадық. Соның нәтижесінде қоғамымыз өзінің өткені мен бүгіні туралы ілкі пайымдауларға бет бұрды.
Міне, осы кезеңде қайта танып-біле бастаған арыстарымыздың бірі, бірі емес-ау, бірегей тұлғасы – биылғы жылы 150 жылдық мерейлі мерекесі аталып отырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Ахмет Байтұрсынұлы – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірінен айрықша орын алған тұғырлы тұлға. Бір басына сан түрлі салқар санаткерлік тоғысқан осынау ұлы азамат қазақ руханиятындағы теңдесі жоқ құбылыс десек, артық айтқандық емес. Оның кемеңгерлік болмысы мен қайраткерлік қасиетін танып-білу бірер жылдың ішінде біте қалар жеңіл іс емес. Оған тек ұзақ жылдарға созылған көшелі ізденістер нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады.
Иә, Ахметтей адамзаттық ойдың алыбын енді танып, кемел ілімінің кеніне енді ғана кенеліп жатырмыз. Әйтсе де бүгінде бұл тұрғыда біраз ізденістер жасалғанын атап өткен жөн. Ахметтануға XX ғасыр бас кезіндегі Міржақып, Елдес, Телжан, Сәкен, Мұхтар, Смағұлдар салған сара жолды кейіннен Р.Сыздықова, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Т.Кәкішұлы, Ө.Айтбаевтар жалғастырды.
Көрнекті тарихшы ғалымдар К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Атабаевтар Байтұрсынұлының ұлы тұлғасын қоғамдық-саяси қайраткерлік, ұлт күрескері тұрғысынан жан-жақты ашса, әр саладағы жас ғалымдар түрлі ғылым саласы бойынша зерттеп, ізденіс ауқымын ұлғайтты. Әрине, Ахаң жайлы жазылып жатқан басқа да мақалалар, жарық көрген жинақтар баршылық. В.Күзембаеваның құрастыруымен шыққан «Ұлттың ұлы ұстазы» атты ғылыми-библиографиялық көрсеткіште қазақшасы, орысшасы бар Ахаң жайлы жазылған 763 әдебиеттің тізімі көрсетіліпті. Кейбір қалып қойғандарын есептемегенде де, бұлардың аздық етпесі хақ. Сан жағына шүкіршілік еткенмен, сапасына келгенде көңілдің бәсең тартарын да жасыра алмаймыз. Себебі рухани әлемімізге өзгеше өзгеріс әкелген санаткер туралы кейінгі кезде жарияланған материалдар қандай көп болса, олардағы бірін-бірі қайталаулар да сондай көп. Ахаң мұрасына әркім әр қырынан келіп жүр. Бір басынан қайраткерлік те, ақындық та, ғалымдық та, тілшілік те табылған Ахаңның тұлғалық қасиетін тұтас зерттеуге үлкен күш, талмас талант керек-ақ.
– Ахаң шығармашылығы мен өмірін бір кісідей зерттегеніңізді білеміз. Тұрсынбек Кәкішұлы жетекшілік еткен ғылыми диссертацияңыз Ахмет публицистикасына арналғанын айтпағанның өзінде, ұлы тұлға жайлы бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Осы бағыттағы ізденістер туралы айтып өтсеңіз?
– Ахметтанумен айналысқанымызға биыл тура 20 жылдың жүзі болыпты. Ұлы тұлғаның әдеби-публицистикалық мұрасы жайлы кандидаттық диссертация қорғап, Ахаң шығарған «Қазақ» газеті туралы монография, «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты 2 томдық оқу құралының Ахмет Байтұрсынұлы туралы үлкен тарауын жазып, «XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралымыздың, «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты, «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» оқулықтарының бір тарауын Ахаңа арнадық. Докторлық диссертациямыздың негізінде жарық көрген «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» атты монографиялық зерттеуімізде XX ғасыр бас кезіндегі әдебиетте ұлт-азаттық идеяның негізін қалаған А.Байтұрсынұлы екендігін дәлелдеп, арнайы бөлім жаздық. «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух еңбегімізде де Ахаңның әдеби мұраларына арналған арнайы тарау бар. 2010 жылы «Арна» баспасынан 20 баспа табақ «Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссеміз жарық көрді. 2019 жылы басылып шыққан «Алаштың азатшыл әдебиеті» атты 30 баспа табақ зерттеу еңбегіміздің үлкен бөлігі Ахмет Байтұрсынұлына арналған. Жалпы, бүгінге дейінгі аралықта Ахаң жайлы түрлі басылымдарға үлкенді-кішілі 50-ден астам ғылыми-танымдық мақаламыз басылып шығыпты.
– «Ахметтану» атты еңбегіңізде Байтұрсынұлы туралы жазылған мақалалардың кейбірі жадағай ой мен құрғақ мақтаудың әсерінен арыла алмай қалып жататынын айтасыз...
– Мүмкін, өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдардың басында ахметтануға жаңа бет бұрған тұста жата қалып мақтау мен тұра қалып ұрандау қажет болған шығар-ақ. Ал бүгінде арыстарымыздың азаматтық тұлғалары мен толыққанды туындыларын танып-білуге сабырға суарылған салиқалы ойды серік етіп, зерделі зейінмен бару керек. Тереңнен шыққан тебіреніс болмаса, дабыраға еліткен тыз етпе жалған сезімнен ештеңе өнбек емес. Уақыт сұранысы да басқа. Құр ұран, құрғақ айғаймен бітер шаруа шамалы. Ұлы ұстаздың болмысын тану анық та қанық болмаса, таным тым қарабайырланып кетуі кәдік емес. Ендеше, бір кездегі М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов мақалаларындағы айтылған ойларды кеңейте түсіп, ахметтануды бүгінгі жаңаша көзқарас тұрғысынан байыптап, уақыт талабына негізделген пайым-парасат деңгейінен өрістетудің уақыты жеткен секілді.
Ахметтанудың негізін қалаушылардың бірі – ұлы Мұхаң сонау бір кезде Ахаңды «Ұлттың рухани көсемі» деп бағалаған екен. М.Әуезов бұл сөзді дер кезінде айтты және тауып айтты. Бірақ осы ұғымның мәнін кеңірек ашуға ол кісінің мүмкіндігі болмады. Ахаң тақырыбына қайта бір орала алмады, шындығын айтқанда оралтқызбады. Әйтпесе, Мұхаңдай ғұлама өз жазбаларын сан рет шұқшия қарап, Ахаңдай ұлы тұлғаның рухани көсемдік сипатын толық ашып берген болар еді. Амал кәне, өткенге өкінгенмен, пайда жоқ. Ендеше, сол Әуезов ашқан ұлылық болмысына бүгінгі таным деңгейінен көз жіберіп, шама-шарқымыз жеткенше осы оқу құралы негізінде талапты білімгерлерге Ахаң көсемдігінің сырын ашып, әдеби-публицистикалық мұрасының мән-мағынасын, ұлттық руханияттағы маңызын байытып беруге тырысайық. Мақсат – Ахмет Байтұрсынұлы болмысының белгілі бір қырына ғана назар аудару немесе жекеленген шығармаларын талдау емес, бүтін болмыстың бүтіндігін толық таныту.
Әрбір ұлы тұлғаның тұғырлы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жібергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бірдей бағдарлап, жамандығынан жерініп, жақсылығынан үйрене білген жан. Ол – бір басында сан саналы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі болған, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға.
Ә дегенде-ақ назарға ілігетін бір сипат – Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл тірлік-тынысы, адамдық болмысы, ең алдымен, азаттық ұғымымен астасып жататындығы. Ол – жеке бас, жеке адам бостандығының жоқтаушысы емес, түгел жұрт, тұтас ел азаттығының ту ұстаушысы. Жалпы, XX ғасырдағы саяси күреспен мазмұндалған азаттық қозғалыстың бастауында тұрған қайраткерлердің рух-тұлғасы – осы Ахаң.
– А.Байтұрсынұлының асыл арманы ұлтының азаттығы еді. Сөз соңында ұлы тұлғаның таза танымын, қайраткерлік қырын бүгінгі ұрпаққа жеткізердей бір ой айтсаңыз?
– Ахмет Байтұрсынұлының асыл арманы ұлтының азаттығы болса, ол бұл жолда ештеңеден аянған жоқ. Қорлығын көрдi, азабына төздi, қacipeтiн тартты, ажал oғынa байланды. Бiрақ шегiнген жоқ. Tүciн де, түciнiгiн де өзгерткен жоқ. Алған беттен таймады. Yнeмi ұлтына азаттық жолының жөнiн сiлтеп, жобасын көрсетумен болды. Елiн мәдениеттің биiгiне жеткiзу жолындағы жан-жақты iзденiстерi оны танымның биiгiне шығарды. Сол биiктен болашаққа бiлiм нұрын шаша алды. Ахмет бастаған қазақ зиялылары туған әдебиеттiң тiлектестерi ғана емес, жанашыры, қорғанышы бола бiлдi. Бұл әcipеcе, олардың әдеби тiлдi қалыптастыру, ұлттық тiлдің нақышын, көркемдiк бояуын, тазалығын сақтау жолындағы күpeciнeн көзге түседi.
Қорқып, қорғалақтамай шындықты айтуға неге бару керек? Оның себебiн Ахмет Байтұрсынұлы былайша түсiндiредi: «Өзгерiс болғанымен, өзгермей тұpғaн қазақта қалып көп, қашаннан берi қазақ iшiне ciңіп, орнығып қалған қалыпты өзгерту оңды нәрсе емес. Бас өзгердi, бастық өзгердi, төре өзгердi, басқасы әлi қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кемiген жоқ... Қазақты бұрын жегендерi әлi жеп отыр, бұрын зорлық қылғандары әлi зорлық қылып отыр. Өзгерiс кiмгe жағымды, кiмге жағымсыз болып шыққаны көзі бар көрерлiк, eci бар адам бiлерлiк болды». 1922 жылы бұл өте батыл да батыр пiкiр едi. Бұл – Ахаңның рухани көсемдiгiнiң айқын бiр белгiсi. Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнерiнің қуат күшiне деген ceнiмiнeн еш айырылмаған жан.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ