Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, VII шақырылымдағы Парламенттің III сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын жаңа Жолдау «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» сынды бағдарлардан және тағы бір тың саяси реформаларды қамтитын қорытынды бөлімнен тұрады.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалық етуімен өткен Парламент Мәжілісінің VII шақырылымы III сессиясының алғашқы жалпы отырысында да Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауының басымдықтары талқыланды.
Палата Төрағасы сессияда сөйлеген сөзінде бұл Жолдаудың бұрын басталған реформалардың қисынды жалғасы екенін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы елдің болашақ дамуы мен тағдырына қатысты ауқымды мәселелер көтерілген маңызды құжатта Мемлекет басшысының алғаш рет болашақ сайлау науқандарының кестесін жариялап, еліміздің бүкіл саяси жүйесінің жаңарып-жаңғыруына жол ашып бергенін айтты.
«Бұл биліктің ашықтығын және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюын айқын көрсетеді әрі еліміздің жаңару жолында жасалған нық қадамдар», деді Палата Спикері.
«Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде жұртшылық көтерген өзекті, күрделі мәселелердің барлығына дерлік Жолдауда жауап берілді», деген Е.Қошанов: «Негізінен Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан барлық мәселе қоғам сұранысына сай келеді. Қазір қазақстандықтарды толғандыратын ең басты мәселе – экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Елді баға мен тарифтердің өсуі алаңдатып отыр», деп мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуді ұсынды. Оның басты мақсаты – бизнес ашып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін тең мүмкіндіктер жасау, экономикалық еркіндікті қолдау, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту. Сонымен бірге салық және бюджет жүйесін жаңғыртуға, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға, мемлекет-жекеменшік әріптестігі мен мемлекеттік сатып алу механизмдерін жетілдіруге, отандық бизнес үшін несие ресурстарының тапшылығы мәселесін шешуге ерекше басымдық беріліп отыр», деді бұл жайында Мәжіліс Төрағасы.
Халықтың қамын ойлау, оларға қамқорлық таныту, сапалы білім беру, медициналық қызметтерді жақсарту, жастар мен педагогтерді қолдау сияқты мәселелер – мемлекеттің басты назарында. Маңызды құжатта айтылған өзекті мәселелер жеткілікті. Мәселен, Президент екі жыл ішінде 650 елді мекенде медициналық нысандар салынатынын мәлімдеді. Төтенше жағдай режімінде жұмыс істейтін және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі шешіледі. 2025 жылға қарай 800 мыңнан астам бала заманауи мектептерде оқиды. Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өседі, бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
«Биылғы Жолдаудағы тың бастама – бұл балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын аудару. Бұл әлеуметтік әділдік орнатудың бастамасы», деді Мәжіліс Төрағасы.
Е.Қошанов Жолдау жүктеген міндеттерге орай сот және құқық қорғау, мемлекеттік басқару жүйелерінде де біраз реформалар жүргізілетінін жеткізді. «Бұдан бөлек, біз мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылдау, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру, Қала құрылысы кодексін қабылдау бойынша жұмысқа кірісетін боламыз. Мәжіліс депутаттары алдында конституциялық реформалар аясында да бірқатар заңды қабылдау міндеті тұр. Бұл – жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтардың көпшілігі дауыс берген елді демократияландыру жөніндегі үлкен қадам», деді ол.
Президенттің Жолдауда Парламент жұмысының негізгі бағыттарын айқындап бергенін шегелеп өткен Палата Спикері: «Алдағы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар және оны қоғам да күтіп отыр. Сондықтан оларды қарау кезінде халықтың, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірі мейлінше ескерілуге тиіс», деді.
Жұмыс топтарының отырыстары, заң жобалардың таныстырылымы сияқты барлық жиынға жұртшылықты кеңінен қатыстыру қажеттігін айтқан Е.Қошанов сөзін: «Парламент жұмысының негізгі бағыттары айқын. Сондықтан бар күш-жігерімізді ел Президентінің бастамаларын қолдауға және жүзеге асыруға жұмылдыруымыз керек», деп түйіндеді.