• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 02 Қыркүйек, 2022

Сенаторлар ант берді

157 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жаңа сессиядағы алғашқы отырысы өтті. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауда ел дамуының басым бағыттарын белгілеп бергенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев ел Пре­зи­денті айқындаған міндеттерді іске асыру үшін Парламент Сенаты белсенді жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Жолдауда экономиканы әртарап­тандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бағыттары бойынша маңызды баста­малар айтылды. Оның бәрі – Жаңа Қазақ­­стан құруға арналған нақты қа­дам­дар. Соған байланысты Пар­ламентке бірқатар заңна­малық міндет жүктелді. Сенат бұл бағытта белсенді және тиімді жұмыс істеуге дайын. Бұл – біздің басты міндетіміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы бұл істе мүдделес құрылымдармен бір­лесіп әрекет етудің маңызды екеніне назар аударды.

«Жолдауды іске асыру үшін сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделес тараптармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Мәжіліспен және Үкіметпен бірге қажетті, сапалы заңдарды уақтылы қабылдаудың да маңызы зор», деді Палата Спикері.

Сонымен қатар ол сена­тор­лардың шілде, тамыз айларында өңірлерге және шалғай ауылдарға жасаған сапарларына тоқталды. Сенат Төрағасы жұртшылықпен және жергілікті тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәсе­ле­лер Палатаның алдағы сессия­дағы жұмысында жан-жақты ес­керілуі қажет екенін де атап өтті.

Отырыста жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау об­лыс­­тарынан сайланған сенатор­лар халыққа ант берді. Сондай-ақ олар Палатаның тұрақты ко­ми­теттерінің құрамына сайланды. Соған сәйкес Айнұр Арғын­бекова, Советбек Медебаев, Амангелді Толамисов Консти­туциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мү­ше­лері болды. Ал Бақытжан Байахметов – Қаржы және бюджет коми­те­тінің, Ғалиас­қар Сары­баев – Ха­лық­аралық қатынас­­тар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің және Серік Шайдаров Эко­но­мика­­лық сая­сат, инновация­лық даму және кәсіпкерлік коми­теті­нің құрамына сайланды.

«Жаңадан сайланған депутаттарды сайлаудағы жеңістерімен құттықтаймыз. Сенат жұмысына белсенді араласып, депутаттық міндеттеріңізді абыроймен атқарасыздар деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.