• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қыркүйек, 2022

Жастар күткен Жолдау

1270 рет
көрсетілді

Жастардың болашағына жағдай жасау дамитын елдің мақсат-мүдделерімен тығыз байланысты. Бүгінде елімізде жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуына қатысты туындап отырған мәселелер жеткілікті. Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Әсіресе, ірі қалаларда жатақхана мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді, деп жазады Egemen.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған жастарға жағдай жасау, олардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, төмен пайызбен несие  алуы сияқты міндет-ұсыныстар  алдағы уақытта жүзеге асатын болса, қоғамның жастар бөлігі бірқатар жеңілдікке ие болар еді. Осы тұрғыдан қарастырғанда, елімізде енді жолға қойылып келе жатқан мемлекет пен кәсіпкерлік серіктестігін ары қарай жалғастырып, құрылыс компаниялары үшін тиімді ұсыныстарды, салықтық жеңілдіктерді қарастыру  мүмкіндіктерін көбейткен абзал.

Мемлекет басшысы Жолдауда жатақхана мәселесі мемлекет мойнындағы жауапкершілік ретінде қала беретінін айтты. Осы орайда жеке меншік жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау жасалатындығы да орынды. Бүгінде жастардың алдында үлкен міндеттер тұр. Олар өз білімін ары қарай ел келешегінің дамуына арнап, экономиканың қай саласында болмасын еңбек етуді қалайды. Президенттің балаларға 18 жасқа толғанға дейін арнайы шот ашып, оның алдағы уақытта сапалы білім алуына мүмкіндік жасауы туралы ұсынысы болашаққа жасалған капитал, бұл көптеген қолдауға мұқтаж отбасылар үшін үлкен жеңілдік. Президент Жолдауында бес бағдар бойынша көтерген мәселенің барлығы да жұртшылықтың көкейінде шешімін таппай жүрген көптеген түйткілді жайттарды іске асыруға мүмкіндік береді.

Руслан АХМАҒАНБЕТОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, саясаттанушы, PhD АЛМАТЫ