Қарулы адам Аргентинаның бұрынғы президенті және қазіргі вице-президенті Кристина Киршнерге белгісіз біреу қару кезенген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шабуыл жасаушы ұсталды. Абырой болғанда, Кристина Киршнер зардап шеккен жоқ.
Оқиға Буэнос-Айрес аймағындағы вице-президент үйінің жанында болған. Киршнер жақтастарымен сөйлесіп жатқанда, көпшіліктің арасынан белгісіз біреу оған қарай тапаншасын көздеген. Ол шүріппені басқанымен, мылтық жұмыс істемей қалған. Осы сәтте оны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұстап үлгерген.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның 35 жастағы Бразилия азаматы Фернандо Андрес Сабаг Монтиэль екені анықталды. Ол Bersa Thunder 380 өздігінен зарядталатын тапаншамен қаруланған.
Айта кетейік, Аргентинада Кристина Киршнер сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған. Ол президент қызметін атқарған 2007-2015 жылдары инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы деген күдікке ілінген. Іс бойынша тағы 12 айыпталушы бар. Тамыз айында өткен сот отырысында прокурор Кристина Киршнерді 12 жылға бас бостандығынан айыруды және 1 миллиард доллар айыппұл төлеуді, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салуды сұраған.