Мемлекет басшысының өкімімен Асқар Қуанышұлы Омаров Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ Асқар Қуанышұлы Омаров Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымынан босатылды.
Асқар Қуанышұлы Омаров 1976 жылы Алматыда туған. Тұран университетін бітірген.
Мамандығы бойынша біліктілігі: халықаралық экономикалық қатынастар.
Еңбек жолын 1996 жылы жекеменшік компанияда туристерді жөнелту бөлімінің көмекшісі болып бастады.
1997-1998 жж. — «Мәдениет мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми орталықтың» әлеуметтік-экономикалық мәселелер бөлімінің жетекші маманы.
1998-1999 жж. — «Қазақстанның шағын бизнесі» журналында маркетинг жөніндегі маман.
2001-2005 жж. — «Новости недели» РГ» ЖШС тілшісі.
2005-2006 жж. — Қазақстан РТРК АҚ – Астана ТРО филиалы Ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясының Алматы бюросының бас редакторы.
2007-2010 жж. — жеке компанияларда басшылық қызметтерді атқарды.
2011-2013 жж. — «Түркі академиясы» КЕАҚ вице-президенті.
2013-2014 жж. — жеке ұйымның креативті директоры.
2014-2015 жж. — «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры.
2016-2017 жж. — қоғамдық қордың президенті.
2017-2021 жж. — «ҚазАқпарат» ХАА ЖШС бас директоры.
Асқар Қуанышұлы 2017 жылдан 2021 жылдың тамызына дейін «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы болды .
2021 жылдың тамызынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып жұмыс істеген.
2022 жылы 11 қаңтарда Асқар Омаров Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған болатын.