Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Индустриялық даму комитеті Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығымен бірлесіп басқосу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бейнебайланыс форматындағы жиынға сондай-ақ отандық шағын және орта бизнес өкілдері мен «Қазақстан машина құрыстыру» ЗТБ басшылары да қатысты.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы машина құрыстыруды дамыту тетіктері таразыланып, осы тараптағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, басқосуда Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығының 2021-2022 жылдардағы атқарған жұмыстары екшеліп, жергілікті мұнай-газ секторындағы операторлар (KPO, NCOC, TCO) үшін қажетті мұнай-газ машина құрылғылары айқындалды.
Қазіргі күнде Қазақстанда мұнай-газ саласындағы машина құрастырумен айналысатын 91 кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс ошақтарының 12-і – ірі, 15-і – орта және 64-і – шағын. 2021 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындар құны 68,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ал биылғы алғашқы 7 айда шығарылған өнімнің жалпы сомасы 37,5 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылдың 6 айында экспортталған өнім 40,8 АҚШ долларына артқан (өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш – 31,6 АҚШ доллары).
Атап өту керек, саладағы қазақстандық өнімнің үлесі айтарлықтай аз. Шамамен 3,7 пайыз көлемінде. Мұнай-газ машиналарының басым бөлігі шетелден әкелінеді.
Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында отандық кәсіпорындардың өкілдері саладағы бірқатар түйіткілді жайтты жеткізіп, ұсыныстарын айтты. Оның ішінде ірі мұнай-газ операторларынан тапсырыстар қабылдау тетіктері де таразыланды.
Басқосу қорытындысы бойынша ИИДМ Индустриялық даму комитеті бірқатар шешім қабылдады. Атап айтқанда, мұнай-газ саласындағы компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, Шеврон Қорының жергілікті жерлерді дамыту Бағдарламасы шеңберінде көтерілген мәселелерді түбегейлі шешу жолдары қарастырылмақ. Сондай-ақ жиын қатысушылары машина құрастыру саласының дамуына кедергісін тигізетін тосқауылдарды бірлесе шешу бағытындағы жұмыстарды одан әрмен жалғастыруға уағдаласты.