Қазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Аружан Сағындықова жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Іріктеу сайысының 4-ракеткасы болып тіркелген С.Кенжебаева нидерландтық Мари Нейкампты тізе бүктірді.
Бірінші партияда Сандуғаш 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Сосын тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6).
Екінші сетте 5:0 есебімен алға кетіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Кенжебаева іріктеу сайыстарының финалында Польша өкілі Вероника Эвалдпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы Аружан Сағындықова жапониялық Харука Хасегавамен кездесті. Бірінші партияда Аружан 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:3.
Супер тай-брейкте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 10:7.
Сағындықова іріктеу сайыстарының финалында америкалық Джульетта Парехамен кездеседі.