• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Қыркүйек, 2022

Мюнхендегі қасірет

151 рет
көрсетілді

Осыдан дәл жарты ғасыр бұрын, яғни 1972 жылдың 5 қыр­күйегінде әлемдік спорт тарихындағы болған қаралы оқиға төрт­күл дүние жұртшылығын дүр сілкіндірді. Ол кезде Герма­нияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Олимпия ойындары нағыз қызған шағына жеткен еді.

Мюнхендегі оқиға былай өрбіген: Сол күні түнгі сағат 4:30-да Палес­тинаның радикал­ды ұйы­мының мұздай қару­ланған сегіз мүшесі жасырын түрде Олимпиадалық қалашыққа еніп, Израильдің спорттық де­легациясы орналасқан па­вильон­ға келеді. Кірген бетте ұйқылы-ояулы бір­неше адамды кепілдікке алады. Араларында қарсылық көрсетпек болған спортшыларды аяусыз жазалайды. Террористер өздерін «Қа­ра­лы қыркүйек» деп аталатын ұйымның мүшелері екендерін айтып, Израиль мен Батыс Еу­ро­па елдерінің түрмелерінде жатқан «Палестинаны азат ету» қозғалысының 250 мүшесін сағат 9:00-ге дейін босатуды талап етеді. Ал өздері Мысырға ат­танатын­дарын айтып, «Бізді ұшақпен қам­тамасыз етіңдер» дейді. Сағат таңғы алтылар ша­ма­­­сында бұл оқиға жер жа­һанға тарайды.

Әуелде талапқа көнгендей сыңай танытқан жергілікті билік астыртын жоспар құра­ды. Террористер мен кепіл­дікке алынған адамдарды тік­ұшақ­пен Мюнхеннің әскери аэро­дромына әкеліп, «Сіздер­ді Каирға дейін ұшақпен жет­кіземіз» деп сендіреді. Ал аэродром аймағында снайперлер оқ жаудыруға даяр тұрады. Тер­рористер белгіленген жерге жет­­кенде, басшылар бұйрық бе­ре­ді де, мергендер дереу іске к­ірі­седі. Қарсы жақ та қарап қал­­майды. Теледидар арқылы күл­лі әлем бұл атыс-шабыстың куәсі болады. Нәтижесінде, ке­піл­дікке алынғандар түгелдей қаза тауып, сонымен қоса бес тер­рорист пен бір полицей оқиға орнында көз жұмды. Барлығы 17 адам бақилық болды. Қалған қарақшылар қолға түседі. Бұл оқиға «Қаралы қыркүйек» деген атаумен тарихта қалды.

Израильдің сол кездегі Премьер-министрі Голд Меир палес­­тиналықтардан қалайда кек алуды көздеп, террористердің түгелдей көздерін жойыңдар де­ген бұйрық береді. Ол тап­сыр­ма мүлтіксіз орындалады. 16 қыркүйекте «Қаралы қыр­күйек­тің» Рим қаласындағы рези­денті Ваэл Әбу Цвайтер өз үйінің ауласында оққа ұшады. 8 желтоқсанда Париждегі тағы бір резидент, доктор Махмұд Хамшаридің телефонына жарылыс қондырғысы орнатылып, оның күлі көкке ұшады. Қаралы тізім сөйтіп жал­ғаса береді... Бас-аяғы жеті жыл аралығында Мюнхендегі оқиға тікелей қатысы бар радикалды топтың барлық мүшесі қаза тапты.