«Ауылда кім арақ, сыра сатады ей? Қарызға бере ме екен?». Түнгі қызыққа құмартқан жасөспірімдердің әңгімесі шамамен осылай басталады. Сатушының тілегені де сол. Қарызға берсе де, ішімдіктің бағасын қымбаттатып, көлеңкелі бизнес арқылы көсегесін көгертіп отыр. Бұл былықты тұрғындардың жария еткісі жоқ. Қысылғанда баратын жері...
Түнгі сауданың әлегі
Иә, үлкені бар, кішісі бар «түнгі дүкеннің» тұрақты клиенттеріне айналған. Аяқ астынан қонақ келе қалса, «пенсиядан бере қоямын» деп жеңгелер зыр жүгіріп жүргені. Жасөспірімдер де «үй іші біліп қоймасын» деп ұнатқанын алады. Салықтан жалтарған сатушылар әу баста құр ішімдік сатумен айналысса, қазір өнім түрлерін көбейткен. Тіпті бензин сататындар да бар. Қосымша табыс қалтаны тессін бе? Африкадан банан әкеліп сатасың ба, өзің біл. Бастысы тәртіпке бағынып, заң жүзінде жұмыс істеу қажет.
Биыл мамыр айында Павлодар облысына қарасты Ертіс ауданының 7 тұрғыны минералды тыңайтқыштың құтысына құйылған ішімдіктен ұрттап, жан тапсырған болатын. Мұны айтып отырғанымыз, салық төлеу былай тұрсын, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендердің санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауы екіталай. Ресми тіркелген сатушылардың өзі ішімдікті белгіленбеген уақытта сатуға құмар. Бұл ретте, тәртіп сақшылары арнайы рейдтер ұйымдастырып, заң бұзушылықтардың алдын алуда.
Мәселен, Павлодар облысының полиция қызметкерлері жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және мас күйде болғаны үшін 6 973 фактіні анықтады. Сонымен қатар 118 иесі алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Түнгі рейд барысында Павлодар ауданының полицейлері ауылдардың бірінде алкогольге қарсы заңнаманы бұзу фактісін анықтады. Дүкеннің 39 жастағы сатушысы 29 жастағы ауыл тұрғынына көлемі 0,5 литр болатын бір бөтелке арақ сатқан. Осылайша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабының 3-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасады. Сауда орнының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қысқасы, шағын ғана «чекушка» үшін де айыппұл арқалайтыныңызды ұмытпаңыз.
Алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымы мемлекетке зиян келтіріп қана қоймай, халықтың денсаулығына елеулі зиян келтіретінін атап өту қажет. Жуырда Алматы қаласында Ресей Федерациясынан жалпы көлемі 13 484,5 литр алкоголь өнімдерінің (сыра) заңсыз әкелуі және сақталуы анықталды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес алкоголь өнімінің пластикалық ыдыстардағы және рұқсат құжаттарынсыз айналымына тыйым салынады. Бұдан бөлек, тексерілген объектіде контрафактілік алкоголь өнімін өндіру бойынша жасырын цех, атап айтқанда алкоголь өнімін виски, бурбон және т.б. түрінде дайындау үшін пайдаланылатын айшықты аппарат және құрамында спирт бар сұйықтықтар анықталды.
Акциздік салықтың ақыры
Елімізде әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен өндіріледі екен. Мұны алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының мамандары растап отыр. Олар елде заңсыз дайындалатын өнімдердің азаймай тұрғанын айтады. Салдарынан ішімдіктен көз жұмғандардың саны да көп.
Қазақстанда пандемия кезінде алкоголь өнімдерін тұтыну біршама азайған. Індет басталған алғашқы екі айда ішімдікті сату көлемі 25-30 пайызға төмендепті. Дей тұрғанмен елде контрафактілік өнімдер азаймай тұр. Астыртын цехтарда жасалатын арзан, сапасыз арақты ішіп, уланған деректер күрт өсіпті. Көлеңкелі саудадағы арақтың көлемі 2 есеге артқан. Мұны сала мамандары акциздік салықтың ұлғаюымен байланыстырады.
«Қазақстанда көлеңкедегі арақтың көлемі жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. 2010-2012 жылға қарағанда көлеңкедегі арақтың көлемі 2 есе көбейіп кетті. Негізгі себеп – жоғары көлемді акциздік салықтың өсуі. Соған байланысты бағасы да жоғарылап, халық оны еңбекақысына адал өндірілген арақты алуға шамасы жетпей, көлеңкедегі арзан арақты сатып алуға сұраныс көбейді», деді Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерінің адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушылары қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев.
Отандық дәрігерлер пластик ыдысқа құйылған арақты тұтынудың денсаулыққа аса қауіпті екенін айтады. Оның қандай сумен жасалғанын, ол таза су ма, таза емес пе, қандай спирттен жасалғаны белгісіз. Кезінде Қытайдан келген метил спиртінен адамдар уланып, көзі көрмей қалған кездер болған. Ол техникалық спирт пе, оны анықтау өте қиын. Қазіргі таңда қолдан жасалған арақты адамдар алып ішеді деген бір ойға да келмейді екен. Өйткені дүкендерде алкоголь өнімдерінің бәрі жеткілікті.
«Қазақстанда арақ-шарапты пластикалық құтыларға құюға рұқсат жоқ. Себебі арақ құйылған пластикалық бөтелке арақтың құрамындағы спирт пен пластик реакцияға түскенде адам денсаулығына қауіпті улы заттар бөледі. Оның үстіне егер пластикалық бөтелкедегі арақ күннің көзінде, ыстық жерде тұрып қалса, оның әсері 10-20 есе күшейеді», деді Әміржан Қалиев.
Ұрпағымыз уланбасын десек...
Қазақстанда ішімдікке салынғандардың саны жүз мыңнан асады. Әйелдер мен ерлер үшін ішімдікке салынудың ең көп кездесетін жасы 30-44 боп есептеледі. Ішімдіктің зияны жайлы бәрі біледі. Бірақ...
Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Наттың зерттеуіне көз жүгіртер болсақ, алкоголь адам денсаулығына ең қауіп төндірер зиянды нәрсенің бірі. Яғни оның героин, кокаин, LSD және тағы басқалармен салыстырғанда да қаупі жоғары.
Алкоголизммен күрес жөнінде Америка институтының статистикасында адамдардың 87 пайызы он сегіз жастан бастап барлық өмірінде ішімдікті пайдаланса, 71 пайызы өмірінің соңғы жылдары шарапқа ауыз салған. Ал 56%-ы дүние саларының соңғы айларында ащы сусынға әуестенген. Алкогольдің зияны кейбір есірткілерден де жоғары. Оған бірден бір себеп – ішімдіктің кез келген адамға қолжетімді болуы.
Нарколог Бақытжан Әшірбеков алкоголизмнен арылудың жолдарын былай көрсетеді: «Алкоголь пайдалану эмоционалды босаңсудың, еркінсудің алғышарты іспетті. Жалпы алғанда, ол жайлы, ыңғайлы сезімдерге бөлейді. Оны жиі пайдалану адамның санасында жайлы жағдай мен ішімдікті пайдалану арасында байланыс орнатып тастайды. Келе-келе адам босаңсуды, жан рахатын алкогольден алуға көшеді, үйренеді. Тек ащы сусын оның жанын жайландырушы құралға айналып шыға келеді. Одан кейінгі нәрселер алкоголь сияқты көңілінен шықпай жатады. Ішпейтін достары қызықсыз бола бастайды. Шаттану, қуану, көңіл көтерудің барлығы шараптың айналасына үйіріледі. Адам тек шарап арқылы әлгі жақсы сезімдерді бастан өткеремін деп ойлайтыны рас. Ішпеген күндер оның жанын жабырқатып, зеріктірмек. Алдымен, «керемет» көңіл күйге жеткізуші алкоголь тек демалыс күндері пайдаланылса, біртіндеп апта ортасына қарай көше бастайды. Адамның сенбі-жексенбіні күтуге шыдамы жетпейді. Сол себепті алкоголизмнен құтқаратын ең дұрыс профилактика – өзінің жаны қалайтын хоббимен шұғылдану. Егер сізде ішімдікке деген әуестік артып бара жатса, жүрегіңізге жақын қызықты іспен шұғылданыңыз. Ол мүмкін музыка, түрлі аспаптар, сурет салу, басқа да түрлі өнер түрлері».
Сатушыларға арақтың пайдасы бар шығар. Бірақ қоғамға зияны көп. Ауыр қылмыстардың барлығы дерлік ішімдіктің әсерімен жасалатыны белгілі. Бір қуантарлығы, қазір жастардың көбі арақтан аулақ жүреді. Десе де сыра ішіп, сырын айтады. Айналып келгенде, бәрі – бір ішімдік. Ұрпағымыз уланбасын!