• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қыркүйек, 2022

Агросақтандыру сыйақысын субсидиялау артады

278 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығындағы өзгерістерге сәйкес, аграрлық секторда сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін субсидиялау нормативі 50 пайыздан 80 пайызға дейін артады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сақтандыру полисінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ агросақтандыруды одан да қолжетімді ете түседі.

Еске сала кетейік, 2020 жыл­дан бастап Қазақстанда агро­өнер­кәсіптік кешенін сақтан­дырудың жаңа жүйесі жұмыс істей­ді. Сақтандыру сыйақыларын субсидиялаудың не­гіз­гі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері үшін қарыз жә­не саудалық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта өсімдік және мал шаруашылығы салаларын­да келесідей сақтандыру өнім­дері бекітілген: топырақтың ылғал­ды­лы­­ғы­ның жетіспеушілік индексін сақ­тандыру; топырақтың артық ылғал­дылық индексін сақтандыру; күздік дақылдар үшін топырақ ылғал­дылығының жетіспеушілік индек­сін сақтандыру; ірі қара малды, ұсақ малды, жылқы мен құстарды сақтандыру.

Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, сұлы, арпа, жүгері), күздік және майлы дақылдар жатады.

Сондай-ақ пассивті микротол­қынды қашықтықтан зондтау негі­зін­де «өсімдіктердің оптикалық тереңдігі» индексінің мониторингін көздейтін биомасса индексін сақтандыру бойынша сақтандыру өнімі жұмыс істейді.

Өсімдіктердің оптикалық те­рең­дігі өсімдіктердегі судың салыс­тыр­­малы мөлшерін анықтап, өсімдік­тердің өсуі мен биомассасын көрсетеді.

Сақтандырумен «JÝSAN Garant» СК» АҚ, «ВИКТОРИЯ» СК» АҚ, «Nomad Insurance» СК» АҚ, «Amanat» СК» АҚ және «Лондон-Алма­ты» СК» АҚ айналысады.

Аталған сақтандыру өнімдерінің шеңберіндегі тәуекелдер әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар SWISS Re (Швейцария), HANNO­VER RE (Германия), MUNICH RE (Германия) халықаралық қайта сақ­тан­дыру компанияларында қайта сақ­тандырылады. Олар сақтан­дыру жағ­­дайлары басталған кезде кепілдік бе­рілген төлемдерді қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы саласын­дағы сақтандырудың операторы – «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ. Барлық рәсім – шарт жасасудан бастап, төлемдерге дейін, ақпараттық жүйе арқылы онлайн жүргізіледі. Сақтандыру жағдайы жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде тіркеледі. Бұл жүйе адами факторды толығы­мен алып тастауға мүмкіндік бере­­тінін атап өткен жөн. Ылғал дең­гейінің мониторингі тұрақты негіз­де жүргізіліп отырады және сақ­тандыру жағдайының басталу фактісі автоматты түрде тіркеледі.