«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам». Инклюзивті сипатты айқындайтын ізгі ұғымдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының атауы мен мазмұнынан адам арманын іске асыруға жетелейтін осы асыл мұратты көрдік. Бұл – қоғамды қуантатын қағидаттар.
Дарон Аджемоғлы мен Джеймс Робинсон ныспылы америкалық экономистер бүкіл дүниенің арғы-бергі тарихын ақтара отырып, қазіргі мемлекеттердің даму жолын саралаған тамаша еңбегінде жетістіктің жолы ретінде инклюзивті қоғам құрудың пайдасын жан-жақты дәлелдейді. Жалпы, елімізде осы уақытқа дейін мүгедек жандарға көмек мәнінде, тар аяда қолданылып жүрген инклюзив ұғымының мағынасы өте кең. Оны түсіну үшін оған қарама-қарсы сипатта қолданылатын «экстрактивті» терминіне үңілген жөн. Қазақ елінің даму тарихында негізінен экстрактивті саяси және экономикалық институттар үстемдік құрды. Мемлекет құрылымында Қаңтар оқиғасынан кейін әшкереленіп жатқан көптеген келеңсіздік экстрактивті қоғамға терең еніп кеткеніміздің көрінісі. Бұл – санаулы топтан басқа халықты кедейшілікке ұшыратқан факторлар. Атап айтқанда, жемқорлық, диктатура, ақпараттық вакуум, экономиканың монополиялануы және басқа да дамуды тежейтін қолдан ұйымдастырылған кедергілер. Дәл осы экстрактивті институттар саяси билік пен материалдық игіліктерді таңдаулы ғана топтың иеленуіне жол ашып берді. Ал инклюзивті институттар дегеніміз – кез келген қоғамды өркендететін заңның әділеттілігі, адал бәсекелестік, сөз бостандығы, кәсіпкерлікті қолдау мен монополияны әділ реттеу, өндірістің өсімі, адам капиталын дамыту, тиімді банк жүйесі сияқты әр адамға пайдасы тиетін әділ жүйе. Міне, Президент қазіргі қазақ қоғамына осы әділетті жүйені енгізу арқылы елдің тиесілі еншісін беруді мақсат етіп отыр. Сондықтан Әділетті Қазақстан құрудың алғышарттарын ұсынған бұл Жолдаудың мәнін түсінудің әр отандасымыз үшін маңызы зор. Мұны жүзеге асыруға Қазақстанның ресурстары толық жеткілікті.
Жолдаудың бірінші бағдары жаңа экономикалық саясатты негіздейді. Экстрактивті ұғымының бір баламасы – қысым. Яғни мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуы көп жағдайда кәсіпкерлік ортаға қысым көрсетуге алып келеді. Президент мемлекеттің біртіндеп мұндай араласудан бас тартуы қажеттігін айтты. Бірақ бұл бәсекелік ортасы жоқ монополияға қатысты емес. Яғни мемлекет енді екі ортада тепе-теңдікті реттеуші рөліне көшеді.
Президент пәрменнен гөрі пайымға бейіл. Яғни сөз мемлекеттік күштеуге емес, ынталандыруға қатысты. Жаңа инновацияларға, цифрландыруға, адам капиталына басымдық беріледі. Осы орайда екі мысал айта кетсек.
Рим жазушысы Петроний бір әйнекшінің сынбайтын ыдыс жасап, оны Цезарьға сыйлық ретінде ұсынғанын жазады. Ол императордың көзінше ыдысты мәрмәр еденге тастай салады да, қайтадан көтеріп майысқан жерін түзеп қояды. «Мұндай ыдыс жасауды басқа адам біле ме?» дейді Цезарь. Құдайдың назарына іліктім деп ойлаған әйнекші «Ешкім білмейді» деп жауап қатады. Ал Цезарь оның басын алуға бұйырады. Өйткені бұл өнер баршаға белгілі болса, елде алтынның құны балшық құрлы болмас еді. Бұл гүлденген Рим империясы тоқырауының басы болуы әбден ықтимал. Ал Англия керісінше алғашқы өнеркәсіптік төңкеріске инвестицияны, сауданы, ең бастысы, инновацияны ынталандыратын меншік құқығын қорғаудың ағылшындық жүйесін енгізу арқылы қол жеткізді. Бұл аталған елдің бу машинасын ойлап табуы нәтижесінде, әлемдік экономиканың күре тамыры саналған темір жолдың дамуын жеделдетуіне жол ашты. Бүгінде де ең бай активтерге табиғи ресурстар емес, жасанды интеллект өнімдері ие болып отыр. Сондықтан еліміздің жаңашылдыққа бет бұруы, қоғам игілігіне қызмет ететін мамандарды қолдауы қажетті құптарлық қадам.
Ұлттық табысты әділ бөлу де ең әуелі ашықтықты қажет етеді. Соның нәтижесінде, әрбір азамат мемлекеттің қолдауын сезіне бастамақ. Жолдауда жаңа туған сәбиден бастап, оқу оқитын, кәсіп бастайтын жастар да, сәби баққан ана да, еңбек жолын тәмамдаған зейнеткер де, ешбір буын, еш санат қолдаудан қалыс қалмайтыны айтылды. Осы игіліктерге кепіл болатын заң мен тәртіп те нығайтылмақ. Сондықтан биылғы Жолдауды инклюзивті институттардың игілігін көруге жасалған қадам деуге болады. Ал Әділетті Қазақстан құру инклюзивті институттарды нығайтудан басталады.