• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2022

Кеусен

554 рет
көрсетілді

Көз ұшынан мұнартып Жаман Жалғызтау көрінеді. Тау етегін жанай өтетін Қамысақты өзенінің қос қапталы сыңсыған егін. Бейне бір шет-шегі жоқ сары теңіз тәрізді толықсып жатыр. Таспа жолдың қамшылар жақ беті де етек-жеңі кең пішілген егін алқаптары. Биыл көктем мен күзде жауын жиі болды. Шілдедегі қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстықта құнарлы жерге сіңірілген дәннің күнге бой сап өсуіне, уақтылы пісуіне әсер еткен болуы керек, сабақтағы дән қарсақтың құйрығындай бұлғақтап, басын көтере алмай тұр.

Көлігімізді жол шетіне доғардық. Ырыз­дық өскен жерді, егіннің жайын барла­мақпыз. Сәл ғана ескен самал желмен бірге дән иісі, нан иісі келетіндей. Көңіліңді қуанышқа бөлейтін осы бір жаймашуақ уақыттағы жан жадыратар леп игілік пен берекенің жаршысындай.

Әне, тайшаптырым жерде, астықты алқап­тың үстінде қайтқан қаздай тізіліп  да­ла кемелері кетіп барады. Ел игілігін жинау­да. Астықты алқаптардан ағылған қыруар автокөлік қызыл дәнді қырманға жеткізуде. Сүт пісірім уақыттан соң дән қоянжонданып үйілген қырман басына жеттік. Биылғы молшылық осы жерден көрініс табады. Қырман басындағы қызу, қарбалас тіршілік осы жайды аңғартқандай.

– Жинайтын ырыздықтарың мол болсын! – дедік қырман басындағы еңбеккерлерге.

– Жақсы келдіңдер, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, табан іздеріңмен береке ілесіп келіп жатыр, – деп әзілдеді ел ағасы Есенбай,  – қазір мына қапқа кеусен салып берейін.

Мал көздей шыққан Ырысты апайға да қырманшылардан бір шелек қызыл дән бұйырды. Өз­дері бұл экологиялық жағынан таза алқаптың дәні деп қояды.

– Баяғыда, – дейді Ырысты апай, – осы Қояндықызылдың бауырына еккен дәннің иісі мұрын жаратын. Сол бидайдан пісірген нан қандай тәтті еді?! Көптен бері сүйсініп нан жей алмай жүр едім, көп рахмет, балалар. Қазір неге екенін кім білсін, әлде дәріні көп себе ме, дәмі де өзгерді ғой.

Қызыл дәнді ағаш күрекпен сапырып жатқан жас жігіттердің бірі:

– Апай, сіздің үйге диірмен­нен ұн тартқызып алуға жететін бидайды өзіміз тегін жеткізіп береміз, – деп ақжарма көңілін білдіріп жатыр.

Аяқ астынан олжалы болған әжеміз де берекенің баста­уында жүрген жұртшылыққа тілектестігін білдірді. Қырман басындағы кеукеулескен көңілді әңгіме ел жайлы, елдің бүйірін шығаратын береке жайлы өрбіді. Әлден соң келген шаруамызды бітіріп, кейін қайтқанбыз. Жүргізуші бозбала кеусен деген қандай ұғымды білдіреді деп сұрады. Білгенімізді айтып жатырмыз. Бұрынғының дәстүрі. Мәселен, мал баққан қауым төл төгіні жақсы болса, көгентіп бермей ме? Бұл да солай, егін еккен жұрт мол өнім алса, ауылдағы тілектес ағайынға ырыздық дәмін татырады. Оның ар жағында бірлікпен келетін береке, қоғамдасқан қайырымдылық тәрізді ізгі ниет жатады. Түптеп келгенде, осылай бөлісу, сыйлап, ізет көрсету ұлтымыздың бойындағы жомарттықты аңғар­тады.

– Жақсы ырым екен, – деді жас жігіт, – әркім қолындағы барымен бөліссе, жоқшылық біздің елдің босағасынан аттай алмайтын шығар?!

 

Ақмола облысы