Нью-Йоркте өтіп жатқан US Open турниріндегі соңғы үмітіміз Юлия Путинцева екінші айналымда әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған германиялық теннисші Юле Нимайерден ұтылғаннан соң назарымыз жұптық сайыстарға ауды.
Отандастарымыздың арасынан Анна Данилина ғана үшінші кезеңге жолдама алды. Бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен иық тіресе ойнаған ол Алена Большова (Испания) мен Ульрикке Эйкерден (Норвегия) басым түсті – 6:1, 7:5. Енді олар 1/8 финалда Эллен Перес (Аустралия) және Николь Меликармен (АҚШ) шеберлік байқасады. Даниялық Хольгер Рунемен жұп құрған Александр Бублик Францияның өкілдері Кентен Гали мен Адриан Маннариноден жеңілді – 3:6, 7:5, 6:7. Александр Недовесов пен пәкістандық Айсам-Уль-Хак Куреши Марсело Аревало (Сальвадор) мен Жан Жюльен Ройерден (Нидерланд) ойсырай ұтылды – 0:6, 3:6.
Жасөспірімдердің іріктеу турнирінде Сандуғаш Кенжебаева нидерландық Роуз Мари Нейкампты 7:6, 6:2 есебімен ұтты. Өкінішке қарай, финалда ол польшалық Вероника Эвальдқа есе жіберді – 6:4, 0:6, 6:7. Есесіне Аружан Сағындықова өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бастапқыда қазақ қызы жапониялық Харука Хасегаваны қапы қалдырды – 6:4, 3:6, 7:6. Ал шешуші сында америкалық Джульетта Пареходан айласын асырды – 6:2, 6:3. Осылайша, Аружан негізгі жарыста өнер көрсету құрметіне ие болды.
Сонымен қатар әлемнің басқа да мемлекеттерінде теннисшілердің бірқатар турнирлері өтіп жатыр. Мәселен, Таиландтың Нонтабури қаласында аяқталған «Челленджер» санатындағы додада Бейбіт Жұқаев жартылай финалға дейін жетті. Бұл межеде қандасымыз франциялық Артур Казодан айласын асыра алмады – 1:6, 6:7. Испанияның Манакор қаласындағы жарыста Қазақстанның қос өкілі өнер көрсетіп, екеуі де ширек финалда жеңілді. Атап айтсақ, Михаил Кукушкин болгариялық Александр Лазаровтан ұтылса, Дмитрий Попко иорданиялық Абедалле Шелбайхуға есе жіберді.
Ал Лаостың астанасы – Вьентянда үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі басталды. 17 мемлекеттің өкілдері бас қосқан жарыста Қазақ елі намысын қарағандылық Алан Құрманғалиев қорғауда.ф