• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Қыркүйек, 2022

«Спартактың» қарсыласы анықталды

137 рет
көрсетілді

Осыған дейін біз аралас жекпе-жектегі ең белді промоушен – UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшылар Сергей Морозов пен Жалғас Жұмағұловтың қай кезде октагонға шығатыны және олардың қарсыластары кімдер екені жайында жазғанбыз («Алтын белбеу елде қалды». «ЕҚ», 26 тамыз, 2022 жыл). Енді өзге ұйымдарда күш сынасатын жерлестеріміз жайында әңгімелейік.

Қазіргі кезде Ресейдің АСА (Absolute Championship Akhmat) Гран-при турнирі өтіп жатқаны белгілі. Жеңіл салмақтылар арасындағы жарыстың жүлде қоры 800 мың АҚШ долларын құрйды. Сол соманың 200 мыңы бас жүлдені олжалаған оғыланға беріледі. Бақ сынаушылар қатарында «Спартак» деген жанама атпен танылған біздің Артем Резников та бар. Шығыс Қазақ­стан облысы Риддер қаласында дүниеге келген ол өзінің тұсаукескер кезде­суінде бразилиялық Дэйви Рамосты ұпай санымен ұтты. Жартылай финалда жерлесіміз дағыстандық Рашид Магомедов пен черкес Әли Багов арасындағы бәсекенің жеңім­пазымен күш сынасуға тиіс еді. Алайда осыдан біраз уақыт бұрын олар жекпе-жекке шыққанымен, бір-біріне соққы жұмсамай, октагонды айналып жүріп алды. Сан мың көрермен әбден мезі болды. Соған қатты наразы болған АСА промоушенінің қожайыны Майрбек Хасиев екеуін де жарыстан шеттеткен еді.

Сол кезден бері «Енді Артем кіммен айқасады?» деген сауал жекпе-жек десе, делебесі қозатын жанкүйерлерді жиі мазалады. Күні кеше АСА басшыларының кімге таңдауы түскені белгілі болды. Желтоқсан айында Мәскеуде жалауы желбірейтін жарыста «Спартак» Андрей Кошкинмен күш сынасады. 25 қыркүйекте 32 жасқа толғалы отырған Ресей спортшысының панкратионнан екі дүркін әлем чемпионы деген атағы бар. Жауынгерлік қоян-қолтық айқастан да біраз белесті бағын­дырған. 2013 жылдан бері аралас жекпе-жекке мықтап ден қойды. Сол аралықта 30 мәрте октагонға шығып, 22 рет басым­дық танытты. 12 қарсыласын есінен тандыр­ды. Көбіне-көп ол қол мен аяқтың соққыларына жүгінеді. Яғни тік тұрып жақсы төбелеседі. Осыдан тура тоғыз жыл бұрын Кошкиннің қазақстандық Игорь Свиридпен сайысқа түскені де есімізде. Сол жарыста Свирид қарсыласын бірінші раунд­та-ақ қылқындырып тастаған еді. Ал 2014 жылдың көктемінде ол тағы бір жерлесіміз Ислам Дзадзиевты нокаутпен ұтты.

2017 жылы Кошкин АСА-ның чем­пиондық белбеуі үшін таласты. Алайда Мәс­кеуде ұйымдастырылған жекпе-жекте ол жер­гілікті спортшы Эдуард Вартанянға есе жіберді. Өзінің соңғы жекпе-жегін ресейлік файтер үстіміздегі жылдың 22 шілдесінде қырғызстандық Алтынбек Мамашевқа қарсы өткізіп, оны ұпай санымен ұтты. Негізінен Андрей өзінің ауыр соққыларына сенім артса, Артем Резниковтің мықты балуан екені баршаға мәлім. Кезінде ол еркін күрестен жақсы нәтижелер көрсеткен.

Ал АСА Гран-приінің екінші жартылай финалдық бәсекесі Ереванда дүниеге келіп, бұл күндері Мәскеуде тұрып жатқан 31 жастағы Эдуард Вартанян мен Саратов облысында туған 27 жастағы чешен жігіті Юсуф Раисовтың арасында өтеді.