Мемлекет және қоғам қайраткері Оңалсын Жұмабековтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тегімізді жазуды қашан түзейміз?» (18 мамыр 2021) атты бүгінгі қоғамымыздағы көкейкесті мәселелердің бірін қозғаған көлемді мақаласына қатысты өз пікірімді бөліскім келді. Автор көтерген тақырып әлі күнге дейін өзекті. Тіпті біраз уақытқа дейін күн тәртібінен түспейтіні анық. Қалай болғанда да қоғам болып, мемлекеттік билік өкілдері болып, зиялы қауымның пікірін елеп-ескере отырып, тегімізді жазуда заңдық тұрғыдан ортақ бір тоқтамға келгеніміз жөн.
«Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Сонымен қатар кеңес заманында жол берілген кемшіліктің бәрін түзетіп болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен, ұлтымыздың ерекшелігін айқын білдіретін белгі – аты-жөнімізді жазуда бірізділік жоқ. Өкінішке қарай, «ов», «ев», «ин» деген жалғаудан әлі құтыла алмай жүрміз» деп, мақала авторы орынды ой қозғайды. Бұл мәселе қазақпын деген әр азаматты бейжай қалдырмайды. Текті біркелкі жазу жөнінде сөз қозғай қалсаң болды, қызу пікірталасқа ұласады.
Автор мақаласында тегімізді жазуда көптеген нақты деректі алға тартады. Бәрі орынды, бәрі өзекті. Ол өз ойын «Ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы – қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Исламұлы Жұмабектен деп жазылғаны дұрыс деп есептеймін. Басқа түбірлік негіздерді алсақ, «Наурызбайдан», «Сүлейменнен», «Есжаннан», «Болаттан»...» деп тұжырымдайды. Сонымен қатар өзін жиі толғандырған елдік мәселені жеріне жеткізе талқылай отырып, өз атын-жөнін жазу туралы айта келе, «Ұлты қазақ азаматтардың тегін «тен», «дан», «нан», «нен» деген жалғаулармен жазуды ұсынамын. Бұл жалғаулар «кімнің ұрпағы?», «кімнен тараған?», «тегі қандай?» деген сұрақтарға толығымен жауап беріп, ұлтымыз қазақ екенімізді айқын көрсетіп тұрады» деп, өзінің ұсынысын көпшілік талқысына салады.
Меніңше, автордың бұл ұсынысымен келісу, келіспеу – әркімнің өз еркіндегі, өз ықтиярындағы жайт. Тек менің айтпағым, автордың айтқанына ден қойып, көп болып кеңесіп, бір шешімге келуге ұмтылыс жасау – азаматтық парызымыз.
Ең алдымен, мұндай елдік мәселе талқыланғанда, заңға жүгінеріміз анық. Мысалы, қазіргі кезде аты-жөнімізден «ов», «ев»-ті алып тастап жазу үшін Қазақстан Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №2923 Жарлығына сүйенетінімізді көпшілік жақсы біледі. Сол заңдық құжатқа сәйкес бұрынғы Қалқаев деген тегімді кеңестік кезеңнің сарқыншағы ретінде алып жүргім келмей, Қалқа деп өзгерттім. Жеке куәлігім мен паспортымда да солай жазылған.
Бұл ереженің тегімізді қазақыландыруда көп септігі тиді. Ендігі кезекте тегімізді дұрыс әрі нақты жазуда жаңаша көзқарас қажет. Біз тегімізді атасақ немесе ақ қағаз бетіне жаза қалсақ, сол сәтінде-ақ қазақ екеніміз бірден аңғарылуы тиіс. Ол ұлттық бірегейлікке қадам басу деген сөз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз» деп атап өтті.
Яғни тегіміз арқылы қазақ ұлтынан екендігіміз ерекше айқындалып тұруға тиіс. Ол үшін қазіргі қолданыстағы «ов», «ев»-ті алып тастап, атамыздың түбірін қалдырған тегіміз Мұрат (ов), Нәби (ев), т.б.) басқа ұлт өкілдері тарапынан түсініспеушілік тудырып жатқаны шындық. Бұл өз басымнан өтті. Кейде атамның атымен атағанда не дерімді білмей қаламын. Көбінесе солай. Балаларды Сәбит Мұрат, Қымбат Нәби деп атамыздың атына жаздық делік. Біріншісі оның аты, екіншісі тегі екенін біз білгенімізбен, басқа ұлт өкілдері қайсысы қыз бала, қайсысы ер азамат екенін ажырата алмай әлекке түседі. Осындай нақты фактілерге сүйене отырып айтарым, тегімізді жазуда түсінбеушіліктер туындамас үшін әлі де болса жетілдіре түскеніміз жөн.
Екіншіден, қазақ халқында келін атасының атын еш уақытта атамаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Менің 85 жастан асқан анам Әлімхан Қадырқызы әлі күнге дейін қайныларын, менің кіші әкелерімді аттарымен атамайды. Жас ерекшеліктеріне, әрқайсысының мінез-құлықтарына қарай, Омар ағама «тетелес», Нұрахман ағама «мырза жігіт», Нұрымхан ағама «төре жігіт», Жұман ағама «еншілес», Олан ағама «кішкенем», әкемнің қарындасы Секер тәтеме «ерке қыз» деп, келін болып түскен сонау кеңестік қызыл саясат кезінде-ақ ат қойып алған, бүгінге дейін солай атайды. Қазір ғой, әрбір шаңырақта келіндер атасының атын сан мәрте атап, құлақтарын күнде шулатып жатады. Ұят нәрсе. Ұлттық әдетке жат, ғұрыпқа көлеңке түсіретін-ақ жайт. Меніңше, қыздар тұрмысқа шыққанда өзінің тегінде қалғандары жөн сияқты.
Үшіншіден, ұлттық құндылығымызды құнттау мақсатында тегімізді «қызы», «ұлы» деген сөздермен алмастырсақ қалай болар еді. Аталарымыздың аты атаусыз қалады деп қам жеудің қажеті шамалы. Шежіреміз бар емес пе?! Қазіргі уақытта әр рудың шежіресі кітап болып қатталып, әр шаңырақтың төрінен орын алып жатқанын білеміз. Оның үстіне, технология күн санап емес, сағат санап дамыған мына дүниеде әкеңіздің әкесі тұрмақ, нағашыларыңыздың атын жазып қалсаңыз болды, қажетті деректерді алдыңызға тарта қояды. Оқыңыз да, жадыңызға тоқыңыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, көпшілікке танымал тұлға Оңалсын Жұмабековтің қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазу мәселесін түбегейлі шешу үшін құрамында ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекеттік және қоғамдық органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар мемлекеттік деңгейде арнайы жұмыс тобын құру, ұлты қазақ азаматтардың тегін (өз аты және әкесінің аты сұрақ тудырмайды) жазуға байланысты жаңа ресми құжаттың жобасын әзірлеу, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер, толықтырулар мен қосымшалар әзірлеу туралы ұсыныстарын қолдаймын. Өзіміз болып осы тақырыпты қолға алмасақ, көпшілік болып кеңесіп, бір тоқтамға келмесек, тегімізді сырттан біреу келіп анықтап бермейді, бізге ешкім де ереже жазып бермейді. Бұл – ақиқат.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» деген сөздері біздің ойымызбен ұштасып жатқаны анық. Ендеше, осы өзекті мәселені көп болып кеңесіп, жұртшылық болып шешелік, ағайын!
Бұл тақырып қазіргі уақытта жеке бастың емес, жалпы халқымыздың, қазақ ұлтының мүддесі екенін түсінетін, түйсінетін кезіміз келді. Сондықтан да ұтымды пікірге тоқтайтын, ұтқыр шешім қабылдайтын, ұлтымыз тегімізден айқындалып тұратын ережені заңдық тұрғыдан бекітіп алғанымыз абзал. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын?!
Нұрлан ҚАЛҚА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі