Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізуді ұсынды. Президент атап өткендей, мұның орта тапқа қатысы жоқ. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Қысқасы, бай-бағландардан ғана ұсталмақ.
Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екені анық. Сондықтан Президент фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін айтты. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс екенін де алға тартты.
– Сондай-ақ жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек. Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек. Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста Президент айтқан сән-салтанат салығы туралы әңгіме біздің қоғамда соңғы бірнеше жылда кеңінен айтылып келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Тіпті депутаттардың да Үкіметке арнайы сауал жолдағаны есімізде. Халық қалаулыларының пікіріне сүйенсек, ауқатты қазақстандықтар халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі керек және өз байлығын елдің дамуына бағыттауға тиіс.
Оның үстіне осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде олигополия проблемасының бар екеніне бірнеше рет назар аударған болатын. Бұл жағдай қоғамды жік-жікке бөліп, елдегі жаппай толқуларға себеп болуы мүмкін екені де айтылған еді. Мемлекет басшысының Жолдауда бұған назар аударуы бірнеше жыл бойы көтеріліп келе жатқан сән-салтанат салығына қатысты мәселеге нүкте қоятындай.
Сән-салтанат салығы қалай ұсталады? Оған қандай дүние-мүлік жатады? Бұл туралы нақты ештеңе айтылмағанымен, арагідік түрлі ақпараттар таралып келеді. Соның бірінде мұндай салық Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati, ұшақ пен тікұшақ, яхта, сондай-ақ аумағы 300-400 шаршы метрден асатын жылжымайтын мүлік сатып алғанда ұсталатыны айтылған. Мұндай қымбат дүниелерді тек дәулетті отандастарымыздың ғана қалтасы көтерері анық.
Экономист Талғат Демесіновтің пікіріне қарағанда, сән-салтанат салығын салу туралы әңгіме айтыла бастағаннан-ақ бұған күмәнмен қарағандар көп болды. Өйткені мұндай норма біздің қоғам үшін мүмкін еместей көрінген еді. Жоқ, олай емес екен. Президенттің өзі арнайы тапсырма бергенін ескерсек, бұл бастама жақын уақытта-ақ жүзеге асырылмақ.
– Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы ұлттық табысты әділ бөлу туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Сән-салтанат салығы да осымен үндес дүние. Сондықтан мұны саяси нәрсе деп қабылдауға да болады. Президент қоғамның наразылығына осылай үн қатты және бұл дұрыс қадам болды. Мемлекет басшысы әлеуметтік сұранысты қанағаттандырды. Президент Қазақстанның байлығының тең жартысы 162 адамның қолында екенін жариялағаны есімізде. Демек, олар өзгелерге қарағанда салықты көбірек төлеуі керек. Бұл әділет тұрғысынан алғанда да дұрыс болмақ, – дейді экономист.
Алайда ол салықтың жаңа түрі анау айтқандай макроэкономикалық әсер әкеледі дегенге сенбейді. Өйткені оның мемлекеттік кірістер құрылымындағы үлесі шамалы ғана болмақ. «Сондықтан жаңа салықты басқару үшін адами ресурстарды бөлудің қажеттілігі шамалы. Десе де, бұл қадам әлеуметтік сұранысты қанағаттандырып отыр. Дәл қазіргі уақытта біздің қоғам үшін маңыздысы да осы, – дейді ол.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікіріне ден қойсақ, сән-салтанат салығы арқылы мемлекет қазынаны толықтыруды көздеп отырғаны анық. Алайда алдымен «сән-салтанат» ұғымын айқындап алу маңызды. Әйтпесе, мұның түбі тағы да сыбайлас жемқорлыққа ұласуы мүмкін.
– Мысалы, қымбат көлікті жеке пайдалану үшін сатып алса, мұны сән-салтанат салығы деп қарастыруға болады. Ал көлік компания қажеттілігі үшін сатып алынса ше? Онда бұл қажеттілік болып саналады. Міне, осы екеуінің аражігін ажыратып алу керек. Өз басым, бұл қадам салықтық түсімдерді анау айтқандай арттырады дегенге сенбеймін. Есесіне, қазынаны толықтырудың басқа да жолдары бар екенін айтқым келеді. Мысалы, пәтерді жалға берумен айналысатындарды назарға алуға болады. Оларды жоқ дегенде 3 пайыздық салық төлетуге мәжбүрлетсек, айтарлықтай түсім түсер еді. Сол секілді криптовалюта операцияларымен айналысатындарға және басқа да дәстүрлі бизнесті серік етіп жүргендерге салық төлетудің амалын қарастыруға болады. Әлбетте, сән-салтанат салығы тиімді. Бірақ осыдан кейін байлар дүние-мүлкін жасыра бастайды немесе норманы айналып өту үшін түрлі айла-шарғыларға барады, – дейді қаржыгер.
Елімізде сән-салтанат салығын енгізуді ұсынған жандардың бірі Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров болатын. Бірнеше жыл бойы осы мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауалдар жолдағаны да есімізде. Депутаттың пікіріне қарағанда, халықтың табыс деңгейіндегі айырмашылық жер мен көктей.
– Біз көтерген мәселеге Мемлекет басшысының көңіл аударғанына ризамыз. Шын мәнінде, халық қаржысын қанша үнемдесе де, қымбат автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті сатып алу деңгейі өсіп келеді. Кіріс пен тұтынудағы мұндай теңсіздікке қарамастан, біздің елде салық салу жүйесі бәріне бірдей тең қарайды. Өкінішке қарай, бұл экономикалық және әлеуметтік сұраныстың болмауына алып келеді. Сән-салтанат салығы енгізілген кезде әлеуметтік меценаттықты көтермелей отырып, қайырымдылық шығыстарына шегерімдер белгіленуге тиіс, – дейді депутат.
Десе де, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, сән-салтанат салығын енгізген кезде әдетте елден капитал жылыстай бастайды. BBC-дің жазуынша, мұндай салық Мексикада, Аустралияда және Мажарстанда жұмыс істейді. Таиланд пен Чилиде, Тунис пен Алжирде де осыған ұқсас салықтар бар. Франция, Италия, Аргентина, Үндістан мен Швейцария мемлекеттерінде де қымбат дүние мүлікке салық салынады.