• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Қыркүйек, 2022

Әділеттілік – берекелі қоғамның бастауы

1902 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту негізгі мәселе екенін атап өтіп, Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеу жөнінде арнайы тапсырма берді.

Өзім ауыл шаруашылығы саласы­ның маманы болған соң, осы бағытта көп жыл еңбек еттім. Бүгінгі таңда ғалымдардың жаңалықтары өндіріс саласына енбей жатыр. Ғылым мен өндірісте тығыз байланыс жоқ. Ғылым өз алдына, өнеркәсіп пен шаруашы­лық өз алдына дамуда. Ал ғылым­ның жетістігі іс жүзінде жүзеге аспаған елде экономикалық қарқынды серпіліс те болмайтыны анық. Мәселен, біздің өндіріп жатқан бидай, арпа, жүгері және басқа дақылдардың өнімділік көрсеткіштері төмен. Баяғы кеңес дәуіріндегі деңгейде қалып қойған. Бір гектардан ең жоғары дегеннің өзінде 17-20 центнерден алдық деп мәз боламыз. Ал дамыған шетелдерде бидайдың шығымдылығы гектарына 60-70 центнерден келеді, тіпті 100 центнерге жеткізгендері де бар. Ауыл шаруашылығын дұрыс жолға қойып алған елдерде бидайдың небір керемет сұрыптары бар. Елімізде ізденіс жасайтын азаматтар аз емес. Айталық, Жамбыл облысының Қордай ауданында бір топ жігіт игілікті істі қолға алып, Франция және басқа шетелден бидайдың жаңа төрт-бес сұрыбын алып келіп, алқапқа септі. Сол алқаптан 70 центнерге дейін өнім алғанын көзіміз көрді. Өндірісте үлкен жетіс­тікке ғылыми жаңалықтары ар­қы­лы жетуге болады. Бұл соның бір дәлелі ғана. Осы орайда, ғалымдардың алдында үлкен міндеттер тұр. Жаңа құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған бағытқа баса көңіл бөліп, тың бастамаларды жүзеге асырса, отандық өнімнің табысы да арта түспек.

Өйткені болашақта азық-түлік өнімдері үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Өз халқымызды қамтамасыз етіп, артығын шетелге өңдеп сататын болсақ, ел экономикасының өркен­деуіне сүбелі үлес болып қосылар еді.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Ешкім де сотқа еріккеннен бармайды. Әділетсіздік, қысым не жәбір көрсе, сотқа шағымданады. Ал «мені қорғайды» деген үмітпен барған соты дұрыс шешім шығармаса, не болмақ?! Халықты ашындыратын да осы жайт. Әділ қазылық жасау қай қоғамда да маңызды рөл атқарады. Биі әділ болмаған жерде береке де, бірлік те болмайды.

Осыны терең түсінген Қазақстан Пре­зиденті сот саласындағы қорда­ланған мәселелерге тоқталды. Әді­летті қоғам орнату үшін бірінші кезекте сот жүйесі әділ әрі тәуелсіз болуға тиіс. Бірнеше миллион қаражатты жымқырғандар ебін тауып, құтылып кетіп жүр. Ал майда-шүйде қылмысқа қатысты ұсталғандарды шыңғыртып соттап жатады. Мұның бәрі сот жүйесінің ескіргендігінен туып отыр. Осы секілді басқа да жағдайларда әділ шешім шықпаған соң, халықтың сот жүйесіне риза еместігі айтылып жүр. Қоғамның мұндай дертін жасыруға болмайды. Сот бір-біріне бағынысты болса, әділ шешім шығарады дегенге сену қиын.

Президент қоғамда заң үстемдігі орын алып, сот төрелігі әділ болуы үшін судьяларды да сайлау арқы­лы таңдау және үміткерлерді баламалы негізде ұсыну тәсілін енгізу қажет екенін айтты. Сонда ғана судьялардың дербестігі артады. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі күш құрылымдары сотқа ықпал етпеуге тиіс екенін және судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керектігін баса айтты. Бұл бастаманы халық қуана қабыл алуда.

Мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі өзгерістер болатыны өте құптарлық жайт. Әрбір қызмет­кер өзіне жүктелген үлкен жауапкер­шілікті сезіне отырып, елдің мүддесі үшін еңбек етуі қажет. Сонда ғана біз өркениетті әрі әділ қоғам құра аламыз. Қазір жариялылық заманы. Ештеңені жасыра алмайсың. Телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы кейбір басшылардың өрескел қателіктері, жат қылық көрсеткені елге тез тарап кетеді. Өңір басшылары да сынға ілігіп жатады. Халықпен жұмыс істей білу кез келген адамның қолынан келе бермейді! Ол үшін бір адамның бойында ондаған қасиет болуға тиіс. Соның ішінде іскерлік, шебер ұйымдастырушылық, адамгершілік, білім мен біліктілік, парасат пен па­йым қажет. Жұмысты жүйелі жүргізу, оң нәтижеге қол жеткізу басшыға тікелей байланысты.

Жолдауда ескертулер де айтылды, жаңа бағыттар да берілді. Президент кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жасалатынын жеткізді. Оларға жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалатын болды. Сондай-ақ құлшынып тұрған жастарға кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау жасалатыны, оларға жеңілдетілген тәртіппен шағын несие берілетіні айтылды. Бұл – өскелең ұрпақ өкілдеріне білдірілген үлкен сенім. Кәсіп жасап, отбасымды асыраймын, елімнің дамуына пайдам тиеді деп тұрған аза­маттардың қолтығынан демеп жіберсек, ертең-ақ экономикамыздың бәсекеге қабілетті болуына, халықтың жағдайы жақсаруына ықпал ететіні ақиқат.

Ұлттық қордан және «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасынан әлеуметтік салаларға қаржы бөлініп, соның ішінде балалар үшін жаңа бағдарламалар қолға алынатын болды. Жеріміздің асты мен үстіндегі байлығынан түсетін табыс та халықтың игілігіне жұмсалмақ.

Мемлекет басшысы жас ұрпақтың келешегіне жанашырлықпен алаң­даушылығын білдірді. Есірткі өнім­дерін неше түрлі жолдармен сата­тындарға тыйым салу керек екенін ескерте келе, тиісті органдарға онымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының елді елең еткізген жаңалығы – Президент мандатының ұзақтығын 7 жылға ұзарту және оның сайлануын бір-ақ мерзіммен шектеу туралы шешімі. Ол халықтың көңілінен шығатын ойды дөп басты. Әлемде мұндай жаңалықтар сирек болады.

Бұл Жолдауда құрғақ уәде немесе күні ертең-ақ ғажайып жетістіктерге жетеміз деген ұрандар болған жоқ. Халықты толғандырып отырған қазіргі күрделі қоғамда өзекті проблемаларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.

Жолдауда қамтылған мәселелердің бәрі іске асуы керек. Ол үшін тиісті заң­дарға өзгерістер енгізілгені жөн. Мұның бәрі мемлекетіміз бен халқы­мыз үшін жасалған игілік болады.

Біздің халық әлемдік қоғам­дастықта беделі зор, мәртебесі биік, әділетті Қазақстанды көргісі келеді. Президенттің Жолдаудағы тың бас­тамалары осы елдік мүдденің берік іргетасы болып қалануын тілейміз.

 

Құрманғали УӘЛИ,

қоғам қайраткері