• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қыркүйек, 2022

Тіркелмеген көлікті заңдастыруға мүмкіндік

566 рет
көрсетілді

Жуырдағы Президент Жолдауынан кейін көліктерді тіркеу мәселесі қайта көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмір таққан автомобильдер тақырыбына ерекше көңіл аударып, автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталды. Мемлекет басшысы кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім екенін, заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айта келіп, заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл іс-шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Осы орайда Президент биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керегін, оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынды. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара.

Қазақстанның автокөлік паркі ескіргенін білу қиын емес, көшеге көз салсаңыз жеткілікті. Шыққанына 15-20 жыл өтіп, әбден майсіңді болған жеңіл көліктер басым. Амал жоқ, халық «заңсыз да болса тәуір көлік мінейік» деген ұстанымға көшті. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы үш жылда 2 мыңнан астам заңсыз көлік құралы тіркеліпті. Яғни осыдан бірер ай бұрын ІІМ арнайы өкілі Шұғыла Тұрлыбек еліміздің 7 өңірінде жақын шетелдерден әкелінген көліктерді Қазақстан Республикасында заңсыз есепке қою бойынша қылмыс­тық істердің тергеліп жатқанын хабарлаған еді. 2 мыңнан астам көлік заңсыз тіркеліп, мемле­кетке 10 млрд теңгеден астам шығын келген.

Соңғы жылдары Грузия, Моңғолия, Армения, Қырғызстан елдерінен көлік алып келу үрдіске айналды. Бұл ретте ең көп үлес Ресейге тиесілі. Салалық ведомство дерегі бойынша, ел аумағында ресейлік есептегі 200 мыңнан астам көлік жүр. Соның 80 мыңы – РФ есебінен шығарыл­ған, тиісінше Қазақстан есебіне де қойылмаған. Былтыр жыл соңында ресейлік нөмір таққан көлік иелері жиналып, көліктерін заңдастырып беруді талап еткен еді. Одан кейін қоғам белсенділері тарапынан утиль алымды жою, тым құрығанда утиль алым мен бастапқы тіркеудің құнын 100 мың теңгеден асырмау талабы қойылды. Бұл мәселе қоғам мен Экология министрлігі арасында үлкен диалог жасауға да сеп болды. Алайда министрлік утиль алым құнын 50 пайызға төмендетумен шектелді де, бұл тараптағы әңгіме әрі қарай жалғасқан жоқ-ты.

Автоблогер Олжас Оқастың айтуынша, Президенттің Жолдаудағы осы мәселеге қатысты сөзі әзірге ұсыныс қана. Сондықтан оның нақты тәртібі жарияланғанша дөп басып айту қиын болмақ. Бір анығы, елімізде оң жақ рульді көліктерді және Еуро-4 эколо­гиялық санатына сәйкес келмейтін автокөліктерді бастапқы тіркеуге тыйым салынған. Демек, ондай көліктер Мемлекет басшысы жариялаған жеңілдіктің игілігін пайдалана алмайды.

«Сондай-ақ Қазақстан Еура­зиялық экономикалық одақтың мүшесі екенін де ұмытпайық. Грузиядан әкелінген ескі көлікті арзанға тіркеу мүмкін емес. «Двойниктер» және жалған құжат­пен жүрген көліктер қуда­ланып, көшені тазарту басталады деген сөз. Ресейлік тіркеудегі көліктер де Президент айтқан жеңілдік аясында өтпейді. Демек, бұл акция ертеректе сары нөмір алған көлік иелеріне арналған. Сол ресімнен өтушілердің көлігі ғана тап-таза болып шығады», деді О.Оқас.

Утиль алымы мәселесіне байланысты қозғалыстың жетекшісі, белсенді Нұраддин Садықов та Президент бастамасына орай пікір білдіріп, Мемлекет басшы­сының ұсынысы ресейлік және армениялық көліктерге байланыс­ты екенін жеткізді.

«Тіркелетін көліктердің барлы­ғы техникалық регламентке сай болуы қажет деген талап айтылды. Сондай-ақ криминалдық тарихы болмауы керек. Жалған құжат пен егіз нөмірмен жүргендер де бұл жеңілдікке ілікпейді. Демек, бұл жеңілдік шамамен 100 мың көліктің ғана шаруасын жеңілдетеді. Яғни жалпы елдегі көлік тапшылығы проблемасын шешпейді», дейді ол.

Мемлекеттік кірістер комитеті­нің хабарлауынша, 2019 жылдың басынан 2022 жылғы шілдеге дейін 121 829 автомобиль уақытша әкелу шартымен Қазақстан аумағына кіргізілген. Бұл былтыр ресми дилерлер сатқан көлік санынан (117 590 дана) сәл көп. Комитет ЕАЭО-ға мүше емес елден келетін көлік шетелдік тауар деп саналатынын әрі ол кедендік бақылаудан өтетінін мәлімдеді. Демек, оларды тиісті төлемдерді толық төлеп, кедендік рәсімдеуден өткен соң ғана Қазақстанда пайдалануға болады. Мұндай машиналардың елде уақытша жүру мерзімі бір жыл ғана, одан кейін көлік Қазақстан аумағынан шығуы керек.

Жыл басында утиль алым ставкасы мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтіп, сол жерде қоғам белсендісі Кирилл Павлов «егер автомобильдің криминалға қатысы жоқ болса, онда утиль алым құны – 100 мың теңге, бастапқы тіркеу 100 мың теңге болғаны жөн, сөйтіп олар «сары» нөмір ала алады» деген пікір білдірген еді. Оның ойымен «Общая дорога» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының директоры Арсен Шакуов та келіскен.

«Келіспеушілік утиль алыммен емес, әкелінген көлікті заң­дастырудың мүмкін емес­тігі­­мен байланысты. Авто­көлік жүр­гізушілері утиль алым ай­на­­ласындағы «популистік соғыс­тардың» құрбанына айналды. Бұл әбігерлікті тоқтату керек. Егер көлік «Еуро-4» стандартына сәйкес келсе, онда 100 мың теңге төлесін де, заңдастырылсын», деген еді А.Шакуов.

Автомобиль бизнесі қауым­дастығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елде криминалдық тарихы бар, техникалық регламентке сай келмейтін көліктер көбейіп кеткендіктен нарықты тазалау, көлік әкелуді заңдастыру өте маңызды.

«Осының салдарынан азаматтарымыз зардап шегіп жатыр, көбі алданып та қалды. Тұтынушы құқығы қорғалмаған. 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыруға келер болсақ, 2020 жылдың қаңтарындағы оқиға еске түседі. Ол кезде ондай авто­көліктердің уақытша тіркеуге тұруына мүмкіндік берілген еді», деп мәлімдейді қауымдастық.