Әзербайжанның астанасы – Бакуде каратэден төртінші Премьер-лига додасы аяқталды. Бұл жарысқа әлемнің 58 мемлекетінен келген 350-ге тарта спортшы қатысты.
Каспий теңізінің арғы жағалауынан Қазақстанның ұлттық құрамасы олжалы оралды. Кіл мықтылардың басын қосқан байрақты бәсекеде 75 кило салмақта күш сынасқан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы Нұрқанат Әжіқановқа тең келер ешкім табылмады. Қарсы келгендерді қоғадай жапырған қазақ каратэшісі бас жүлдені қанжығасына байлады. 60 кило салмақтағы Қайсар Алпысбайдың да аяқалысы жаман емес еді. Бастапқы бәсекелерінің барлығын жеңіспен аяқтаған сақа спортшымыз жартылай финалда есе жіберіп, қола медальды қанағат тұтты. 67 кило салмақта сайысқа түскен Дидар Әмірәлі де дәл сол межеден көрінді. Нәтижесінде, жерлестеріміз Бакудегі бәсекені 1 алтын және 2 қоламен қорытындылады.