Бүгінде «Шәушен» шаруа қожалығының игілікті тірліктерін бір Жамбыл облысының жұрты ғана емес, бүкіл ел біледі. Ағайынды Қали, Сайрамбай және Мейрамбай Дөненбаевтардың елге жасап отырған жақсылықтарын, қайырымды істерін бұл жақтың адамдары аңыз қып айтады. Шынында «Ауылына қарап азаматын таны» деген, бұл азаматтардың кіндік қаны тамған ақ басты Алатаудың етегінде жатқан Жарлысу бұл күнде төрт құбыласы сай, ең ажарлы, көрікті ауылдың бірі десе де болғандай.
Ағайынды іскер жігіттер мал шаруашылығын дамытып, ауыл жастарына жұмыс тауып беріп отырса, қайбір жылы әр малшысына жеке-жеке үй, қора-қопсы соғып беріп, елдің үлкен алғысын алған. Дөненбаевтардың елге жасап жүрген жақсылықтары бір бұл ғана емес. Осы ауыл төрінен орын тепкен айы аспанмен таласқан Алла үйі, медресе, екі қабатты интернат үйі, мектеп (қаржылай көмек көрсеткен), бәрі-бәрі осы жігіттердің демеушілігі арқасында пайда болды. Қазір бұл еңселі ғимараттар көздің жауын алып, жап-жасыл ауылдың көркін тіптен ашып тұр.
Енді, міне, Жеңіс мерекесі күні «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев Жарлысу ауылынан 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш ашты. Ескерткіш маңы аббаттандырылып, субұрқақ орнатылып, бұл іске бас-аяғы 50 миллион теңге жұмсалды. Елді жаппай ашаршылық жайлаған сол бір зұлмат жылдары осы төңіректегі ауылдардан небәрі 70-тей отбасы ғана аман қалған екен. Ал Ұлы Отан соғысы басталғанда Жарлысудан 200-ге жуық азамат майданға аттанып, соның 80-ге жуығы ғана қайта оралыпты. «Бұл ескерткіш сол марқұмдарға деген құрмет. Сүйектері әр қиырда қалған сол боздақтарды бүгінгі жастар еске алып, осы ескерткішке келген сайын рухтарына құран бағыштап жүрсін. Кейінгі ұрпақ елдің басынан қандай қиын жағдайлардың өткенін сезініп, қаншама азаматтарымыздың елді қорғауда аянбай күрескенін білсін. Солардың ерлігі жас ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен осы ескеркішті аштық», дейді бұл жөнінде Сайрамбай Дөненбаев.
Міне, осындай атпал азаматтар тұрғанда ауыл еңсесі ешқашан төмен түспесе керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, бұл күні Жарлысу ауылында аруақтарға ас беріліп, құран бағышталып, жиын соңы қазақтың ұлттық ойыны көкпарға ұласты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.