Николай Павлович Аштеманың шеберханасында өткен жазда болған едім. Сақал-шашы күмістей, сидам суретшімен танысуым өзіме олжа болды. Облыстық мұрағат басшысы Алдияр Әубәкіров ертіп барған. Колымадан іссапардан келген беті. Сібірде сталиндік сүргінде болған бір қаймана қазақтың кенепке салынған суретін тауып қайтыпты. Алба-жұлбасы шыққан белгісіз қандасымыздың бейнесін әкесінің әлпетіндей әлпештеп, өңдеуге берген екен. Сол суретті көрмекке барып, көз қиығымызбен шеберхана ішін тінткілегенбіз. Табанымыз тиіп тұрған тар қуысқа тамырлы тарихымыз түп қопарыла көшіп келгендей әсер алған едік.
Бас редактор суретші Николай Павлович туралы суреттеме жазуға тапсырма жүктегенде, сол көрініс жадымызға орала кетті. Бір көрсем де бұрыннан бергі адамым сияқты. Өйткені ол қазақты біледі. Шеберханасында болған жанның оған күмәні болмайды. Қазақтың жан дүниесінің қылын шерте білген шығармашылық өкілін оқырман да білуге тиіс. Осы ойымызды бекіте түсіп, Николай Аштеманың шеберханасына тағы да ширыға қадам бастық.
Алдымыздан Абайдың, ой алыбының алып картинасы қарсы алды. Аяқталмаған полотно екен. Бір тақырыпқа бірнеше жұмыс арналған. Абай тұлғасын ашу оңай емес. Ұлы хакімнің бейнесін салып суретші кенебі мен бояуларын ысырып қойып, кофе қайнатты. Бояу мен кофе иісі аңқыған ала көлеңке шеберханада шертілген әңгіме ұлысты біріктіретін бір дүниенің риясыз өнер екенін байқатты.
Бейнелеу өнеріне кеш келген Николай Аштема 1942 жылы Украинаның Кировоград облысында туған. Ол айтады, оңтүстігіндегі Одессаға жақын бау-бақшалы Садовая хуторында көктемде желек гүлдеп, үйлерді жауып қалады екен. Алайда, аппақ гүлдерге малынған елді мекен бүгінде жоқ.
– 2011 жылы туған жеріме бардым. Үйімнің үйіндісі ғана қалыпты. Кеңес Одағы тараған соң көптеген елді мекендер жойылып кетті ғой. Әлеуметтік жағынан өмір сүруге тиімсіз болып, қаңыраған күйді менің хуторым да кешіпті. 30 жылдан кейін барған едім, танымай қалдым, Қазақстандағыдай емес, онда жаңа құрылыс мүлде жоқ, – деді Николай Павлович.
Суретшінің өмірін бірнеше кезеңде қарауға болады. Соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыр тұрмыс бала көңілінде жатталып қалған.
– Танктердің қаңқасы, жарылмаған снарядтар әр жерде жататын. Көптеген жігіттердің кембағал жүргенін көріп өстік. Соғыстан кейінгі жылдарда граната жарып ойнайтынбыз, – деп сабақтады сөзін суретші.
Үш жыл Куба елінде әуе күштеріне қарсы қорғаныс шебінде әскери қызметін өтеген соң Николай мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп, біраз уақыт құрылыс жоспарлау бөлімінің бастығы болады. Гидромелиоративтік техникумда алқапты суару-құрғату мамандығы бойынша білім алған бозбала әскерден келген соң Өзбекстандағы шөл далаға сұранады. Сол жылдары табиғаты қатаң өлкеде жұмыс істеушілердің еңбекақысына 60 пайыз үстеме қосылатын. Сырдария облысының Янгиер қаласында канал құрылысында жұмыс істеп жүріп, Ташкенттегі қаржы институтында сырттай оқиды. Алайда төртінші курста оқуды тастап кетеді. Тәуір қызмет, жоғары еңбекақы, аяқталуға жақын институттың барлығына қолды бір сілтеткен себеп – сурет салуға деген ынтықтық екен.
– Юрий Лебедев есімді кәсіби суретшімен танысқан соң бар ынтам бейнелеу өнеріне ауды. Юра орталықта өтіп жатқан пленумдар мен съездердің тапсырмасына байланысты Өзбекстанға еңбек етуге келген суретшілердің бірі-тін. Бірде: «Егер шынымен көңілің қаласа, жұмысыңды таста да, сурет салуды дұрыстап үйрен», деп суретшіге қажетті асай-мүсейлерін берді. Жас маман болғандықтан басшыларым жұмыстан жібермеуге тырысып бақты. Бірақ көнбедім. Осылайша, жоғары білімсіз, дипломсыз суретші-безендіруші болып жұмыс істей бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
Николай 1975 жылы Алматыға келіп, көркемсурет студиясында бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйрене бастайды. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оқуды үздік бітірген соң, оның алдында таңдау тұрған еді. Қолға тиген тілдей жолдамамен жіберген жағына жөнеп беретін жосығы бар заманда мұның өзі кездесе бермейтін мүмкіндік. «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, жердің жайлысы, әсіресе суретшілер үшін сүбедей. Курстастардың бірі Шығыс Қазақстанның табиғатын айтып тамсантқан соң, тамашаны көрмекке тартып кетеді. Шамаданын арқалаған жас шығармашылық адамын Шығыстың шырайлы келбеті бірден баураса керек. Осылайша оның Өскемендегі өмірі басталды. Осында келіп, шығармашылығын дамыта бастаған жас суретші ғимараттарды безендіру жұмыстарынан бөлек, түрлі жанрда картиналар салып, көрмелерге қатыса бастайды. Алматыда, Мәскеуде, шетелдерде жеке көрмелерін өткізеді. Жеті жыл өткен соң, яғни 1987 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанады. Ал тәуелсіздік жылдары Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Бұл – оның ризашылықпен еске алатын сәулелі шақтарының бірі.
Жаңа тұрпатты мемлекетпен бірге қоғам да аунап түсіп, нарық қиындықтары туады. Әсіресе, шығармашылық өкілдеріне тиген ауыр соққы суретшілерді де айналып өтпеді. Десе де, Николай Павлович бұл жолы кәсібінен бас тартпай, бояу қапшығын арқалап, суретшілікке басыбайлы кіріседі. Қазақ тарихын зерттеуге ден қойып, оқып-түйгендерін бейнелеу өнеріне арқау ете бастайды. Аштеманы өзгелерден өзгешелендіріп тұрғаны да осы – қазаққа жақын, жақын емес-ау, қазақтың өз қазанында қайнаған туындылары. Тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырған тарихи тұлғалар суретшінің қылқаламынан кесек-кесек туынды бөлып төгіледі. Барлығын тізбелемесек те, оның қылқаламынан шыққан «Аттила», «Аттиланың өлімі», «Тұмар патшайым», «Шыңғыс хан», «Қабанбай батыр» сынды әйгілі тұлғалардың майлы бояумен салынған бейнелері бейжай қалдырмасы анық.
– Қазақ инновация-гуманитарлық заң университетінің Өскемендегі филиалында сабақ беремін. Бірде студентімнің қолынан Тұмар патшайым туралы рефератты көзім шалып қалды. Оқып шығып, сақ тарихындағы батыр қыздың батыл образына бірден қызықтым. Алғашқы эскиздерін қағазға түсіріп қойдым. Сонан соң сақ тайпасы туралы еңбектерді іздестірдім. Бір тәулік ішінде кітапты оқып шығып, Тұмар патшайымды бейнеледім. Бұл картинаны Алматыдағы Тұңғыш Президенті қорына сыйға тарттым, – деді Николай Аштема.
Оның қылқаламынан отандық суретшілер қалам тарта қоймаған «Хан сайлау», «Жорық» сынды кең тынысты картиналар туды. Соңғы туынды Алматы мен Мәскеудегі мәртебелі көрмелерде өнерсүйер жұрт назарына ұсынылып, жоғары бағасын алды. Аллегориялық тәсілмен салынған жазба қаһармандығымен де, қатыгездігімен де түрлі ойға жетелейді, жеңіс салтанаты жігеріңді жанып, рухыңды қайрайды.
Аштема – Алтай жыршысы. Жауынгерлік өр рухты әспеттеген суретші жаны енді тәкаппар табиғатпен үйлесім тапқанда таңғалмасқа тағы әддің жоқ. «Марқакөл», «Тұманды Үлбі», «Мұзтау», «Ертіс», «Алтай шыңдары», «Айыртау», «Марқакөл жағасындағы Ұранқай ауылы», «Бұқтырма» сынды пейзаждар туған өлкенің тауы мен тасын сөйлетеді, қойнауына бүккен сырын суыртпақтап, жер жәннатының сұлу кейпін паш етеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткенін білмеген ұрпақтың болашағына бағдар жасай алмайтынын үнемі айтып келеді. Мені тарихқа қалам тербеу қызықтырады. Ауасын жұтып, суын ішкен соң осы ел мен жерге қызмет ету керек. Қазақстаннан басқа жаққа қоныс аударуды ойлаған емеспін. Оған құлқым да жоқ. Менің тамырым – осында. Қазақстанда тұрып, Еуропаны сала алмаймын. Маған қазақ ұлтының салт-дәстүрі, терең тарихы ұнайды, – деді ағынан жарылған Аштема.
Соңғы төрт жыл бойы өңірдегі мұражайдың ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» суретшілер байқауы өтіп келеді. Әр жылы бір тақырыпты қаузайтын байқау өткен жылы жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына арналды. Қаламгердің туған ауылы Шыңғыстайға барып, бірнеше жұмыстарын Оралханға арнаған суретші байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Былтыр Астанада өткен Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдық мерекесінде «Үздік шығармашылығы үшін» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Отыз жылдық шығармашылық жолында мыңнан астам картина салған, үнемі шеберханасынан табылатын, сурет салудан ләззат алатын Николай Павловичтің шәкірттері сан қиырда өз қолтаңбаларын қалдырып, абыройлы еңбек етіп жүр.
Бүгінгі бәсекелестік райында суретшілердің мәртебесі сұраныспен де өлшенетіні жасырын емес. Жақында Қытайдың Шәуешек қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерінде Николай Аштема алып барған 18 картина демде өтіп кетіпті. Қытайдағы өнерсүйер қауым суретші шығармаларын тағы да алуға қызығушылық білдіріп, ғаламтор арқылы сұрастырып жатқанын естідік.
Сурет – талғамға таразы, елдің өресін білдіретін өнер.
Ұлтты ұлықтаған ұлық өнердің бағасы әр кез биік!
Көрмелерден Николай Павлович Аштеманың картинасын көрсеңіз, бір үңілмей өтпеңіз!
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.