• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қыркүйек, 2022

Бұрымдылар Белградты бетке алды

282 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін Сербияда жалауы желбірейтін әлем чемпионаты қарсаңында біз бұған дейін еркін («Балуандар Сербияда белдеседі. «ЕҚ», 02.09.2022») және грек-рим күресінің («Белградта бас жүлде бұйыра ма? «ЕҚ», 06.09.2022») тарихына кеңінен тоқталған едік. Бүгінгі мақаламызда әйелдер күресінің жай-күйі жайында әңгімелеуді жөн көріп отырмыз.

Әйелдер күресінен әлем чемпио­наты 1987 жылдан бері үздіксіз ұйым­дастырылып келеді. Тұсаукесер турнирді Норвегияның Леренскуг қаласы қабыл­дады. Шыны керек, ол кездері спорттың бұл түрімен айналысатындар тым аз еді. Географиясы тар болғаннан кейін түрлі жарыстарға қатысушы командалардың да саны кем болды. Десек те кейіннен бұл олқылықтың орны толды. Әйелдер күресі Олимпия ойындарының бағдарламасына енетіні жайында еміс-еміс әңгіме шық­қаннан кейін-ақ боз кілемде белдесуге тәуекел еткен бұрымдылардың қатары күрт артты. Ал Олимпиаданың алғашқы жүл­делері 2004 жылы Грекияның астанасы – Афинада сарапқа салынды.

Әйелдер күресі Қазақстанға кешеуіл­деп жеткенімен, бұл өнерді біздің арулар жап-жақсы-ақ меңгерді. Әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 5 күміс және 7 қола медальды қоржынға салды. Барлығы – 12 жүлде. Жерлестеріміз 2007 жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жарыста Елена Шалыгина күміс ме­дальды иеленсе, қос Ольга – Смирнова мен Жәнібекова қолаға қол созды. 2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова финалда ұтылып, екінші орынды иеленді. 2009 жылы Хернингте Шалыгина үшінші сатыға жайғасты. 2010 жылы Мәскеуде Елена қайта күміс алды. 2011 жылы Ыс­танбұлда Ешімова қола жүлдені еншіледі. 2012 жылы Альбертада Гюзель Манюрова күміс медальды мойнында жарқыратты. 2013 жылы Екатерина Ларионова үздік үштікті түйіндеді. Одан кейінгі екі жарыстан қоржынымыз бос қайтса, 2016 жылы Будапештте Айым Әбділдина үшінші орынға табан тіреді. 2017 жылы Парижде және 2018 жылы Будапештте сәтсіздікке ұшырасақ, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда Валентина Исламова қола ме­дальды иемденді. Былтыр Ослода шы­мылдығы түрілген дүбірлі додада Жәмиля Бақбергенова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Жапонияның жұлдызы Масако Фуруитиге жол берді. Нәтижесінде, қазақ қызы күміс жүлдені олжалады.

10 қыркүйекте Белградта шымылдығы тү­рілетін жарыста әр жылдары әлем чемпионатында жүлде алған үш спортшымыз өнер көрсетеді. Олар – Жұлдыз Ешімова (53 кило), Елена Шалыгина (65 кило) және Жәмила Бақбергенова

(72 кило). Солардың арасынан біз Жәмилаға айрықша сенім артып отырмыз. 26 жас­тағы қазақ қызы өзі қатысқан соңғы төрт Азия біріншілігінің барлығынан олжалы оралды. 2020 мен 2022 жылдары алтыннан алқа тақса, 2019 жылы қола және 2021 жылы күміс медальды мойнына ілді.

Ал өзге әйгілі қос балуанымыз жа­йын­да пәлендей болжам айтудың өзі қиын. Себебі екеуі де ардагерлер сана­тында. Мәселен, Елена Шалыгина әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғы­рына көтеріліп қана қоймай, бес бірдей құрлық біріншілігінен олжалы оралды (2 алтын, 2 күміс,1 қола). Азия ойын­дары­ның жеңімпазы атанып, Бейжің Олим­пиадасында қола жүлдені иеленді. Бұл атақтардың барлығына ол 2007-2012 жылдар аралығында қол жеткізді. Содан кейін үлкен спорттан қол үзді. Бірақ Елена бауыры ыстық боз кілемді қимады. Араға 10 жыл салып, қайта сапқа тұрды. Нәтижесі жаман болған жоқ. 35 жастағы спортшы биыл ел чемпионатында топ жарып, Бакуде өткен Ислам ынтымақтастығы ойын­дарында алтын алды. Сол себепті де «Шалы­гина шау тартып қалды» деп айта алмаймыз.

34 жастағы Жұлдыз Ешімованың жанкештілігіне тамсанбау мүмкін емес. Оның үлкен спортта жүргеніне 20 жылға жуықтап қалды. Сол аралықта Ешімова әлем чемпионаты мен Азия ойындарында жүлделі орындарды еншіледі. Азия біріншілігінде сегіз рет жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Ол жүлделердің біреуі алтын, төртеуі күміс және үшеуі қола. Осы­дан 10 жыл бұрын Жұлдыз Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарына да қатысты. Бірақ Тұманды Альбионда оның жолы болмады.

Жалпы, Сербиядағы сайыста Жәмила Бақбергенованың сыңары – Мәдинаға да (72 кило) зор үміт артылып отыр. Оның да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Биыл ол Ұланбатырда өткен Азия чемпио­натында алдына жан салмады. Сондай-ақ алдағы дүбірлі додада Светлана Анкичева (50 кило), Марина Седнева (55 кило), Эмма Тисина (57 кило), Диана Қаюмова (59 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Гүлмарал Еркебаева (76 кило) сынды балуандарымыз ел намысын қорғайды.

Әйелдер күресі тарихына үңілсек, күрестің бұл түрінде Жапонияның балуан­дары үстемдік құруда. 1993-2021 жылдар аралығында ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында Күншығыс елінің қыздары 221 (77 алтын+23 күміс+21 қола) жүлде олжалады. Екінші сатыға АҚШ құрамасы жайғасты. Америкалық арулар 77 (20+26+31) медальды иемденді. Үшінші орында – Қытай. Аспанасты елінің спортшылары 63 (18+17+28) жүлде еншіледі. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Канада (11+11+23), Украина (9+7+19), Франция (8+11+7), Ресей (7+28+28), Бол­гария (7+4+9), Аустрия (5+1+1) және Швеция (4+9+14) құрамалары бар.