Шынында мал ұрлығы қашан тыйылады?
«Егемен Қазақстан» газетінде меншікті тілші Оралхан Дәуіт «Мал ұрлығы, ол қашан тыйылады?» (26.02.2014 жыл) деген орынды мәселе көтерді. Иә, ауылда бұл жағдайға тоқтау болмай тұр. Оның адам төзгісіз жағдайға жеткен тұстары баршылық. Мәселен, біздің ауданымыздың Сарыжаз, Тасашы ауылдарынан 6 адамнан құралған топтың бірнеше жылдан бері жүзге жуық ірі қара және жылқы ұрлап жүрген іс-әрекеттері анықталып, кінәлілер жауапқа тартылды. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде жарияланды да. Өткен жылы біздің Жылысай, Ұзынбұлақ ауылдарының жылқыларын атып, сойып әкету фактілері орын алған еді. Ең сорақысы жайылымдағы буаз биелерді атып, құлынын ақтарып тастап кететіні жанға батады. Буаз малға ауыз салғандардың ісін халқымыз қаныпезерлік деген. Мәселен, атақты «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында Сарыбай мен Қарабай құда болып уәделеседі ғой. Бірақ дүниеқор Қарабай Сарыбайға буаз марал атқызады. Сарыбай қайтыс болады. Осы арқылы оспадарлық оңалтпайтынын, тіпті соңы өлімге соқтыратынын көруге болады. Бұдан сабақ алсақ, қане. Жоғарыда біз айтқан ұрлықтың соңы сондай қасіретпен тынды. Үш адамнан құралған топтың біреуі ұрлық үстінде ұсталып, заң алдында жауап берсе, қашып жүрген екеуі жол апатына ұшырап, біреуі қайтыс болып, екіншісі мүгедек болып қалды. Жақында ауданымыздың Бөлексаз ауылында көптен мал ұрлығымен айналысып жүрген топ құрықталды. Мұндай ұрлықтарды тізбелеп айта берсек аз емес. Әр ауылда бар. Енді ұрлықты болдырмау үшін не істеуіміз керек, соған тоқталып, өз ойымды айтайын. Президентіміз жаңа Жолдауында ел халқының алдына өте жауапты міндеттер қойды. Таяу жылдары әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіміз қажеттігін алға тартты. Ол үшін экономикамыз, мәдениетіміз, білімділігіміз, сонымен бірге, тәртібіміз де алға дамуы керек. Шыны керек, бізде заңдылықты, тәртіпті қамтамасыз ететін ұйымдар мен мекемелердің бір жүйеге келген байланысы жоқ. Ең соңында тәртіпсіздікке ешкім де жауап бермей, құтылып шыға келеді. Сондықтан еліміз бойынша тәртіпті орнықтырудың бағдарламасы жасалып, кім неге жауап беретіндігі анықталуы керек секілді. Ең бірінші, өз баласының тәрбиесіне ата-ана жауапты болуға тиіс. Осы жерде көп жыл ұстаз болып істеп, өмірден өткен өз әкемді үлгі етемін. Әкем марқұм төртінші сыныпта оқып жүргенімде, кейін жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолымды бастағанда айтқан өсиеті, берген тәрбиесі әлі есімде. Ол: «Адал жұмыс істе, біреудің ала жібін аттама, ұрлық істеме» дейтін. Біз бір әке-шешеден туған он екіміз де осы өсиетті ешқашан естен шығарғанымыз жоқ. Әр ата-ана баласының тәрбиесіне осылай айрықша мән беруі керек. Екінші, жас ұрпаққа ата-анадан кейін тәрбие беріп қалыптастыратын ұстаздар қауымы. Әсіресе, сынып жетекшісінің жауапкершілігі ерекше. Балалардың мектептегі тәрбиесіне, мінез-құлқына ұстаздар айрықша мән беріп отырса екен деймін. Жыл соңында сыныптан сыныпқа көшерінде әр баланың мінездемелеріне жете көңіл аударып, ата-ана, мұғалім болып тәрбие үйретсе жас шыбықтай оқушы қисайып өспес еді. Иә, бізде өте білімді, тәрбиелі ұстаздар жеткілікті. Алайда, балаға білім, тәрбие беруде өз ісіне салғырт қарайтын, жүйелі түрде ізденіп отырмайтын мұғалімдер де, мектеп басшылары да кездеседі. Бұл өкінішті. Мұның жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Ұрлықты тоқтатумен ел болып күреспесе, өзінен-өзі тыйылмасы белгілі. Әсіресе, ел басқарып отырған азаматтар ойланып, бұл салада жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі туындайды. Мен – өзімнің еңбек жолымның соңғы 14 жылында ауылдық округ әкімі болып, халықпен тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын кезеңдерінде жұмыс істеген адаммын. Ол кезде жаппай жұмыс орындары қысқарып жатқан кезең еді. Округте екі-ақ адам жұмыс істеген кездеріміз болды. Оған қарағанда қазір жаңаша жұмыс істеуге толық жағдай жасалып отыр. Ауылдық округке оннан аса штат кестелері беріліп, автокөлік, қаржы бөлініп, жергілікті өзін-өзі басқаруға айрықша мән берілуде. Ол уақытта да ұрлық болды. Бізге бұл кемшілікті түзету, ұрлықты тию үшін нақтылы жұмыс істеуге тура келді. Ауыл тұрғындарымен келісе отырып, жүйелі міндеттер белгіледік. Малдары бар, жолға жақын отырған малшылардан кезекшіліктер ұйымдастырдық. Сатуға немесе басқа жақтарға тасымалданатын малдар есепке алынып, арнайы анықтамалар берілді. Учаскелік инспекторлар оны есепке алып отырды. Соның нәтижесінде жиырмадан аса ұрлықпен айналысқандар ұсталды. Соның біразы сол ауылдарда тұрып, кейін басқа жаққа көшіп кеткендер екен. «Ұрлық түбі – қорлық» – деген сөзді біздің халқымыз айтқан. Ұрлық жасап мандыған адамды көргеніміз жоқ. Біраз жылдан бері зейнеткерлікке шығып, ауылда ақсақалдар алқасының төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарып келемін. Халық сенім артқан екен оны жүзеге асыруға, сенімді ақтауға тиіссің. Ақсақалдар алқасы көптеген қылмыстың алдын алуда десем, артық айтқандық емес. Ауыл әкімімен, әйелдер, жастар ұйымдармен, учаскелік инспектормен бірлесе отырып жұмыс істейміз. Кейбір ұсақ тәртіпсіздікті өз отырыстарымызда қарап, кемшілікті ұзатпай түзетуді тапсырамыз. Елбасы, Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Тек соны тиімді пайдалан, адал қызмет ет. Өз халқыңды, өз ауылыңдағы адамдардың мал-мүлкін ұрлап өмір сүремін деу ағаттық. Бұл рухани мешеулік. Көріп, куә болып жүрміз. Үш-төрт гектар жерге көкөніс, басқа да дақылдар сеуіп соны көктем, жаз айларында күтіп мол өнім алып, дәулеті шалқып отырған отбасылар әр ауылдан табылады. Соны әрқайсымыз жақсы әдетке айналдырсақ ұрлық тынып, адамдық салтанат құрып, тұрмыс түзелер еді. Ендеше, жергілікті әкімдердің тәртіп, идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары ата-бабалары мұраға қалдырған қызметтей алаңсыз отыра бермей, бел шешіп еңбек ететін кез келді. Онсыз елдің жайы оңалмайды. Мал ұрлығы да жақында тыйылмайды. Иә, ұрлықтың үлкен кішісі жоқ деп әрқайсымыз оны болдырмауға атсалысуымыз керек. Марат ТАҚАБАЕВ, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ұзынбұлақ ауылы.
•
14 Мамыр, 2014
Ойды ой қозғайды
412 рет
көрсетілді