• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 06 Қыркүйек, 2022

Трансплантология: 3,5 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға зәру

575 рет
көрсетілді

Осыдан он шақты жыл бұрын Қазақ­станда қолға алынған алғашқы ағза ауыстыру операцияларын елге бірінші болып сүйіншілегеніміз есте. Осы аралықта отандық трансплантологтар жақсы тәжірибе жинақтап, талай науқастың өмірін ұзартқанымен, қай елді алсақ та мәйіттік донор мен ағза алмастыруға қатысты мәселе әлі де бар және бола да бермек. Бұл бір жағынан діни ұстанымдардан туындайтын шарттар болса, келесі қыры медицина мүмкіндіктері мен трансплантологиялық технологиялардың дамуына тәуелді.

Қалай десек те, аяқ астынан апатқа ұшырап, көз жұмғандардың, яки кенеттен қайтыс болған жағдайда жақынының рұқсатымен өз ағзаларын өзгелерге мұраға қалдыратын заңдары реттелген, жұмыс істеп тұрған мемлекеттер бар. Донорлық ағзаны пайдалануға қатысты заң елімізде де аз пікірталас тудырған жоқ. Алайда жұрттың пікірі екіге айырылып отырғанда, елімізде 3,5 мыңнан астам адамның ресми түрде ағза ауыстыруға мұқтаж және өмір мен өлімнің ортасында жатқанын айту керек. Бұл – шұғыл бүйрек, бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясын күтіп жүрген біреудің әкесі, енді біреудің көзінің ағы мен қарасындай жалғызы.

Елімізде ағза ауыстыру операциялары 2012 жылы қолға алынса, бүгінге дейін 2 мың аза­мат­тың ағзасы ауыстырылған. Нұр-Сұлтан қала­сының транспланттаушы-үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанованың мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда елімізде 44 трансплантация жасалған. Оның ішінде тірі донордан 37 операция, қайтыс болғаннан кейінгі донордан 7 опе­рация жасалды.

Жоғарыда атап өткендей, қазіргі уақытта 3 557 адам жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр алмас­тыру кезегінде тұр. Оның 82-сі – бала. Ағза­ға зәру науқастардың ішінде ең көп сұранысқа ие орган – бүйрек. Яғни 3 148 ересек адам мен 65 бала бүйрек алмастыру отасына зәру. Ал жүрек трансплантациясы 147 ересек пен 6 балаға керек. Өкпе алмастыру бойынша 17 адам кезек күтіп жүр.

Донорлық ағзаға зәрулік өзге мемлекеттерде де бар. Жуырда Алматыда гибридтік режімде, халықаралық деңгейдегі мамандардың қатысуымен Қазақстан хирургтерінің «Хирур­гия және трансплантологияның өзекті мәселе­лері» атты съезі өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жиынға Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Үндістан елдерінен арнайы делегациялар келсе, өзге шетелдік трансплантолог-хирургтер онлайн қатысып, баяндама жасады.

«Ағза жетіспеушілігі қай елде болсын өзекті. Донор мен науқас ағзасының үйлесімділігі керек. Екеуі де бірнеше медициналық тексеру­ден өтеді. Қазақстанмен 2011 жылдан бастап үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Қазір қазақ­стандық медицина басқа елдерден артық болмаса кем емес. Өте қарқынды дамып келе жатыр. Операцияны соңғы технологиялармен жасаудың озық үлгілері қалыптасқан», дейді Минскідегі «Хирургия, трансплантология және гематология» ғылыми орталығының директоры Олег Руммо.

Айтқандай, Беларусь Республикасының академигі өз еліндегі мәйіттік донордан трансплантациялау жайлы егжей-тегжейлі баян­дама жасай отырып, ағза ауыстырудың жаңа дәуірін 2008 жылы бауыр ауыстырудан бастағанын жеткізді. Көп ұзамай 2011 жылы трансплантологияны белсенді дамытып жатқан ТОП-50 елге кірген бұл ел 2020 жылғы есеп бойынша дүние жүзінде ең көп трансплантация жасаған елдер ішінде 22-орынға шыққан. Беларусь елі мұндай табысқа қалай жеткен деген сұрақтың жауабын академик төмендегідей жіктеді. Біріншіден, 1997 жылы «Адам ағзалары мен тіндерін трансплантациялау туралы» заң қабылданған. Оған заман талабына сай төрт рет өзгеріс енгізілген. Өйткені бұл елде тек трансплантацияға арнал­ған заң жоқ. Ағза ауыстыруға қатысты ережелер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде ғана жазыл­ған. Екіншіден, донорлық және трансплантация процесін үйлестіретін құрылымдар жасақталған. Бұл құрылымдар орган ауыстыру саласын тиімді басқару үшін керек. Үшіншіден, донор болған адамды оған қаржы беру арқылы ынталандырады. Төртіншіден, Беларусь Республикасында органды бөлу мекемелерінде сыбайлас жемқорлық пен ақпараттық технологияларды қолдану деңгейі төмен. Оған қоса, монополияға жол берілмейді. Бесіншіден, өңірлерде орган трансплантациялауды дамытып, трансплантология бөлімдерін құрған. Алтыншыдан, сәтті шыққан нәтижелерді жер-жерге хабарлайды және дәрігерлерінің қандай біліктіліктен өтіп жатқанын жұртшылыққа жариялап отырады.

«А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО» АҚ Бас­қар­ма төрағасы, ҰҒА академигі Болатбек Баймаханов съезд барысында науқастарға көмек көрсетуді ұйымдастырудан бастап, хирургтердің күнделікті жұмысындағы көптеген өзекті мәселені, оның ішінде асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы ауруларын, сыни жағдайларды (шок, сепсис) диагностикалау және емдеуде бірыңғай тәсілдерді енгізу, гепатопанкреатобилиарлық аймақты емдеудің инновациялық технологиялары мен заманауи әдістері, сондай-ақ трансплантологиялық күрделі мәселелерге дейінгі сұрақтарды қамтитын кең ауқымды тақырыптар қарастырылғанын жеткізді.

Съездің алғашқы күні пленарлық отырысқа арналып, «Гепатопанкреатобилиарлық хирургия» және «Асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы» секциясы бойын­ша баяндамалар тыңдалды. Екінші күні «Анес­тезиология және қарқынды терапия» жә­не «Трансплантологияның өзекті мәселелері» сек­­­ция­­лары жұмыс істеді. Сонымен қатар жас ғалым­дардың постерлік баяндамалары ұсы­нылды.

Хирургия мен трансплантологияның өзекті мәселелері бойынша халықаралық съезге еліміздің Денсаулық сақтау ми­нистрі Ажар Ғиният онлайн режімде қаты­сып, Қазақстанда жыл сайын медицина қыз­меткерлерінің, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, мейіргерлердің жала­қысы 20 пайызға көтерілгенін жеткізді.

– Президенттің бастамасымен 6 универ­ситеттік аурухана (Алматы, Шымкент, Қара­ған­ды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Семей), 3 көпбейін­ді аурухана (Түркістан, Петропавл, Көкшетау), 2 ғы­лыми-инновациялық көпбейінді клиниканы (Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары) салу басталды. Биыл 2023 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі қарасты­рылып отыр, – дейді денсаулық сақтау сала­сының басшысы.

Сондай-ақ министр Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының жобасында хирургиялық және трансплантологиялық қызмет мәселелеріне ерекше назар аударыл­ғанын, өңірлерде ішкі эндоскопиялық хирур­гияны, эндоскопиялық гемостаз орталық­тары мен донорлық ұйымдар желісін дамыту­ жоспарланып отырғанын, оған қоса транс­­плантологиядағы зертханалық қызмет­ті өркен­­детуді көздеп отырғанын атады. Мәселен, қа­зіргі уақытта елімізде 330-дан астам мемлекеттік және жеке медициналық ұйым 200 мыңдай адамға хирургиялық көмек көрсетеді. Соңғы жылдары қазақстандық хирургия айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, әлемдік стандарттар деңгейінде хирургтер торакалды-абдоминалды аймақ ағзаларына операциялардың барлық түрін, соның ішінде ең аз инвазивті хирургияның барлық спектрін, бауыр, ұйқы безі резекциясын сәтті жасай алады.

– А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы отандық хирургияның көшбасшысы, ұйым құрылған кезде басталған ең жақсы дәстүрлер жалғасып, өз жетістіктерімен әлемге танымал орталыққа айналды. Ағзалар трансплантациясы – жоғары технологиялық инновациялық медициналық көмек түрі, онда заманауи медицинаның барлық ресурсы шоғырланған. Атап айтқанда, жоғары санатты мамандар мен жаңа технологиялар, – деді А.Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі ағза донорлығы бойынша көшбасшы елдердің озық тәжірибесі көрсеткендей, қайтыс болғаннан кейінгі донор­лықтың қозғаушы күші трансплантация жа­са­у­ға кәсіби даярланған үйлестірушілердің да­мыған желісі екенін атады. Қазақстанда бүгінгі таңда трансплантологияның күрделі бағыты көзі тірі кезіндегі донорлықты дамыту болып отыр.

Отандық хирургтер соңғы 10 жыл ішінде 1 600-ден астам тірі донордан ағза ауыстырып салса, бұл соншама адамның өмірі мен отбасылық бақытын сақтап қалуға септігін тигізіп отыр. Өз кезегінде министрлік тарапынан салалық және өңірлік донорлық бағдарламаларды әзірлеу мен енгізу, донорлық ұйымдар желісін ұлғайту, трансплантация үйлестірушілері мен трансплантолог дәрігерлер даярлау, осы салада зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды әзірлеп оны өңірлерге тарату, халықтың барлық тобы арасында ағза донорлығын дамыту мәселелері бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуі халықты тиімді трансплантологиялық көмекпен қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Сөз соңында айтарымыз, еліміздің әрбір азаматы қайтыс болғаннан кейінгі ағза ауыс­тыру бойынша келісім бере алады. Бас тартуға да құқы бар. Қазір мұны электронды форматта жүзеге асыруға болады. 2 жылдан бері Egov.kz порталында «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілді. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп келісетінін немесе келіспейтінін білдіреді.

 

АЛМАТЫ