• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Қыркүйек, 2022

Ұлттық банк базалық ставканы өзгеріссіз қалдырды

4628 рет
көрсетілді

Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті базалық пайыздық мөлшерлемені 14,5 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім қалыптасқан экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып қабылданған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, логистикалық қызмет құнының өсуіне, сауда-серіктес елдердегі жоғары ин­фля­цияға және рубльге қатысты тең­ге курсының әлсіреуіне байланыс­ты туындаған сыртқы қысым әлі сақ­талып отыр. Бұл ретте Ұлттық банк 2022 жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеменің айтарлықтай артуының экономикаға әсері әлі де болса соңына дейін байқалмады деп мәлімдеді. Тамызда инфляция 16,1 пайызға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары – 20,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын та­уарлар – 15,5 пайызға, ақылы қызметтер 10,1 пайызға өскен.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, әлемдік экономика 2021 жылғы 6,1 пайыздан 2022 жылы 3,2 пайызға дейін және 2023 жылы 2,9 пайызға дейін баяулайды. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі саналатын елдер (ЕО, Қытай, Ресей) бойынша 2022-2023 жылдарға арналған болжамдар да нашарлады.

«Әлемде тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. ЕО-да 2022 жылғы шілдеде жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін жеделдеді. АҚШ-та мұнай бағасының біршама төмендеуі салдарынан инфляция 8,5 пайызға дейін баяулады. Халықаралық валюта қорының 2022-2023 жылдарға арналған жаһандық инфляция бойынша болжамдары бағаның бұрын күтілгеннен де тезірек өсуін көздейді. Әлемдік мұнай нарығында мұнай бағасының жоғары деңгейі сақталады деп күтілуде. Ха­лық­аралық ұйымдардың болжамы бойынша, жақын арада бензин мен өзге де энергия көздеріне бағаның жо­ғары болуына байланысты сұраныс аздап төмендеуі ықтимал. Мұнай өндіру біртіндеп артады, бірақ бұл әсер Ресей мен Таяу Шығыс елдеріндегі әлсіз мұнай өндірумен теңестіріледі. Болжам бойынша, 2022 жылы Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен 1 баррель үшін – 105,3 долларды, ал 2023 жылы 1 баррель үшін 90,3 дол­ларды құрайды. Осы факторлар мен болжамдарды ескере отырып, база­лық сценарий аясында Brent мар­калы мұнай бағасын 2023 жылы ағым­да­ғы деңгейден барреліне 90 доллар және 2024 жылы барреліне 85 доллар орташа белгісіне дейін біртіндеп төмендету траекториясы белгіленді», деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Қазіргі алғышарттарды ескере отырып, 2022 жылдың соңына таман инфляция 16-18 пайыз аралығында бол­жанады. Бұл – Ұлттық банктің алдың­ғы бағаларынан жоғары. 2023 жылы инфляция біртіндеп 7,5-9,5 па­йызға дейін баяуламақ.

«Біріншіден, ағымдағы ақша-несие саясатын қолдау факторларының бірі Ұлттық банктің несиелік импульсті басу туралы мәлімдемесіне қарамастан, экономиканы несиелендірудің одан әрі өсуі болды. Биыл шілдеде экономикаға берілген кредит жылдық мәнде 27,1 пайызға, 20,4 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық банк 1 тамыздан бастап эконо­миканы несиелеу бойынша кеңей­тілген статистиканы бере бастады. Осы­лайша, басқа да қаржылық ұйым­дар­ды қоса есептегенде экономиканы несиелеудің жалпы сомасы 24,2 трлн теңгеге жетті. Екіншіден, бұл ше­шім­нің маңызды драйвері ретінде Ұлттық банктің теңгелей депозит­тер­ді қорғау ниетін айтар едік. Бұл шара­лар теңгелей депозитті арттырып, долларлық салымдарды азайтты. Маусымнан бері теңгелей депозиттің өсімі байқалады, ол қазір 28,1 трлн теңгеге жетті», деді Ұлттық банк төр­а­ға­сы Ғалымжан Пірматов базалық став­ка жайлы шешімге қатысты пікір біл­­діре отырып.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы бағамды сақтау және қатаң ақша-несие саясатын жалғастыру валюта нары­ғын­дағы тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 24 қазанда Нұр-Сұлтан уақытымен 14:00-де жарияланады.