Кез келген мемлекеттің басты байлығы – халқы. Халықтың әл-ауқаты, денсаулығы және интеллектуалдық деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекет те соғұрлым қуатты әрі өркениетті.
Мемлекет пен халық – бір-бірінен ажыратып қарауға болмайтын, өзара байланысты ұғымдар. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан қабылданатын шешімдер мен жүргізілетін реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, оның өмірі мен денсаулығын сақтау және нығайту екені сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын халқымыздың зор ықыласпен және аса үлкен қуанышпен қабылдағаны сөзсіз. Өйткені Жолдауда елімізде алдағы уақытта жүргізілетін өзгерістердің, саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың нақты бағыт-бағдары белгіленді.
Жолдау саяси жаңғыру жолын жалпыұлттық референдумда бірауыздан қолдаған барша қазақстандықтарға болашаққа сеніммен қарап, үміт артуға мүмкіндік берді. Бұған еліміздегі саяси және экономикалық жаңару процестерінің ұлттық байлықты тең бөлу, барша қазақстандықтарға бірдей мүмкіндік беру және әділдік орнату қағидаттарына негізделетіні себеп. Әділетті Қазақстанды құру жолында халықтың, әрбір азаматтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі бірінші орынға қойылады.
Ең алдымен, ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа тәсіл енгізілмек.
Халықтың әл-ауқатын жақсартудағы келесі маңызды қадамның бірі – атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру. 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы қалыптастырылады. Онда әрбір азаматқа көрсетілетін мемлекеттік қолдау іс-шаралары біріктіріледі. Бұл мемлекеттік қолдау бойынша нақты, ашық және түсінікті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бастама – ұлттық байлықты теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыру. Мемлекет басшысы Жолдауда «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызы жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатынын атап өтті.
Халқымыз «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деп, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Тәрбиелі, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аналар мен жас ұрпаққа қолайлы жағдай туғызу мен қолдау көрсетудің маңызды екені анық. Президенттің бұл бағыттағы бастамалары отбасы құндылықтарын бағалауға және жас ұрпақтың болашаққа сеніммен қарауына негіз қалайды. Біріншісі, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады.
Келесі бастама – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару ұсынылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асырылады.
Дүниеге келген әрбір балаға есепшот ашып, қомақты қаржы сомасымен толықтыру бірқатар дамыған мемлекеттерде, әсіресе араб елдерінде кеңінен қолданылатын озық тәжірибе екені белгілі. Мұндай бастаманың оң нәтиже беретіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапқан бірқатар бастама ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Егер де «Ауыл – ел бесігі» екенін, ауыл халқының үлесі қазақстандықтардың 40,7 пайызын құрайтынын ескерсек, бұл ұсыныстар еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Осы орайда, Мемлекет басшысы жария еткен бастамалардың басым бөлігі қалалық және ауылдық тұрғындар үшін денсаулық сақтау және білім беру саласында теңдей мүмкіндіктер туғызады.
Президент жария еткен денсаулық сақтау саласындағы ұлттық жобаның маңызы зор. Аталған жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл ауыл халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамыту арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіледі.
Ауыл және қала мектептері арасындағы айырмашылық азайтылып, олардың мазмұндық және техникалық деңгейі теңестіріледі. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі.
Бұдан басқа, халықтың айрықша көңілінен шыққан бастамалардың бірі ретінде «сән-салтанатқа салықтың» енгізілетінін айтуға болады. Жолдауда салық реформасы аясында осындай салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынатыны айтылды. Бұл – байлар мен кедейлер арасындағы табыс алшақтығын шектеуге мүмкіндік беретін шаралардың бірі екені сөзсіз. Жоғарыда аталған қадамдар Жолдауда жария етілген бастамалардың бір бөлігі ғана. Бұдан басқа, маңызды құжат аясында қоғам өмірінің барлық саласында жүргізілетін ауқымды және маңызды бастамалар жария етілді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ғани ТАШҚАРАЕВ,
Мәжіліс депутаты