Биылғы Балалар жылына орай Ұлттық музейде «Музейдегі мектеп күні» мәдени-білім беру жобасы таныстырылды. Аталған жоба музей жәдігерлері мен коллекцияларын пайдалана отырып, 5-9 сынып оқушыларының қоғамдық-гуманитарлық пәндер (Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, өлкетану және т.б.) бойынша теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталған. Игі бастаманың таныстырылымына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.
«Бүгінде өскелең ұрпақтың келешегін қамтамасыз ету, ұлт сапасын жақсарту – айрықша маңызға ие. 2022 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Балалар жылы деп жарияланды. Осы ретте ведомство айтулы мерекеге орай орта білім беретін мектептердің оқушылары мен тарих пәні мұғалімдері үшін «Музейдегі мектеп күні» жаңа жобасын ұсынып отыр. Жобаның аты айтып тұрғандай, жас жеткіншектеріміз мектептегі жоспарлы сабақтарынан бөлек, сан тарау тарихқа мұражай арқылы да ден қояды. Ұлттық музей экспозициясындағы жәдігерлер оқушыларымыз үшін таптырмас құнды материалдар деуге болады. Тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан тарихына дейін сыр шертетін Ұлттық музейге жастарымыз басқа уақытта да жиі келгені жөн», деді министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта интерактивті дәрістерді еліміздің басқа да өңірлеріне тарату жоспарланып отыр.
Ведомство мәліметіне қарағанда, сабақтар offline және online форматта өтеді. Жобаның offline форматы Ұлттық музейдің экспозициялық залдарында жүреді. Интерактивті сабақтарды музейдің зерттеуші ғалымдары, экскурсия жетекшілері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім басқармасына қарасты орта мектептердің тарих пәні мұғалімдерімен бірігіп өткізеді. Әр сабақтың ұзақтығы 35-45 минут аралығында болады. Сабақ кезінде оқушылар музей экспозицияларындағы экспонаттарды ортаға алып танысады. Экспонаттарды (көшірмелерін) ұстап көріп, жақын танысуына мүмкіндік жасалады. Әр бейсенбі сайын түске дейін 2 сабақ және түстен кейін 2 сабақ өтіледі.
Жобаның online форматы алдын ала түсірілген бейнесабақтар арқылы жүзеге асырылады. Бейнесабақтардың бағдарламасын музей мамандары дайындаған. Әр сабақтың ұзақтығы 5-7 минут аралығында болады. Дайын сабақтар мектептердегі оқу бағдарламасының күнтізбесіне сәйкес Ұлттық музейдің ресми сайтына салынады. Бейнесабақтардың құрылымы жүргізушінің таныстыру сөзінен, графикадан және экспозицияларға шолудан тұрады. Online формат барша Қазақстан оқушыларын қамтуға мүмкіндік береді. Ал сабақтардың тақырыбы мен мазмұны Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес келеді.