Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, Конституциялық заң жобасы үш бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады. Мәні бойынша жобаны екі бөлікке бөлуге болады: бірінші бөлімде Конституциялық соттың, оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктері мен қамтамасыз етілуі, екінші бөлімде конституциялық сот ісін жүргізу тәртібі.
«Бірінші бөлімге келетін болсақ, Конституциялық Сот биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді, өйткені бұл мәселе Конституцияда шешілген. Конституциялық сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Ал Конституциялық Соттың судьялары мәртебесі Конституцияда белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар болады», деді Қанат Мусин.
Сондай-ақ ол заң жобасы Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі реттейтінін айтты.
Заң жобасының екінші бөлігінде, ең алдымен, конституциялық сот ісін жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттары бекітілгені атап өтілді. Конституциялық Сотқа жүгіну түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалады.