• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 07 Қыркүйек, 2022

Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр

282 рет
көрсетілді

Павлодар облысындағы қос бірдей ауылдық мектептің оқушылары Мәдениет үйі мен бастауышқа арналған аядай ғана ғимаратта білім алуға мәжбүр болып отыр. Оқу нысандары күрделі жөнделіп жатқанына байланысты жергілікті білім бөлімдері осындай шешім қабылдаған. Сондай-ақ Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Успен, Павлодар және Аққулы аудандарында жалпы саны 17 мектепте жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Өңірдің білім беру басқармасы жөндеуді мерзімінде аяқтай алмаған мердігерлер бойынша сотқа 10 талап арыз беріпті. Тағы 12-сі дайындалу үстінде.

Бұған дейін облыс орталығы мен ауылдық аймақта орналасқан бірнеше мектепте 1 қыркүйекте алғашқы қоңы­рау соғылмауы мүмкін деген күмәнмен «Egemen Qazaqstan» газетінің 23 тамыз­дағы санында «Мердігерге күмән көп» деген мақаламыз жарық көрген еді. Болжамымыз шындыққа айналып, қызық болғанда мердігерлер марғаулық таныт­қан мектептер саны біз атаған шамадан да асып түсті.

Биыл өңір мектептерді жаңартудан алға шығуды ойлап, құлашты барынша кең сермегенін байқадық. Білім ғимараттарын күрделі жөндеу бойынша конкурстар қыстың соңында ойнатылып, оны ұтып алған мердігерлер сәуір айында жұмысты ынтамен бастап, барлық шаруаны жаздың соңына дейін опырып орындап тастайтындай көрінген. Алайда мердігерлерге сенген мектептердің басшылығы, оқушылар мен ата-аналар қатты алданғанын енді біліп жатыр. Биыл жаңарту бағдарламасына іліккен 46 мектептің 17-сінде жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекте аяқталмады. Жосықсыз мердігерлер жауапкершілігіндегі нысанды тапсыру былай тұрсын, жұмыстар енді қашан толық аяқталатынын тап басып айта алмайды.

Бәрінен де қызығы, Шығыс Қазақ­станда тіркелген (кейінірек Павлодар қаласында тіркелді) «ҚазЕвроСтрой» ЖШС жыл басында конкурсқа қатысып, жалпы саны 11 нысандағы жұмыстарды толығымен ұтып алып, сомасы 3,4 млрд теңге қаражатқа иелік еткен. Ал шымкенттік «ГрадСтройСервис» ЖШС 12 нысан бойынша жеңімпаз болып танылып, 2,1 млрд теңгенің жұмысын орындауға жауапты болған. Жөндеуі кестеден кешіккен мектептердің дені осы компанияларға тиесілі. Бұл серік­тестіктердің құрылымына көз жіберсеңіз, шағын кәсіпкерлік ретін­де тіркелген, алғашқысында – 40, соңғысын­да 5 адам бар деп көрсетіліпті. Шағын ғана құ­раммен дүниенің шаруасын аз уақыт ішінде аяқтап шықпаққа білек сыбанып, конкурстардың барлығын түк қалдырмай ұтып алған фирмалардың батылдығына таңғалмасқа шараң жоқ. Облыстың мемлекеттік сатып алу бас­қар­масы мен арнайы комиссиялар бұл кемшілікті жіберіп қойып, жұлдыз санаған ба? Жөндеуге жатқызылған 46 мектептің тең жартысын екі мердігердің қолына ұстата салу қандай заң шеңберіне сыяды? Сауал көп, жауап жоқ.

Қазіргі күні жөндеу жұмыстары жалға­сып жатқан шаң-шаң ғимараттарда (мерзімі кешіккен 17 мектепте) оқушылар кестеге сай оқып жатқан көрінеді. Өңірлік білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина жұмыстар оқу және тәрбие шараларына ыңғайсыздық тудырмайды деп сендірді.

– 46 мектептің 38-і – ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұялары. Нысандардың 9-ы «Ауыл – ел бесігі», 4-еуі өңірлік «Заманауи мектеп» бағдар­ламалары аясында қамтылған еді. Жал­пы, биыл жаңартуға жатқызылған ғим­а­раттардың төртеуіне – 60 жыл, он бесіне – 50 жыл, он біріне 40 жыл болған. Кейбір мектептердегі жөндеу барысында қосымша атқарылуға тиіс жұмыстар анықталды. Мысалы, облыс орталығында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің қабатаралық бетон плиталарында ақау­лар табылды. Осы сияқты өзге де кемшіліктер кейбір мердігерлерге нысандарды мерзімінде тапсыруға қолбайлау болып отыр. Ал Ақсудың Сарышығанақ ауылдық мектебіндегі жөндеу жұмыстары шарт бойынша қараша айында аяқталуға тиіс. Ондағы балалар Суаткөл бастауыш мектебіне тасылып, оқытылуда. Ертіс ауданындағы Абай мектебінің оқушылары әзірше жергілікті мәдениет үйінде білімдерін жалғастырып жатыр. Соңғы мектеп 15 қыркүйекте толық да­йын болады.

Бүгінде кестеден кешіккені үшін біздің басқармамен 10 жоба бойынша сотқа талап арыз берілді. Қосымша 12 талап арызды дайындап қойдық, ол алдағы күндері құзырлы мекемелерге жолданады, – дейді Самал Оспанқызы.

Басқарма жетекшісі өңірде мұндай көлемдегі жаңғырту жұмыстары аймақ тарихында бірінші рет орын алып отырғанын да жеткізді. Алайда облыс басшылығы үшін бұл жетістікті даңғаза етіп, мақтануына өздері сенген мердігерлердің жосықсыз әрекеті мүмкіндік бермей отырғанға ұқсайды.

Айтпақшы, білім ордаларындағы кешігіп жатқан жобаларды жергілікті журналистер ақпарат құралдарында жариялап, жаңа оқу жылының басында оқушыларды қуанта алмай отырған білім мекемелерін сынаған еді. Жергілікті білім бөлімдері жауырды жаба тоқып, «біздің шәкірттеріміз мектепте толыққанды сабақ оқып жатыр, жөндеу жұмыстары баяғыда аяқталған» деп жалған мәлімет берген. Тіпті әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлерде бұл жайында ата-аналарға тараған бейнероликтерді де көзіміз шалды. Самал Оспанқызы аталған келеңсіз жайттар бойынша тиісті шаралар қолға алынғанын айтады. Жалған ақпарат бергені үшін Ертіс пен Успен аудандарындағы білім беру бөлімдерінің жетекшілерін жауапкершілік күтіп тұр.

Жалпы, 2025 жылға дейін Пав­ло­дар облысында 275 мектепті жаңа­рту жоспарда тұр. Басқарманың мем­лекет-жекешелік әріптестігі және инвес­тициялық жобаларды дамыту бөлімінің басшысы Екатерина Гоманның сөзіне сүйенсек, 2021 жылдан бері жүзеге асып жатқан бесжылдық бағдарлама аясында тізімге енген нысандардың үштен бірі бүгінде жаңарып үлгеріпті, қалғаны – алдағы үш жылдың еншісінде. Ендеше, алдағы уақытта білім ғимараттарын жаңғыртудың қызығы мен шыжығы аз болмайды деген сөз. Мемлекеттік сатып алулар ісімен айналысатын басқарма келер жылы конкурстық процедура жариялағанда әбден електен өткен, сенімге ие болған құрылыс фирмаларын таңдайды деп сенейік. Биылғы сәтсіздік жауапты мекемелерге сабақ болуға тиіс.

 

Павлодар облысы