Қостанайдағы табиғи апаттан зардап шеккен жұртқа павлодарлықтар да елдің алды болып жәрдемдесуде. Жерлестеріміз гуманитарлық көмек жіберуді соңғы екі күнде барынша еселеді. Жергілікті халықтан жиналған азық-түлік пен түрлі керек-жарақтарды, құрылыс материалдарын еріктілер мен азаматтар екі жүк машинасына тиеп жөнелтті.
Павлодарлықтар соңғы екі тәуліктің ішінде Қостанай облысына 55 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Amanat партиясы өңірлік филиалының мәліметінше, жастар гуманитарлық көмек жинауға және оларды топтастыруға бар күштерін салуда.
– Біздің филиалда орналасқан қабылдау пунктіне гуманитарлық көмектерін әкеліп жатқан жұртта есеп жоқ. Көбі – қарапайым тұрғындар. Адамдар мұнда келіп тегін көмек көрсетуге дайын екендерін, не қажет болатынын сұрайды. Мысалы, біз тұрмыстық техника сатып алуды сұраған едік, біреу шәйнек, енді біреу микротолқынды пештерін құшақтап жетті. Отандастарымыз тап болған қиын жағдайға жауапкершілікпен қарап, сәл де болса жақсылығын тигізгісі келеді. Біздің бәріміз үлкен елде, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Осындай қиын сәтте ұйысқан жерлестеріміздің белсенділігі қуандырды, – деп атап өтті саяси ұйымның Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко.
Қабылдау пункттерінде гуманитарлық көмек жинау бір мезетке тоқтаған емес. Белсенділер алғашқы кезекте құрылыс материалдарын, балаларға арналған кеңсе тауарларын және тұрмыстық техниканы қабылдауға ден қоюда. Бұрнағы күні азық-түлік, тұрмыстық техника жөнелтілді. «Қостанай облысының штабы бізге құрылыс материалдарын, мектеп және кеңсе тауарларын жинау туралы өтініш білдірді. Жергілікті құрылыс дүкендері қолдау көрсетіп жатыр. «12 месяцев» құрылыс дүкені құрғақ қоспалар, қыш плиткалар берді, жаңа линолеум орамын әкелді. Бұл ретте көмекті ақшалай жинау міндеті қойылған жоқ, тек демеушілерден жеткізуші көлік қызметтеріне ақы төлеуді өтіндік. Бүгін біз кем дегенде екі жүк көлігін жіберуді жоспарлап отырмыз. Көптің жәрдемі толастар емес, ағылып келіп жатыр. Жақын арада аудандардан қосымша гуманитарлық көмек келеді», – дейді Илья Теренченко.
Атқарушы хатшы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарының да ерекше белсенділігін атап өтті. Жексенбіден бастап халық қалаулылары азық-түлік, киім-кешек пен техниканы жинауға белсене кіріскен. Партиялықтар көмектесуге шешім қабылдаған барлық павлодарлықтарға алғыс білдірді.
Павлодар облысы