• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2022

Жол саласындағы құжаттар жаңарады

319 рет
көрсетілді

Жол саласындағы құрылыс нормалары, стандарттары мен нормативтік-техникалық құжаттамалар санын азайту бойынша жүргізіліп жатқан реформа шеңберінде олардың саны 1 200-ден 50-70-ке дейін кемімек. Осы тарапта жүргізілген ревизия салалық ережелерге сәйкес жұмыс уақытын азайтуға және жол құрылысы мен жобалау жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің хабарлауынша, жобалау, құрылыс және автомобиль жолдарын пайдалануға берудің сапасын арттыруда жол саласындағы құрылыс нормалары, стандарттары мен нормативтік-техникалық құжаттар базалық рөл ойнайды. Бүгінде елімізде 1 200-ден аса салалық құжат қол­да­ныс­та. Оның ішінде 114 құрылыс нор­мативі, 303 ұлттық стандарт, 527 мемлекетаралық стандарт, 17 ведомстволық норма, 200 ведомстволық нормативтік-техни­калық құжат және 56 баға белгілеу мен сметалық жинақ бар.

Профильдік құжаттардың шамадан тыс көп болуы мен ретсіздігі оларды басымдықтар бойынша анықтау кезінде біршама қолайсыздық тудырады. Сонымен бірге құжаттарда жиі кездесетін сәйкессіздіктер, қарама-қайшы талаптар, қайталама және ескірген нормативтер жағдайды одан әрмен күрделендіріп, жобалау мен құрылыста көптеген қателікке жол береді.

Бұл орайда қалыптасқан бейберекет қазіргі қолданыстағы мем­лекеттік сатып алулар кезіндегі жағдайды тудырып отыр. Былайша айтқанда, қазір ұлттық стандарттарды, оның ішінде жол саласындағы стандарттарды әзірлеуге кез келген физикалық немесе заңды тұлғаның қатысуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нормативтік құжаттың сапасының төмендеуіне, оның шынайылығы мен жол мекемелері үшін қажеттілігіне әсер етеді.

Жалпы, кез келген құрылыс сапалы жобалаудан басталатыны белгілі. Еліміздегі автокөлік жолдары жүйелерін дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі міндеттемелерді оңтайлы шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөлік жолы саласын нормативтік бақылауға жүйелі ревизия жасау қажеттігіне маңыз беруде.

«Мемлекет басшысының биыл­ғы Жолдауында айтылған тап­сырмаларды орындау үшін Қазақ­стан жол ғылыми-зерттеу инсти­тутына нормативтік базаны қалып­тастыру барысында өзгеше тәсіл қолдану тапсырылып отыр. Ұлттық стандартты әзірлеу алдында жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар зертханалық жұмыстардың нәтижесі, тәжірибелік аумақтар мен пилоттық жобаларға ұзақ уақыт бойғы мониторингінің қорытындысы да назарға алынуы қажет», деп хабарлады министрлік.

Осы тарапта жүргізілген рефор­маның нәтижесінде жетілдірілген жаңа құрылымдық нормативтік құ­жат құрылуға тиіс. Ондағы құжат­тар саны 50-70-тен аспайтын бола­ды. Жаңа пакетте стандарттар мен нормативтік-техникалық құ­жат­тардың басымдығына ай­қын шек­теулердің енгізілуіне басым­дық беріледі. Сондай-ақ жаңа техно­логиялардың пайда болуына байланысты құжаттардың опера­тив­тік маңыздылығына да назар аударылмақ.