• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қыркүйек, 2022

Көктебеде от тұтатқан адам ұсталды

398 рет
көрсетілді

Алтыншы қыркүйек күні Алматыны үрейге бөлеген алапат өрт Көктөбенің етегінен басталып, талай жерді жайпап кеткенін ел біліп отыр. Оған қосарласа Кеңсай шатқалы да отқа оранып, көп ұзамай сөндірілген еді.

Алдағы күндері өртенген Көк­төбенің өсімдіктері әлемі мен жеміс ағаштары, оның саясын мекен­деген тіршілік иелеріне қан­ша­лықты зиян келгені нақ­ты анық­тала жатар. Алайда Көк­тебедегі өрт қасақана жасалды деген қаңқу сөздің желдей есуіне сол күні қала тұрғыны кездейсоқ түсіріп алған, әлеуметтік желі­лерде таралған бей­некөрініс түрткі болған еді.

Анығын баяндар болсақ, 6 қыркүйек күні кешкі сағат 7-лер шамасында Көктөбе баурайындағы Жәнібеков көшесі, 78 мекенжайы маңынан өрт шығып, 9-дарда толық сөндірілген. Оқиға орнын­да 19 өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамның 130 адамы жұмылдырылған. Жалын 3 гектар шамасындағы аумақты қамтыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Жетінші қаңтар күні Алматы полициясы бейнебаяндағы күдік­тіні ұстады, 1968 жылы туған ер адам өрт қойғанын мойындаған. Ол ішімдік ішіп алып, консерві жылытқысы келгенін, бірақ өрт бұталарға тиіп, өрши бастаған кезде қорқып, өрт шыққан жерден кетіп қалғанын мойындаған. Оқиғаның мән-жайын тексеру жал­ғасып жатыр.

Қазіргі таңда Көктөбе қанша­лықты зиян шеккені анықталып, оған қоса тау беткейлеріндегі қу­раған шөптер де шабылып жатыр. Себебі өрт қаупі әлі сақталып, сәрсенбі қалада күн райы +35 градусқа дейін жетті.

Қысқасы, тілсіз жаудың кесі­рінен 3 гектарға жуық жер өртенді. Бірақ өрт сөндіру қызметі қызыл жалынның кең таралуына жол бермей дер кезінде өшірді. Зардап шеккендер жоқ. Үйлер мен өзге де ғимараттарға нұқсан келмеген.

Айтқандай, Көктөбе 2019 жы­лы да өртенген болатын. Ол кезде 20 гектар жерге зиян келген еді. Жасыл желекті қалпына келтіру үшін «Көктөбе саябағы» ЖШС екі жылдан бері жаңғақ пен алма ағаштарын отырғызып келеді. Алайда кешегі өрт жас ағаштардың біразын шарпып өткен. «Көктөбе саябағы» ЖШС өкілі Фархад Уәлиев: «2021 жы­лы күздің күні жаңғақ түптен 1500 түп отырғызылды. Оның үстіне қалалық әкімдік көмектесіп тұрады. 2020 жылы сиверс алма­сының 5 мың түп көшетін отыр­ғыздық. Осылай өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады», дейді.

 

АЛМАТЫ