АСТАНА. 14 мамыр. Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында осы мәселені көтерген заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, қызу талқыланды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мәселен, депутат Р.Шаекин бүгінгі күні электр қуатын өндіретін кәсіпорындар 1 квт-сағатты 8 теңгеден өндірсе, ол тұтынушыға жеткенде 20 теңгеге дейін бір-ақ секіретінін айтты. Осыған байланысты ол қымбаттаудың себептерін ашып берді. Біз электр қуатын тасымалдайтындардың тарифін монополияға қарсы күрес туралы заңмен шектен шығармаймыз. Алайда, электр қуатымен жабдықтайтын кәсіпорындардың 80 пайыздық әрекетін аталмыш заңмен реттей алмай отырмыз. Сондықтан олар, соның ішінде, «Астанаэнергосбыт» ЖШС 2012 жылы 344 млн., ал 2013 жылдың алғашқы жартысында 1 млрд. 43 млн. теңге заңсыз табыс тапқан, дей келіп депутат осының бәрі аталмыш кәсіпорындардың мүддесіне лобби жасаудың кесірінен 8 жылға созылып отырғанын айтты. Ал депутат Ш.Өтемісов қуат өндіретін және тасымалдайтын ұйымдарға уақытша басқару институтын енгізу туралы норманың түп орнымен қате екенін дәлелдеп берді. Сондай-ақ, ол заң жобасының нормалары бизнес-қауымдастықтың сарап қорытындысын алмай енгізілгенін сынады.
Заң жобасы екінші оқылымға ұсынылғанда аталған сындар түзетілер деген үмітпен депутаттар оны бірауыздан мақұлдады.
Жақсыбай Самрат.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: zangazeti.kz.