АҚТАУ. 14 мамыр Маңғыстау облысының орталығындағы 22-шағын ауданда 12 мамыр күні кешкі сағат 20.00 шамасында 8 жасар ұлды белгісіз біреу пневматикалық қарумен атып кетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кеуде тұсынан ауыр жарақат алған бала облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, бір жарым сағатқа созылған күрделі отадан соң аман-сау қалды. Қазір аурухананың хирургия бөліміне ауыстырылды.
Ал полицейлердің қылмыскерді шұғыл іздестіру шаралары әзірге нәтиже берер емес. Облыстық ішкі істер департаметінің баспасөз хатшысы Ә.Шермағанбетованың хабарлауынша, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 257-бабы 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалып, баллистикалық сараптама тағайындалған.
Оқ көрші үйдің балконынан атылған болуы мүмкін деп жорамал жасап отырған полицейлер баллистикалық сараптама қорытындысынан нәтиже күтеді. Ал зәрезап болған тұрғындар 8 жасар ұлдың алғашқы жапа шегуші емес екенін, соңғы үш аптада үш адамның оқ тиіп, жарақат алғанын, бірақ олардың құқық қорғау орындарына хабарласпағандығын айтуда.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: lada.kz.