АҚШ Украинаға 675 миллион доллар көлемінде қосымша әскери көмек жібереді, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Пентагон басшысы Ллойд Остин бейсенбі күні Германиядағы американдық Рамштайн әскери әуе базасында Украинаны қолдау жөніндегі байланыс тобының кездесуін ашқан кезде хабарлады.
АҚШ Қорғаныс министрлігі басшысының айтуынша, тиісті шешімді президент Джо Байден бір күн бұрын мақұлдаған.
Бұған дейін The Washington Post анонимді шенеунікке сілтеме жасай отырып, мұндай шешімді бекіту жоспарлары туралы жазған болатын.
Басылым ақпаратына сәйкес, АҚШ Украинаға HIMARS зымыран жүйелеріне, көлік құралдарына және басқа жабдықтарға оқ-дәрілерді жеткізеді.