• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Қыркүйек, 2022

Рейтингте бәсіміз төмен

207 рет
көрсетілді

Осы аптаның соңында Сербияның астанасы Белградта күрес түрлерінен әлем чемпионатының шымылдығы түрілетіні белгілі. Бұл бәсекелерде барлығы 30 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бақ сынаушылар қатарында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтардың қатары қалың. Аталған жарыс қарсаңында біз оқырмандарды Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингімен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Грек-рим күресінде ТОП-10 балуан­ның қатарына Қазақстанның екі өкілі ғана еніп отыр. Олар – Қорлан Жақанша мен Алмат Кебісбаев. 55 кило салмақта сайысқа түсіп жүрген 30 жастағы Жақанша 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, жанкүйерлердің назарын өзіне аударған болатын. Одан бөлек, ол Азия бі­ріншілігінде үш рет үшінші орынға табан тіреді. Қорлан қазіргі кезде жетінші сатыға жайғасты. 67 кило салмақта үздік ондықты түйіндеп тұрған 34 жастағы Алмат Кебісбаев жа­йында ұзақ әңгімелеуге болады. Ол – әлем чемпионатының бес және Азия ойындарының екі дүркін жүл­дегері, Азия біріншілігінің финалында бес мәрте белдесіп, екі алтын мен үш күміс медаль олжалады. Бірақ Белградқа баратындардың тізімінде екеуі де жоқ. Себебі бұл жолы ұлттық құрама бапкерлері аса жеңіл салмақта Аманғали Бекболатовты боз кілемге шығаруды жөн көрген екен. Ал Алмат болса, былтыр үлкен спорттан қол үзіп, бұл күндері еліміздің жасөс­пірімдер құрамасын жаттықтыруда. Міне, үздік­тер тізімінен Қазақстанның осы екі «классигінің» ғана есімдерін кезіктірдік. Әрине, бұл қуанатындай жағдай емес.

Қазіргі кезде Әзербайжан балуан­дарының қарқыны өте күшті. Қап тауы бөктерінде орналасқан бұл мемлекеттің 10 балуаны үздіктер санатында. Солар­дың екеуі әлемдік рейтингте көш бас­тап тұр. Олар – Санан Сулейманов (77 кило) мен Рафиг Гусейнов (82 кило). Алғашқысының әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы деген атағы бар. Екіншісі – Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Еуропа біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы. Парсы елі пехлевандары Мохаммадреза Гераеи (67 кило) мен Мохаммадхади Саравиге (87 кило) де тең келер ешкім жоқ. Гераеи соңғы үш жылдағы байрақты бәсе­ке­лердің барлығында жеңіс тойы­н тойлады. Ол Олимпиада, әлем және Азия чемпионы атанды. Сарави Токиодағы ойындарда қола алса, әлем және Азия біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмеді. Грузия құрамасының да қос қыраны – Лери Абуладзе (63 кило) мен Якоб Каджая (130 кило) UWW рейтингінде алдарына жан салар емес. Сондай-ақ жапониялық Кен Матцуй (55 кило), молдовалық Виктор Чобану (60 кило), литвалық Криступас Шлейва (72 кило) және сербиялық Зураби Датунашвили (87 кило) сынды дүлдүлдер өз салмақтарында дара тұр.

Әлемдік рейтингте ТОП-10-дық­қа мына елдердің грек-рим күресі шеберлері еніп отыр: Әзербайжан –10, Ресей – 9, Түркия – 8, Иран – 7, Грузия, Германия, Ма­жарстан – 5, Жапония, Армения, Молдова, Поль­ша – 4, Қырғызстан, Украина, Лит­ва, Норвегия – 3, Қазақ­стан, АҚШ, Куба, Финляндия, Сербия – 2, Қытай, Үндіс­тан, Оңтүстік Корея, Мысыр, Швеция, Эс­то­ния, Беларусь, Дания, Алжир, Болга­рия, Италия және Чили – 1.

Еркін күрестегі жағдайымыз «классиктерге» қарағанда біршама жақсы. Қазіргі кезде Қазақстанның алты бірдей өрені үздік ондықтың қатарында. Олар – Нұрислам Санаев (57 кило) – 6-орын, Аза­мат Дәулетбеков (86 кило) пен Олег Болтин (125 кило) – 7-орын, Талғат Сырбаз (70 кило) – 8-орын, Юсуп Батыр­мұрзаев (125 кило) – 9-орын және Әділет Даулынбаев (92 кило) – 10-орын.

Күрестің бұл түрінде АҚШ-тың алдына ешкім түсе алар емес. Бұл елдің 10 балуаны ТОП-10-дыққа кіргені былай тұрсын, солардың төртеуі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Олим­пиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы Томас Гильман (57 кило), Олимпиаданың қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Кайл Дэйк (74 кило), Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Джордан Барроуз (79 кило), Олимпиада чемпионы және финалисі, әлемнің екі дүркін чемпионы Кайл Снайдер (97 кило). Сонымен қатар олардың әрқайсы Панамерика ойындары мен біріншілігінде сан мәрте топ жарғанын да айта кеткен абзал. Мықтылардың алдыңғы легінде Иранның екі балуаны бар. Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс алып, әлемнің үш дүркін чемпионы атанған Хассан Яз­дани (86 кило) мен әлем чемпионы Камран Гасемпурге (92 кило) бү­гінгі таңда тең келер ешкім жоқ. Өзге салмақ дәрежелерінде ресейлік Абас­гаджи Магомедов (61 кило), моң­ғо­­лия­лық Тулга Тумыр Очир (65 кило), қырғызстандық Ерназар Ахма­талиев (70 кило) және грузиялық Гено Петриашвили (125 кило) сынды саң­лақтар дара тұр.

ТОП-10 еркін күрес шеберлері арасында мына мемлекеттердің марқас­қалары бар: Ресей –11, АҚШ – 10, Иран – 9, Түркия – 7, Қазақстан, Әзер­байжан – 6, Үндістан, Грузия – 5, Беларусь, Моңғолия – 4, Армения, Жапо­ния, Қырғызстан – 3, Германия, Маке­дония, Словакия, Мысыр, Италия, Украина – 2, Болгария, Бруней, Пуэрто-Рико, Мажарстан, Польша, Молдова, Өзбекстан, Грекия, Камерун, Франция, Канада және Куба – 1.

Әйелдер күресінен Жапония құрама командасының 14 мүшесі үздік он­дықтың тізіміне енгенімен, олар­дың біреуіне де көш бастау бақыты бұйыр­мады. Бұл ретте АҚШ-тың асығы алшысынан түсіп тұр. Бүгінгі таңда америкалық балуандардың төртеуі топ жаруда. Олар – Сара Хилдебарндт (50 кило), Хелен Луиза Марулис (57 кило), Форрест Энн Молинари (65 кило) және Аделайн Мария Грей (76 кило).

Соңғы уақытта Қырғызстанның қыздары керемет нәтиже көрсетіп жүргені барша жұртқа мәлім. Өзде­рінің өрелі өнері мен орасан зор табыс­тарының арқасында бұл күндері Айсұлу Тыныбекова (62 кило) мен Мейірім Жұманазарова (68 кило) өз салмақ дәрежелері бойынша UWW рейтингінде жеке-дара көш бастап келеді. Ал аса ауыр салмақта сайысқа түсіп жүрген Айпері Медетқызы екінші орынды иеленуде. Бұл алақандай ғана қырғыз елі үшін кермет жетістік екені сөзсіз.

Қазақ қыздары арасында үздіктер тізімінен жалғыз ғана Жәмила Бақбер­генованы кезіктірдік. Десек те Алаш­тың аруы қалың топтың арасында емес, 72 кило салмақта күресетін бұрым­дылардың көш басында. Тіпті атағы алысқа жайылған түркия­лық Бусе Тосун, германиялық Анна Шелл, жапо­ниялық Масако Фуруити, франциялық Ванесса Вескан, моңғолиялық Даваанасан Енх-Амар, үндістандық Дивия Как­ран сынды балуандардың өздері Бақбер­генованың артынан сығалап қалды. Мық­тылар көшін бастап тұрған Жә­милаға біз алдағы жарыста да жарқын жеңіс тілейміз. Сондай-ақ моңғо­лиялық Болотуя Бат-Очир (53 кило), гер­ма­­ния­лық Нина Неммер (55 кило) және үндіс­тан­дық Сарита Сарита (59 кило) төрт­күл дүниенің тең­дессізі деп танылуда.

ТОП-10 балуандардың тізіміне енгендердің саны жағынан Жапонияның алда тұрғанын жоғарыда айт­тық. Одан кейінгі орындарға мына коман­далар жайғасты: АҚШ – 10, Моң­ғолия – 8, Болгария, Украина – 6, Ресей, Үндістан – 5, Канада, Беларусь, Гер­мания – 4, Румыния, Қытай, Молдова, Швеция, Польша, Түркия, Қырғызстан – 3, Бразилия, Әзербайжан – 2, Эквадор, Мексика, Тунис, Нигерия, Чехия, Қазақстан, Франция, Мысыр және Эстония – 1.

10 қыркүйекте шымылдығы түріле­тін әлем чемпионатында алғашқы болып боз кілемге грек-рим күресі ше­бер­лері шығады. Олар үш күн бойы айқа­сады. 12 қыркүйекте бұрымдылар өздері­нің алғашқы жүлделерін сарапқа салады. Ал соңғы күндері еркін күрес шеберлерінің өнерін тамашалаймыз. Аталған дода 18 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.