• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2022

Ажырасу азаймай тұр: «Неке және отбасы туралы» Заңда не өзгерді?

569 рет
көрсетілді

Бірнеше жылға созылған жаһандық індеттен кейін Алматыда қайтадан той-томалақ көбейе бастағанын байқауға болады. Дегенмен ресми деректер аймақта ажырасудың да азаймай тұрғанын көрсетіп отыр. Мегаполистегі тіркеу қызметі саласындағы жағдайға орай Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина ресми мәліметтермен таныстырған еді. Департамент өкілінің хабарлауынша, Алматы қаласының тұрғындары биыл жиірек шаңырақ құра бастаған.

Спикер жалпы азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) ісі туралы айта келе, Алматыда отбасын құру мәселесі оң жағына ойысқанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, 2022 жылдың 8 айында қалада 84 507 азаматтық хал актісі тіркелген.

Бұл тізімде 48 200 туу және 12 326 өлім актісі бар. Сонымен қатар сегіз айда 19 367 неке туралы актісі тіркелсе, салыстыру үшін айтатын болсақ, 2021 жылы дәл осы кезеңде 16 952 адам шаңырақ көтерген. Бірақ ажырасу азаймай отыр, жыл басынан бері 2608 акт некені бұзуға (2021 жылы – 1870), 2006 жазба тегін, атын, әкесінің атын өзгерту, тегін ауыстыруға қатысты болған.

Сол сияқты Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары азаматтық хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді оң­тай­ландыру мақсатында «Неке (ер­лі-­зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне түзетулер енгізілгенін хабарлады.

Ендігі жерде некені тіркеу мерзімі қысқарды. Бұдан былай некеге тұру туралы өтініш берілген келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін 15-ші күні некені заңдастыруға болады. Ал бұрын 30 күн күту қажет болатын.

Баспасөз брифингінде ажырасудың негізгі себептері мен қыз тегін қалдыру үрдісі туралы да баяндалды. АХАТ қызметкерлері алматылықтардың күйеуінің тегін неге алмайтынын, қыз­дың атын таңдап, жаңа туған нәресте­лердің сирек кездесетін есімдері мен ажырасу себептеріне тоқталды.

Алматы қалалық Түрксіб ауданы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанна Дүйсембаева: «Мысалы, 2021 жылы Түрксіб ауданында 370 ажырасу тіркелді, бұл тек ортақ балалары жоқ және өзара келісім бойынша АХАТ органдарына өтініш берген азаматтарды ғана есепке алады. Біздің қызметкерлер отбасыларды сақтау қалу үшін үлкен жұмыс жүргізеді. Мысалы, біз 84 некені сақтап қалдық», дейді.

Әдетте АХАТ қызметкерлері, ерлі-зайыптыларға ажыраспас бұрын ойлануға уақыт береді. Алайда барлық отбасыларды сақтап қалу мүмкін емес екені түсінікті. Талдау көрсеткендей, ажырасудың негізгі себептеріне – балаларының, баспанасының болмауы, тұрақты жұмысының жоқтығы, ерлі-зайып­тылардың бірінің ішімдікке, есірткіге тәуелділігі, көзге шөп салу, татулық таба алмау жатады. Оның үстіне, ажырасулардың 70 пайызына әйелдер бастамашы болады екен.

Жанна Дүйсембаева неке тіркелген­нен кейін өз тегін қалдырғысы келетіндердің мәселесіне түсініктеме бере отырып: «Қазір мұндай үрдіс ұлттық дәстүрлердің жаңғыруына байланысты өсті. Мұсылмандық жолын ұстанған қыздар некеге тұрған кезде өздерінің тектерін қалдырады. Өйткені жұбайының тегі үлкен аталарымен аталады да әйелі жұбайының тегін айтқан кезде қайын атасының атын айтады, бұл мұсылман дәстүріне сәйкес емес», дейді.

Сөз соңында Жанна Дүйсембаева 2022 жылы неке жасының төмендеу жағдайларының саны төмендегенін атап өтті. Бүгінгі таңда некелескендердің жас­тары ересек болғанымен, ажырасатын ерлі-зайыптылардың жасы әртүрлі болып отыр.

Сонымен «Неке және отбасы туралы» заңда не өзгерді? Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина азаматтарға ыңғайлы болу үшін азамат­тық хал актілерін тіркеудің, қайталама куәлік берудің барлық түрлеріне экстерриториялық қағидат енгізілгенін атады.

Түсінікті тілмен айтқанда, азаматтар қай өңірде туғанына қарамастан туу туралы қайталама куәлікті алу қажет болған жағдайда, туу туралы қайталама куәлікті ол қалауы бойынша кез келген тіркеуші органнан ала алады. Сонымен қатар ата-аналардың таңдауымен баланың тууын тіркеу проактивті тәсілмен, SMS хабарламалар арқылы көрсетіледі.

«Анасының жеке басын куәлан­дыратын құжаттары болмаған жағдай­да баланың тууын тіркеу және туу туралы куәлік беру мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, балалардың туғаннан бас­тап азаматтығы жоқ болу мәселесі шешілуде»,  дейді спикер. Сондай-ақ Зәуреш Сатхожина өзгерістер қос есім мен әкесінің атын сызықша арқылы беруді қарастыратынын айтты. Мәселен, әкесінің аты Әли-Асқар болса, тегі Әли-Асқарұлына деп берілуі мүмкін.

Сол сияқты куәліктері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде берілген балалардың тууын тіркеу үшін құжаттар тізбесі кеңейтілді. Мысалы, егер бала Өзбекстанда туылса және туу туралы куәлік туған жері бойынша берілсе, жаңа түзетулерге сәйкес ата-аналар баланың нақты туған жерін көрсете отырып, кез келген тіркеуші органда қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті ала алады.

Бұл новелла ата-аналарға мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезекке қою, медициналық ұйымдарға бекіту, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, борыш жүктемесін азайту сынды мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алуға мүмкіндік береді.

Азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері автоматтандыруға байланысты алынып тасталғанын да айта кеткен жөн. Мысалы, 2 анықтаманың орнына: бала асырап алу туралы куәлік немесе әке болу және туу туралы куәлік, тіркеуші орган баланың жеке деректері мен ата-анасы туралы мәліметтерді қамтитын бір ғана баланың туу туралы куәлігін береді.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде некені бұзуды тіркеу тәртібі де автоматтандырылды. Бұл ақпарат Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде енгізіліп, неке қию туралы жазбаға оның бұзылғаны туралы белгі қойылады.

Азаматтардың тіркеуші орган мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ала алатын құжаттарды (сот шешімі, медициналық анықтама, Қазақстан Республикасында тіркелген акт жазбалары туралы мәліметтер және т.б.) ұсыну қажеттілігі жойылды.

Жоғарыда аталған барлық жаңалық­тар мен өзгерістер азаматтардың уақыты мен қаржылық шығындарын қысқартуға, сондай-ақ мемлекеттік қыз­меттерді көрсету үдерісін цифрландыруға мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ