Облыс кәсіпкерлер палатасы өрт аумағында зардап шеккен кәсіпкерлерге консультациялар өткізіп, кәсіпорындардың шығынын апат орнына барып бағалап, паспорт дайындап жатыр. Сондай-ақ бизнестен түскен көмекті жинап, бизнеске табыстау үстінде.
Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың мәліметінше, қазір бүлінген бизнес нысандарының саны – 18. Оның ішінде Әулиекөл ауданында – 17 нысан, Қарасу ауданында 1 нысан бүлінген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жабдықтарынан 1 комбайн мен 1 трактор жанып кеткен.
Бұл ретте 12 кәсіпкердің мүлкіне келген залал сомасы 200 млн теңгеден асатыны анықталған. Ал 6 нысан залал сомасын әлі анықтап жатыр. Дәмхана, техникалық қызмет көрсету стансасы, сауда және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сияқты шағын бизнес өкілдері зардап шегіп отыр.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың алғашқы сағаттарында жедел штаб құрылған болатын. Онда зардап шеккен кәсіпкерлер, сондай-ақ елдегі бизнес өкілдерінің Қостанай облысына жіберетін көмегіне қатысты ақпарат жиналады.
– Өңірлік кеңес мүшелерімен бірге Әулиекөл ауданына зардап шеккендерге арналған азық-түлік, киім-кешек және басқа да гуманитарлық көмекпен екі рет бардым. Сондай-ақ біз қаржы мекемелерінің басшыларымен қарыздарды есептен шығару мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Банктер қаржы мекемелерінің атына жазылған тиісті хаттарды қарау үстінде. Мүлігіне залал келген бизнес субъектілері анықталды, кері байланыс орнатылды, мүлікті тексеру актісі әзірленді. Нысандарды фото және видеоға түсіріп, ресми түрде тіркеу жүруде. Өрттен зардап шеккендердің толық тізімін, соның ішінде залал сомасы мен несиелік берешекті анықтау үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалу жалғасып жатыр, – дейді Д.Күзенбаев.
Қазақстандық кәсіпкерлер өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін шамамен 200 млн теңге (Kostanay Music Fest – 50 млн теңге, «Агромашхолдинг КЗ» ЖШС Allur зауытымен бірлесіп – 100 млн теңге), сондай-ақ 56 млн теңгеге гуманитарлық көмек жинады. Қостанай халқын Қазақстанның әр түкпіріндегі өңірлік кәсіпкерлер палаталары белсенді қолдап отыр.
6 қыркүйекте Шығыс Қазақстан өңірлік кәсіпкерлер палатасынан көмек жолданды. Сондай-ақ Түркістан облысынан 3 жүк көлігі, мектеп формасының жаңа жиынтықтары бар 2 жүк көлігі, Ақмола кәсіпкерлер палатасынан азық-түлік келген. Кеше гуманитарлық көмек тиелген фуралар Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шымкент, Нұр-Сұлтан өңірлік палаталарынан жолға шықты.