• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Қыркүйек, 2022

Қырман қызып тұр

624 рет
көрсетілді

Биыл елімізде қалып­тасқан қолайлы жағдайларға байланысты егін жинау жұмыстары уақтылы басталды. Бүгінде ел бойынша жалпы 9,2 млн гектар алқапта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Сөйтіп, қазірдің өзінде жоспардағы жұмыстардың орындалуы, яғни жиналған жер көлемі бел ортадан асып, 57,8%-ды құрап отыр.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің берген мәліме­тіне қарағанда, әр гектардың орташа өнімділігі 12 центнерден айналуда. Бүгінге дейін жалпы жиыны 11,2 млн тонна астық бастырылған. Жаппай егін жинау жұ­мыс­тары республиканың барлық өңірінде қарқын алды.

«Үстіміздегі жылы ауыл ша­руа­шы­лығы дақылдарын жинаудың жалпы алаңы 23,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16,1 млн гектар жерге би­дай өнімдері егіл­ген. Биылғы егіс нау­қаны са­палы тұқымдарды қолдана оты­рып, оңтайлы мерзімде жүр­гізілуде. Фер­мерлер уақы­тында тыңайтқыштар енгізіп, арамшөптер мен ауруларға қарсы дақылдарды химиялық өңдеуді уақ­тылы жүргізді. Бұл өз  кезегінде дақыл­дардың жағдайына оң әсер етті. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 73,4 мың трактор тіркемесі әзірленген», дейді бұл жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасын іске асыру аясында жаппай егін жинау жұмыстарын бастау үшін «Жасыл даму»  АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылық техникасын жеңілдікпен несиелендіру тетігі әзірленген. Жеңілдікті лизингке шамамен 40 млрд теңге бағытталып отыр.

2022 жылғы 5 тамыздан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ барлық филиалдарында осы бағдарлама­лар­ға қатысуға өтінім­дер қабыл­дау жүзеге асырылуда. Бүгінде 44,7 млрд теңге сомасына 874 өті­нім қабылдады. Бұл ретте қаржы­лық лизинг шарты 345 өтінім бойын­ша 18,4 млрд теңге сомасына жасал­ды. 11,9 млрд теңге сомаға 160 өтінім мақұлданды.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауылшаруа­шылық тауар өндірушілерге 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда біршама артық көрсеткіш. Облыстар әкімдіктері қосымша 27 мың тонна дизель отынын бөлуді сұраған еді.  Бұл өтініштер қанағаттандырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, облыстарда осы жұмысты жүзеге асыратын операторларды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін әзірлеген еді. Дизель отынын жеткізу жұмыстары қазір осы кесте бойынша іске асырылуда.

«Біз аталған мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдармен жиі хабарласып отырамыз. Олардың хабарлауынша, шілде және тамыз айларына бөлінген жанармай көлемдерін өңірлер толығымен алуға қол жеткізді. Қазіргі уақытта облыс операторлары дизель отынының қыркүйек айындағы көлемі үшін шарттар жасасу, төлеу және жөнелту рәсімдерін жүргізуде. Мұнай өңдеу зауыттарынан босатылатын дизель отынының бағасы тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге құрайды. Операторлардың шығындарын ескере отырып, фермерлер үшін республика бойынша орташа баға литріне 203 теңге деп белгіленген. Бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан. Сондай-ақ ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде, жеңілдетілген дизель отынын егін жинау жұмыстарына уақытылы жеткізу мәселелерін шешу үшін Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі жанар-жағармай нарығын қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды. Жалпы,  дизель отынын жеткізу жоспарлы режімде жүзеге асырылуда», дейді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары аталған мәселе жөнінде.

Әрине, егін жинау жұмыс­тары­ның тек астық орумен шектел­мейтіні белгілі. Оны ұшырып кеп­тіру, сақтау секілді қарба­ласы мол шаруалар да науқан тұсын­да қабаттаса жүріп жатады. Шаруалар міне, осы істің бәріне тап-тұйнақтай әзір тұруға тиіс.  Ауыл шаруашылығы министрлігі науқанға дайындық барысында осы кешенді мәселелерді қабат күйін­де ойластырған. Қазіргі күні жаңа өнімді қабылдауға элеваторларды дайындауға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Мәселен, Әбілхайыр Тамабектің мәліметінше, респуб­ликада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29,1 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,6 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,5 млн тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жаңа егінді сақтау үшін жеткілікті.

«Өңір әкімдіктерінің деректері бойынша, дәнді дақылдардың жалпы түсімінің болжамды көлемі 18,3 млн тонна, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан астам деңгейде болады деп күтіліп отыр. Бұдан басқа, республикада 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып,  жалпы астық  жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажетті­лігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ экспортқа астықтың белгілі бір көлемін өткізу және тиісінше дәстүрлі нарықтарымызда сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті», дейді вице-министр Ә.Тамабек.

Вице-министр сондай-ақ егін жинау науқанын табысты өткізудің негізгі мәселесі – фермерлерді қар­жы-қаражатпен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын қаржыландыру сомасы 140 млрд теңгені құрады. «Кең дала» бағдарламасы аясында 111,2 млрд теңге сомасына 3,7 мыңнан астам өтінім қаржы­лан­дырылды. Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы ауыл ша­руашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның нәтижесінде 80 млрд теңгеге 1,137 млн тонна астық жеткізу көлемі бойынша келісімшарт жасалды», дейді ол қолында бар жаңа деректерді алға тарта отырып.

Жуықта Қостанай облысын­да болған орасан зор өрт апаты қоғамымызды дүр сілкін­дір­гені белгілі. Бұл өрттің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­ші шаруалар мен диқандар егіс­тіктеріне зардабы тиген жоқ па екен? Осыны білгенді де жөн көрдік. Өйткені Қостанай еліміздегі ең астықты өңірлердің бірі екені белгілі. Жиын-терім науқанының барысын тұрақты бақылауында ұстап отырған министрліктегілер бұл жайында не дейді?

Осы сауалға байланысты Қостанай облысында ауыл шаруа­шы­лығында пайдаланылатын жер өрттен зардап шекпегенін білдік. Бізге бұл туралы АШМ егін шаруа­шылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов айтып берді. Ол Қостанай облысы әкімдігінің өздеріне берген ресми ақпараты бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі зардап шекпегенін мәлімдеді.

«Атап айтқанда, өрттен ең көп зардап шеккен Қарасу және Әулиекөл аудандары бойынша бұл табиғат апаты кезінде ауыл шаруашылығы алқаптары зардап шеккен жоқ. Онда қазір Төтенше жағдайлар министрі бастаған комиссия жұмыс істеу үстінде. Келтірілген залал мөлшері анықталған жағдайда, мәселе ТЖ туралы заң шеңберінде шешіледі. Қостанай облысында егін жинау алаңы шамамен 4 млн гектарды құрайды. Одан алынатын өнімнің болжамды көлемі 4 млн тонна деңгейінде. Егістіктің аз ғана көлемі жойылса да, бұл жал­пы азық-түлік қауіпсіздігі жағ­дайына және басқа да салдарға әкеп соқтырмас еді», дейді ол бұл жайын­да берген түсіндірмесінде.