Қазақстан Президентінің 1 қыркүйектегі Жолдауына куә болдық. Осы жылдың наурыз айындағы Жолдауда айтылған басым бағыттар жүзеге асырылды деп айтуға болады. Оның бірі – Конституцияға енгізілген өзгерістердің жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы. Ал ең маңыздысы – өзгерістер мен толықтырулардың халық тарапынан қолдау тапқаны.
Беларусь халқы да биыл осындай саяси науқанды еңсерді. Ел Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондықтан біз мұндай саяси реформаның мәні мен маңызын, жауапкершілігі мен жүгін жақсы түсініп отырмыз. Қазақстан Президентінің кезекті Жолдауы осы кезеңнің жалғасы іспеттес. Біз Жолдаудың ауқымын көріп отырмыз, бір ғана әлеуметтік-экономикалық саланың халық игілігіне бағытталған қаншама мәселесін қамтыды. Бизнес саласын дамытуда ұлттық мүддемен балансы қарастырылған. Жастардан бастап, әрбір топтың әлеуметтік жағдайы, билік пен кәсіпкерліктің арасындағы байланыстың тиімділігі, экономиканы дамытуда салық кодексін қайта қарау, инвестиция тартудағы мәселелер – барлығы толықтай ел игілігіне орайластырылған.
Қазақстан мен Беларусь арасында көптеген ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Жолдауда айтылған басымдықтар екі ел арасындағы байланысты одан әрі кеңейтіп, ынтымақтастықты нығайта түспек. Денсаулық сақтау, білім саласындағы іс-шаралар тек республика көлемінде емес, ауылдық жерлерде де іске асады деп жоспарлап отырмыз. Бұл да ынтымақтастығымызды одан әрі арттыруға тың серпін береріне сенімдімін.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Павел УТЮПИН,
Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі