Бокстан әйелдер арасында Польшаның Гливице қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің үшінші күні бес былғары қолғап шеберіміз жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантты.
Атап айтсақ, Назым Қызайбай (50 кило) финляндиялық Пихла Кайво-Ожаны ойсырата ұтты. Мадина Нұршаева (66 кило) литвалық Аустея Аучиутеден айласын асырды. Дариға Шәкімова (66 кило) норвегиялық Меделина Ангелсенді еш қиналмай жеңді. Алуа Балқыбекова (48 кило) сербиялық Снежана Силкоичқа сан соқтырса, Сәния Сұлтанқызы (57 кило) чехиялық Катерина Каваждованы қапы қалдырды. Өкінішке қарай, Айдана Забынбекова (60 кило) чехиялық Ленка Бернардоваға және Рима Волосенко (60 кило) чилилік Валентина Бустамантеге есе жіберді.
Испанияның Севилья қаласында жалауы желбіреген халықаралық турнирде қазақстандық теннисші Тимофей Скатов табысты өнер көрсетуде. Кеше ол испаниялық Хавьера Барранко Косаноны 6:2, 3:2 есебімен ұтып, ширек финалға жолдама алды. Дәл сол межеде Таиландтың Нонтхабури қаласында тайпейлік Рэй Хомен жұптасып ойнап жатқан Григорий Ломакиннің де қарқыны жаман емес. Кеше бұл жұп корт қожайындары Кредит Чайарин мен Ноппадол Нойкорадан басым түсті – 6:1, 7:6.
6-11 қазан аралығында Алматыда гандболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Осыдан төрт жыл бұрын сары құрлықтың үздіктері Алатау баурайында бас қосқан болатын. Сол жарыста «Алматының» арулары алдына жан салмай, алтыннан алқа таққаны есімізде. Күміс медальды Қызылорданың «Қайсары» иеленсе, «Астана» қолаға қол созды. Жерлестерімізден бөлек, бұл жарыста Өзбекстанның «Узбечка», Иранның «Ларестан» және Үндістанның «Т-Спортс» клубтары өнер көрсетті. Ал оның алдында Қызылорда мен Ташкентте ұйымдастырылған екі клубтық чемпионатта жергілікті «Қайсар» мен АГМК клубтары бас жүлдені олжалады.
Футзалдан Қазақстан чемпионатына жаңа екі команда қосылды. Олар – Шымкенттің «Ордабасысы» мен Талдықорғанның «Жастары». Осылайша, 2022/23 жылғы маусымда жоғарыда аталған қос ұжымнан бөлек, «Қайрат» (Алматы), «Аят» (Рудный), «Каспий» (Ақтау), «Атырау», «Байтерек» (Орал), «Ақтөбе», «Астана» (Нұр-Сұлтан) және «Рахмет» (Ақтөбе) клубтары чемпиондық атақ үшін таласады. Бұл жарыс 24 қыркүйекте басталып, келесі жылдың маусым айында өз мәресіне жетеді.
13 қыркүйекте Алматыда үстел теннисінен «WTT Contender Almaty» деп аталатын халықаралық турнирдің шымылдығы түріліп, 28 мемлекеттен келген 140 спортшы бақ сынайтыны жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Жүлде қоры 75 000 АҚШ долларын құрайтын дүбірлі додада Қазақстанның туы астында кімдердің өнер көрсететіні күні кеше белгілі болды. Сөйтіп, Кирилл Герасименко, Сарвиноз Мирқадырова, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Анастасия Лаврова, Зәуреш Ақашева, Ирисбек Артукметов, Әнел Бақыт (халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері), Ескендір Харки, Эрик Райтер, Владислав Захаров, Денис Жолудев, Дастан Кенжеғұлов, Бақдәулет Әкімәлі, Сағантай Құрмамбаев, Айя Әлімбаева, Анжелина Романовская, Арай Әшкеева, Алсу Сапарова, Жанерке Қошқымбаева, Александра Смирнова және Гүлчехра Хусейнова (спорт шеберлері) сынды спортшылар Алатау баурайында ел намысын қорғайды.
Дайындаған
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»