Еліміздің әр шалғайында шаруасын да дөңгелетіп, шаңырағының да берекесін келтіріп отырған әйелдер «Жер шары ханымы Қазақстан» байқауында бақ сынап көруге әрекет етіп жүр.
Осы жарыста бас жүлдені жеңіп алған табысты да сұлу әйел Mrs. Kazakhstan Globe тәжін киіп, аты дүркіреген MRS. GLOBE халықаралық байқауына ел атынан барады. 1 желтоқсаннан бері байқауға қатысуға бизнес, білім, спорт, саясат, мәдениет, қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен 25-45 жас аралығындағы келіншектер өтініш берсе, олардың арасында үйде отырғаны, азаматтық некеде тұрып жатқаны, тұрмыс тауқыметін тартқаны, ажырасқандары да бар...
MRS. Globe Kazakhstan сұлулық байқауының ұйымдастырушысы әрі франшиза иесі Жанна Мейрембаева: «Mrs. Globe халықаралық сұлулық байқауының өткізіліп келе жатқанына 26 жыл болды. Осы аралықта ол өте танымал және әйгілі конкурсқа айналды. Енді Қазақстанда жыл сайын Mrs. Globe өткізу мүмкіндігі туып отыр. Ел ханымын таңдау – әлемнің көп елінде бар дәстүр. Қазақстанда отбасына да, өз ісіне де, дамуына да уақыт табатын табысты әйелдер жеткілікті. Осы байқауда бақ сынағандар табыстың жаңа сатысына көтеріліп, бизнесте жаңа серіктестер мен инвесторлар таба алады», дейді.
Осы бастамаға орай Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Марианна Гурина: «Әйелдердің қолынан көп нәрсе келеді. Егер мемлекеттік басқаруға әйелдер көбірек тартылса, еліміз бұдан да үлкен жеңіске жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Парламенттегі әйелдер саны 30%-ға жуық. Сондықтан барлық қатысушылардың жаңа мүмкіндіктерін ашатын осындай байқаудың бар екенін сезіну қуантады», дейді.
Сонымен байқауға қатысуға үміт білдірген 300 әйелдің ішінен 22 конкурсант іріктеуден өтті. MRS. Globe Kazakhstan байқауының ақтық сыны 8 қазанда Алматыда өтеді. Сонымен аталған жобаның дайындық кезеңі 4 айға созылып, финалистер талай шеберлік сыныптары мен тренингтерден өтті. Шешендік өнерді үйренді, камера алдында сөйлеп, сахнаға шығуға дағдыланды. Жұлдызды спикерлермен бірге жеке бренд құрып, әлеуметтік желілерде өздерін әдемі көрсетуге бейімделді. Сән мінберінде жүру, йога және этикет сабақтарынан өтті. Қаржы сарапшыларымен бірге мақсат қоюды үйренді. Үздік стилистер, визажистер мен мейкап-мамандар тобы байқауға қатысушыларды фотосессиялар мен түсірілімдерге дайындады.
Қорыта айтқанда, MRS. Globe Kazakhstan байқауы отбасылық құндылықтарды дәріптеуді, ұлттық мәдени мұраларды сақтау мен насихаттауды, елдің ішкі және сыртқы туризмін дамыту мен ілгерілетуді де көздейді.
АЛМАТЫ