Бұл күндері Ақтауда футзалдан Қазақстан кубогы өтіп жатыр. «А» және «В» тобындағы алғашқы ойындар «Халық Аренаға» жиналған көрермендердің көңілінен шықты.
«Рахмет» пен «Астана» арасындағы бәсекеде алғашқы екі голды Артем Аншаков пен Ахмет Борханов соғып, елордалықтарды алға шығарған еді. Алайда дамылсыз шабуылдаған ақтөбеліктер үзіліске дейін таразы басын теңестірсе, екінші кезеңде нысананы тағы екі рет дәл көздеді. Оған «Астана» бір голмен ғана жауап қайтара алды. Есеп – 4:3. Бұл матчта Әлішер Сәрсенбаев екі рет мергендік танытты. Рудныйдың «Аяты» Оралдың «Бәйтерегін» ұтты – 3:2.
Алматының «Қайраты» жергілікті «Каспийдің» тас-талқанын шығарды – 9:0. Бәсеке барысында Фернандиньо покер авторы атанса, Альберт Ақбалықов екі мәрте допты торда тулатты. Рафаэл Вилела, Дәурен Тұрсағұлов және Дуглас қарсы жақ қақпашысын бір-бір реттен мазалады. Ал «Ақтөбе» «Атыраудан» 4:1 есебімен айласын асырды.